Аймақтар • 22 Ақпан, 2022

«Көрсетілді» деп жазылып, көрсетілмеген ем-дом да бар

373 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір елімізде соңғы екі жылда әрекет етіп тұрған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бәсеке туғызып отырған басқа жүйе жоқ болғандықтан, оның жұмысын жолға қойып, кедергілері мен кемшіліктерін жоюға әрбіріміз мүдделі болып отырған жайымыз бар. МӘМС мегаполисте қалай жұмыс істеп жатыр? Бұл сауалға баспасөз мәслихатында Алматы қалалық Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев жауап берді.

«Көрсетілді» деп жазылып, көрсетілмеген ем-дом да бар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

ӘМСҚ Алматы филиалының директоры 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша жүргізілген қымбат тұратын талдаулар, диаг­­­нос­тика және операциялар саны айтарлықтай өскенін, МӘМС енгізілгенге дейін мұн­дай медициналық қызметтер қымбат болып келгенін, енді бұл медициналық сақтандыру есебінен қолжетімді екенін алға тартып отыр. Біз де өз тарапымыздан бү­гін­гі таңда Алматыда озық тех­но­ло­гияларға сүйенген, бұрын жа­­салмаған операциялар жасала бас­тағанын нақты мысалдармен дәйектей аламыз.

– Қазақстанда міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосыл­ғанына 2 жыл өтті. Жаңа жүйенің жұмысына қатысты айтылып жүр­ген сын пікірлер баршылық. Де­генмен осы аз ғана уақыт ішін­де сақтандыру жүйесі өзі­нің тиімділігін дәлелдеді. Сақ­тандырылған азаматтар бұрын ақылы негізде ғана көрсетілген медициналық қызмет түрлерін кедергісіз пайдаланып бас­тады. Қазіргі таңда жоспарлы түрде көрсетілетін медициналық көмек ақысы толығымен дерлік МӘМС арқылы төленіп жатыр. Оған өткен жылы халыққа көрсетілген қызмет көлемі дәлел бола алады, – дейді Т.Әбілдаев.

Былтыр ӘМСҚ Алматы тұр­­ғын­дарына сақтандыру па­кеті шеңберінде 93 млрд теңге төле­ген. Шығынның басым бөлігі, яғни 48,6 млрд теңгеден астамы стационарлық медициналық көмекке, 3,9 млрд теңге күндізгі стационар қызметіне жұмсалған. Өткен жылдың қоры­тындысы бағасы қымбат болып келетін анализдер, диагностика мен операция түрлерін халықтың сақтандыру есебінен қажетінше пайдаланып жатқанын көрсетті.

Мысалы, консультативтік-диаг­нос­тикалық қызметтерге 14,5 млрд теңге төленген. Консуль­тативтік-диагностикалық қыз­мет­тер ішінде, әсіресе КТ мен МРТ-ға деген сұ­раныс жоғары. Бір жылда Алматы қа­ласында жалпы сомасы 848,1 млн теңгені құрайтын 70 мыңнан астам КТ жасалса, қор 50 мыңнан астам МРТ қызметіне 681,8 млн теңге төлеген. Сонымен қатар онко­логиялық науқастарды ны­са­налы түрде тексеруге арнал­ған 6 мыңнан астам ПЭТ-диагнос­тикаға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Сақтандыру қаражатына қар­қынды түрде көрсетіліп жатқан қыз­меттің бірі – медициналық оңал­ту қызметі десек, былтыр бұл мақ­сатқа 6,2 млрд теңге бөлініп, оның 222,4 млн теңгесі постковидтік реа­билитацияға жұмсалған.

 ЭКО жасату да МӘМС жүйесіне кіреді

ЭКО жасату да МӘМС жүйе­сіне кіреді. Алматыда меди­ци­налық сақтандыру есебінен был­тырдан бері балалы болуға ұмтылған жан­дарға 3 687 ЭКО жасалған. Мысалы, 2020 жылы Алматыда жалпы құны 563 млн теңге болатын 643 ЭКО про­­це­дурасы жасалған болса, 2021 жылы аталған қызмет саны 5,7 есе артқан. Өткен жы­лы 3 687 экстракорпоральды ұрық­тан­дыру жасалып, оған 3,5 млрд теңге жұмсалды. Тағы бір мысал, 2020 жылы жоғары тех­нологиялардың көмегімен 184 кардиохирургиялық операция жасалса, 2021 жылы аталған қыз­мет көлемі 7 есе артып, 1 329 ота жа­сал­ған. Оған қор 5,7 млрд тең­ге төледі. Жалпы, Қор 2021 жы­лы жо­ғары технологиялардың көме­гімен жасалатын операциялар мен ма­нипуляцияларға 14,9 млрд теңге аударды.

 Тегін медициналық көмек пакеті мен дәрі-дәрмек

Ал тегін дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету мәселесіне келсек, ақысыз медициналық көмек пакеті бойынша 35 сырқат түріне дәрі-дәрмек беріледі. Ал МӘМС пакетінде ересектерге 41 нозология, балаларға 63 нозология бойынша дәрі беріледі. Атап айтқанда, қан айналымы жүйе­сі, ас қорыту органдары, қан аурулары, эндокриндік жүйе, зат алмасу, онкологиялық ісіктер, жүйке жүйесі аурулары мен бірқатар жұқпалы және паразитарлық дерттер, тыныс жолдары мен несеп жүйесі кеселіне шалдық­қандарға беріледі.

