Үкімет • 23 Ақпан, 2022

Кедендік әкімшілендіру жетілдіріледі

401 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру туралы мәселелер қаралды.

Кедендік әкімшілендіру жетілдіріледі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақстанда 2,4 млн адам ревакциналанды

Бірінші мәселе туралы баяндаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әлемде соңғы аптада ко­ронавирус инфекциясымен ауыр­ған адамдардың саны 20%-ға төмен­дегенін атап өтті.

 Елімізде эпидемиялық жағдай көрсет­кіштерінің оң динамикасы байқа­лады. Соңғы ай­да коронавирус инфекциясы жағ­дайларының орташа тәуліктік саны 34 есе азайды. Стационарда емделіп жат­қан адамдардың саны 2,3 есе, амбулаторияда емделушілердің саны 5,1 есе қысқарды. Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйым­дарында 30 мыңнан астам пациент, оның ішінде 86%-ы амбулаториялық дең­гей­де, 14%-ы стационарда емін жалғас­тырып жатыр.

А.Ғинияттың айтуынша, бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы бірінші компонент ересек азаматтардың 82,1%-на егілді, бұл жалпы, Қазақстан халқының 53,4%-ын құрайды. Екінші компонент 9,4 млн адамға салынды, бұл егілуге тиіс­ті халықтың 78,5%-ы және рес­пуб­ликаның жалпы халқының 50%-ы.

Қазіргі кезде негізгі профилак­тика ша­ра­ларының бірі – ревакциналау. Биыл ревакциналау деңгейінің өсуі бай­қалады. Бүгінгі күні 2,4 млн адам ревак­цинация жасатты, бұл егілуге тиісті кон­тин­генттің 52,6%-ын құрайды. «Ұжымдық иммунитеттің қазіргі деңгейін сақтау үшін ревакциналау деңгейін төмендетпеуіміз қажет», деді министр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов эпидемиялық жағ­дайға мониторинг жүргізуді одан әрі жалғастыруды тапсырды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес пен халыққа санитарлық талаптарды жеңілдету шаралары қабылданып жатыр. Соған қарамастан әкімдіктер халықты вакциналау мен ревакциналау жұмысын жалғастыруға тиіс. Өңірлерде вакцина қоры жеткілікті», деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Министрлер кабине­тінің басшысы жоспардан артта қалған өңір­лердің әкімдеріне халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарына бақы­лауды күшейтуді тапсырды.

Иесіз қалған гидротехникалық құрылыстар проблемасы

Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың су тасқыны кезеңіне да­йындық шаралары қаралды. Тө­тенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серік­қали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, сондай-ақ облыс әкімдері баяндама жасады.

2017 жылы Үкіметтің тапсырмасы бойынша 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі Жол картасы әзірленді, оның шеңберінде 41 млрд теңгеден астам сомаға 402 іс-шара іске асырылды. Өткен жылы айтылған Жол картасын орындау қорытындысы бойынша 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы жасалды. Соның аясында былтыр 37 іс-шараны жүзеге асыру аяқталды. Оларды іске асыруға 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. «Бұдан басқа, өңірлерді дамыту бағдарламалары және 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша облыстық жұмыс жоспарлары шеңберінде су тасқыны қаупі бар елді мекендерді қорғауды көздейтін 148 іс-шара іске асырылды», деді ТЖМ басшысы.

Жоғарыда аталған бағдар­ламалық құжаттарды іске асыру шең­берінде өткен жылы 51 жағалауды бекемдеу және 72 шақырымға жуық өзен арнасын тазарту, 78 шақырым қорғаныс бөгеттерін салу және ағымдағы жөндеу, 2 гидро­техникалық құрылысты салу және 6 гидротехникалық құры­лысты жөндеу, 21 км су бұру арна­сын салу және 25 шақырымын таза­лау жүргізілді, 4 жергілікті құлақ­тандыру жүйесі орнатылды.

Жалпы, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асырудың нәтижесінде 340 елді мекенді су басу қаупі жойылды және 385 елді мекенде қауіп барынша азайды. Бүгінгі күні бұрын анықталған су тасқыны қаупі бар мыңнан астам елді мекеннен 285 елді мекен үшін қауіп сақталуда. «Қазіргі уақытта ірі су қоймаларының орташа толым­дылығы 60-75%-ды құрайды. Соны­мен қатар бос көлемдер қорын сақтау қажет. Осыған байланысты әкімдіктер мен Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі су қоймаларының толу деңгейін бақылауы қажет», деді Ю.Ильин.

Оның айтуынша, иесіз қалған гид­ро­техникалық құрылыстарға қатысты мәселе бар. Егер өткен жылы олардың саны 10 болса, биыл 25-ке жетті. ТЖМ басшысы оларды ком­муналдық меншікке беру бо­­йын­ша шаралар қабылдауды ұсын­ды.

Республика аумағында 1 823 гидро­тех­никалық тірек құрылысы бар. Биылғы қаңтардағы жағдай бойынша 1 646 гидро­­техникалық құрылыс тексерілді. Олар­дың ішінен 527 объекті жөндеуді қажет ететіні анықталды. Оның 396-сы – комму­налдық меншікте. Жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстардың көбі Қарағанды облысында орналасқан. Гидро­техникалық құрылыстардың меншік иеле­ріне тасқын суды қауіпсіз өткізу және қажетті инертті материалдар мен техниканы даярлау үшін тиісті іс-шараларды жүргізу туралы ұсынымдар жіберілді. Су басу қаупін жою мақсатында министрлік 41 апаттық су қоймасын және гид­ротех­никалық құрылыстарды қай­та жаңғыртуды қолға алған. 2017-2021 жылдары 16 объект қал­пы­на кел­тірілді. Нәтижесінде, 120 мың­нан астам халқы бар 16 ауыл­дық елді мекенде су басу қаупі жойылды.

ИИДМ басшысы Қайырбек Өс­кенбаев баяндағандай, су тасқыны қаупінің дер кезінде алдын алу және жою мақсатында министрлік автомобиль және темір жолдарды су тасқыны кезеңіне даярлау бо­йынша жұмыстар жүргізуде. «Бүгінгі таңда республикалық автожолдардың ұзындығы 25 мың км құрайды, онда 1 313 көпір және 15 310 су өткізу құбыры бар. Оның ішінде 278 қауіпті учаске, 84 көпір және 883 су өткізу құбыры бақы­лау­ға алынды, оларда 700-ден астам жол-пай­далану техникасы бекітілген. Авто­жолдарды даярлау шеңберінде су тас­­қынына қарсы іс-шаралар жоспары бе­кі­тіл­ді және орталық және өңірлік деңгей­лерде ко­миссиялар құрылды», деді Қ.Өс­кенбаев.

Кедендік функцияларды орталықтандыру жұмысы аяқталды

Үкімет отырысында кедендік әкімші­лендіруді жетілдіру мәселесі қаралды. Бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдау туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады. Ол әкімшілендіру процестерді түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беретін мәселелерге тоқталды.

Министрдің айтуынша, тауарларды импорттау кезінде декла­рацияны дұ­рыс бермеу – үл­кен мәселе. Айталық, Қазақ­стан мен Қытай арасындағы кедендік ста­тистика деректерінің алшақтығы 5,7 млрд долларды құрайды. «Әлемдік тәжірибеде сыртқы сауда статистикасындағы айыр­ма­шы­лықтар көптеген елдерге тән екенін атап өту қажет», дейді Е.Жамаубаев.

Оның айтуынша жоғарыда атал­ған 5,7 млрд доллар алшақтықтың құрылымы мынадай: оның 0,3 млрд-ы – әдіснамалық аспектілерге байланысты, 2,6 млрд доллары Қазақстан Республикасы арқылы Қытай Халық Республикасы тауар­лары­ның транзиті бойынша, 2,8 млрд доллары – дұрыс емес декларациялауға келеді. Негізгі сауда топтары: киім, аяқ киім, ойыншықтар. Жалпы, 2,8 млрд доллар дұрыс декларацияламау кезіндегі рес­публикалық бюджеттің болжамды шы­ғындары 150 млрд теңгеге бағаланады.

Екінші мәселе, Қытай Халық Рес­пуб­ли­касымен шекарада әкімші­лендіруді күшейтуге байланысты Қытайдан Қыр­ғыз­­станға тауарлар импортының ағылуы бай­қалады. Осы жылдың басынан бас­тап Қырғызстанға Қытай импор­ты­ның 5 есеге өсуі, Қырғызстаннан Қазақ­стан­ға импорттың 2,5 есеге өсуі тір­келді. Бұдан басқа, қазір Қытай Халық Рес­пуб­ликасымен шекарада 900-ге жуық авто­көлік, ал уақытша сақтау қойма­ларында 1 200-ге жуық автокөлік әкімші­лендіруді жеңілдетуді күтуде. Жыл басынан бері шекара маңындағы бекеттер бо­йынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі – 23%-ға, ал көлемі 26%-ға азайған.

Сондай-ақ министр жалған элек­трон­дық шот-фактураларды жазып беру мәселесіне тоқталып, мұндай 8 мыңнан астам компания анықталғанын, олардың айналым сомасы 6 трлн теңгеден асқанын айтты.