Былтыр Медициналық сақ­тан­дыру қоры осы тегін меди­циналық көмекке 82,2 млрд теңге жұмсаған. Оның ішінде, 9,8 млрд теңге жедел жәрдем және санитарлық авиация қыз­метіне, 36,8 млрд теңге – бас­тап­қы медициналық-санитар­лық кө­мек­ке, яғни емхана дең­­гейінде көрсе­тілген қыз­­­мет­­­тер­ге, 16,5 млрд теңге – он­ко­­ло­гия­лық көмекке, 2,4 млрд теңге – консультативтік-диаг­ности­ка­лық көмекке, 5,8 млрд теңге амбу­ла­торлық гемодиализге жұм­салған.

2021 жылы тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакет­тері шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 24,8 млрд теңге бөлінген болатын. Жыл соңына дейін тегін медициналық көмек пакетінде – 219 мыңнан астам пациент, МӘМС пакетінде – 26 мыңнан астам ересек пен 40 мыңнан астам бала дәрімен қамтамасыз етілді.

2022 жылға 20 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін сатып алу туралы жоспар бекітілді. Дәрілік заттар жыл басынан бері бекітілген кес­те бойынша жеткізіліп жатқаны туралы, яғни дәрі-дәрмекке қа­тыс­­ты мәліметтерді пациенттер СҚ-Фармацияның 1439 байланыс орталығынан ала алады.

Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру аясында 2022 жылы 187 медициналық ұйыммен (оның 80-і мемлекеттік) жалпы сомасы 213,2 млрд теңгеге шарт жа­сал­ғаны белгілі болды. Оның ішін­де: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде 117,7 млрд теңге және МӘМС жүйесінде – 95,4 млрд теңге. Биыл барлығы 12 медициналық ұйым қосылды.

Ұлттық экономика минис­тр­лігінің деректеріне сүйенсек, Алматы қаласының 2 024 989 тұрғынының ішінде сақтан­дырылғандардың саны қазір 81,1%-ды құрайды. Сақтанды­рылмағандардың саны – 382 940 адам немесе 18,9%. Былтыр медициналық сақтандыру қоры­нан сақтандырылған алматы­лықтардың медициналық көмегін төлеуге шамамен 93 млрд теңге жұмсалған.

«Барлық жоспарлы медици­налық көмек МӘМС жүйесі есе­­бі­нен өтеледі. Өткен жылы шығын­дардың басым бөлігі стационарлық медициналық кө­мекті төлеуге жұм­салды – 48,6 млрд теңгеден астам, тағы 3,9 млрд теңге күндізгі стацио­нар қызметтерін төлеуге бағыт­талды», деді Т.Әбілдаев.

Мәселен, консультациялық-диагностикалық көмек көрсет­ке­ні үшін медициналық ұйымдар­ға 14,5 млрд теңге төленсе, оның ішінде ең көп сұранысқа ие КТ және МРТ. Былтыр Алматыда 848,1 млн теңгеге 70 мыңнан астам КТ қызметі, шамамен 681,8 млн теңгеге 50 мыңнан астам МРТ және 1,5 млрд теңгеден астам сомаға позитронды-эмиссиялық томографияның 6 мың­нан астам қызметі көрсетілді. МӘМС жүйе­сінде көрсетілген қыз­меттер арасында оңалту жеке маңыз­ға ие. Оңалту көмегіне 6,2 млрд теңге бағытталды, оның ішін­де постковидті оңалтуға 222,4 млн теңге жұмсалған көрінеді.

 Емханаларға 1,8 млрд теңге айыппұл салынды

Өкінішке қарай, өткен жы­лы мегаполистегі медицина ұйым­­дары 1,8 млрд теңге­нің қыз­ме­тін көрсетуде түрлі кем­шілік­терге жол берген. Осылайша, Меди­ци­налық сақтандыру қоры 2021 жы­лы Алматыдағы медицина ұйым­­дары 75 мың қызметті дұ­рыс көрсет­пегенін анықтап, қала­да­ғы емдеу мекемелеріне 1,8 млрд теңге айып­пұл салынып отыр. Кем­ші­ліктің басым бөлігіне бастап­қы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген. Емханалар көрсеткен қыз­меттен 60 мың кемші­лік анық­­талып, 194,6 млн теңге қай­та­рып алынды. Сонымен қатар ақаумен көрсетілген 15 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Олар осы үшін 1,6 млрд теңге айыппұл төледі.

«Мониторинг барысында анық­талған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында бел­гіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құ­жат­­тарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсі­ру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар «көрсе­тілді» деп жазылған белгілі бір қыз­мет түрлерінің шын мәнінде көрсе­тілгенін растай алмаған клиникалар да бар», дейді Тілеухан Әбілдаев.

Еске сала кетсек, қор сарапшылары халыққа көрсетілген қызмет сапасын тұрақты бақылайды. Көрсе­тілген қызмет ақысы да жан-жақты тексеруден кейін төленеді. Қайтарып алынған қаражат меди­циналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.

 

АЛМАТЫ