Қазіргі таңда туындаған мәселелерді шешуге байланысты жедел іс-шаралар қабылдануда. Осы жылдан бастап тауар­ларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функция­ларды орталықтандыру толығымен аяқ­талды. «Мемлекеттік кірістер комитеті жа­­нынан «Электрондық декларациялау орта­лығы» мен «Ахуалдық орталық» құ­рыл­ды. Бұл барлық техникалық құрал­дар қосылған өткізу бекеттеріндегі жедел жағ­дайдың мониторингін жүзеге асыруға және бақылау шаралары бойынша орталық­тан­дырылған шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Аталған орталықтардың жұмысы басталғаннан бері 28 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, бюджетке қосымша 23 млрд теңге өндірілді», деді Е.Жамаубаев.

5 мыңнан астам тауар позициясы бо­йынша құндық индикаторлар өзек­тендірілді, оның ішінде 767-сі Еуразиялық эконо­­микалық одақ деңгейінде бірізден­дірілген. Осы тізбені кеңейту бойынша жұмыс жалғасады. Қытайдан халық тұтынатын тауарларды әкелу бойынша мем­лекет тарапынан оператор болып KTZ Express айқындалды. Сондай-ақ бұл компания «Нұр Жолы» өткізу пунк­тінің ішінде та­уарларды тасымалдауды ұйым­дастырушы болады. «Бұл басқа импорт­таушылар үшін өзіндік бенчмарк ретінде қызмет етеді. Бұл ретте адал бәсе­келестік сақталады және нарық­ты моно­полияландыруға жол беріл­мейді. Тең нарықтық жағдайларды және дұрыс декла­рациялауды қамтамасыз ету мақ­сатында тұрақты негізде ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстары және сырт­қы эко­номикалық қызметке қаты­су­шы­лармен кездесулер өткізіледі. Уәкі­летті эконо­микалық операторлар мен Қытай Халық Рес­публикасынан басқа да ірі импорт­­тау­шыларға қатысты тексерулер аяқ­талуда. Соңында тиісті шаралар қабыл­данатын болады», деді Қаржы министрі.

Экономикалық қауіпсіздікті қорғау мақсатында Қырғыз Республикасынан тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын субъектілерге қатысты тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы ішінара салықтық тексерулер жүргізіледі. Тексеру нәти­желері бойынша заң бұзушылықтар 90%-дан астам жағдайды растауда. Жыл басынан бері 538 автокөлік құралы тексерілді, оның 506-сы бойынша мәлімделмеген қытай тауары анықталды. «Жақында Алматы қаласында Қырғызстан мен Ре­сей­ден келген әріптестерімізбен кездесуде электрондық шот-фак­туралар мен тауар­ларға ілеспе жүкқұжаттар алмасу арқылы бақы­лау жүргізу туралы келісімге қол жет­кізілді. Осылайша, ағымдағы жыл­дың басында Қытай Халық Респуб­ликасымен шекарада туын­даған мәселелер жоспарлы түрде шешіледі», деді министр.

Кедендік әкімшілендіруді цифрлан­дыруға сәйкес АСТАНА-1 және Э-терезе ақпараттық жүйе­лерін жетілдіру бо­йынша жұмыс жүр­гізілуде. «Бүгінгі күні кеден­дік декларациялардың 100%-ы қа­шықтан тапсырылады. 4 млн-нан астам кедендік декларация шығарылды, оның 82%-ы 1 минут ішінде автоматты түрде өткізілген. Құжаттарды беру уақыты екі есеге қысқартылды. Енді кедендік тазарту кезінде оларды қашықтан алуға болады», деді Е.Жамаубаев.

Мәселені қорытындылаған Үкі­мет басшысы Қытаймен арадағы кедендік ста­тистика деректерінің алшақтығы соңғы 4 жылда 20%-ға қысқарғанын атап өтті. Бүгінде Қаржы министрлігі 5 мыңнан астам тауар позициясының құндық индикаторларын қайта қарады.

Премьер-Министр Ә.Смайылов уәкілетті экономикалық опе­ра­торлардың қызметіне қойылатын талаптарды заң жүзінде күшейту мәселесін қарауды тапсырады. Пандемияға байланысты шектеулер салдарынан Қазақстан – Қы­тай шека­расында көліктер тұрып қалған. Уақытша жабық тұрған өткізу пункт­тері­нің жұмысын қалпына келтіру мақ­сатында Қытай тарапымен биылғы 15 ақпан­нан бастап жұмыс істеп тұрған «Нұр Жолы», «Бақты» және «Достық» өткізу пункт­терінен бөлек, «Майқапшағай» өт­кізу пунктінің жұмысын қалпына келтіру туралы келісімге қол жеткізілді.

Бүгінде елімізде кедендік әкім­ші­лен­діруді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргі­зілуде. Қабылданып жатқан шара­лар кедендік әкімшілендіру про­цесін оңтайландыруға, кедендік рәсім­дер кезінде бизнесті жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардың толық төленуін қамтамасыз етеді.

Ә.Смайылов «Астана-1» және «Бірың­ғай терезе» ақпараттық жүйелерінің сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі таңда осы жүйеде 5 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген.