Нұрлан Әбдіров 2021 жылғы 29 желтоқсанда ОСК Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Наурызұлы Қылышбаевтың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соқтыратын негіздің пайда болуы туралы қаулы қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 69 және 83-баптарына сәйкес Сенат депутаттарын шығып қалғандардың орнына сайлауды олардың мерзімінен бұрын тоқтатылған сәтінен бастап екі айдан кешіктірмей Орталық сайлау комиссиясы тағайындауға тиіс екенін айтты. Жоғарыда айтылғандар негізінде ОСК шешімімен шығып қалған депутаттың орнына Алматы облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау 2022 жылғы 22 сәуірге тағайындалды.
Отырыста ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол Конституцияға сәйкес отыз жасқа толған және соңғы он жылда ел аумағында және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алатынын атап өтті. Сонымен қатар кандидаттың жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі және белсенді сайлау құқығына ие болуы керек. Сондай-ақ отырыста Алматы облысынан шығып қалған депутаттың орнына 2022 жылғы 22 сәуірге тағайындалған Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Бұл жоспарға сәйкес сайлау науқанының келесі кезеңдері анықталды:
Кандидаттарды ұсыну – осы жылғы 23 ақпаннан бастап 22 наурыз сағат 18-ге дейін (сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады). Сенат депутаттығына кандидатты ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады. Кандидатты облыстың барлық мәслихаты атынан өкілдік ететін таңдаушылардың жалпы санының кемінде он пайызы, бірақ бір мәслихаттан таңдаушылар дауысының жиырма бес пайызынан аспайтын дауыс қолдауға тиіс.
Тіркеу – осы жылғы 1 сәуір сағат 18.00-ге дейін (барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады). Сенат депутаттығына кандидатты тіркеуді облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидат етіп ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші (немесе өзін өзі ұсынған жағдайда азаматтың депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініші); тиісті сайлау комиссиясының кандидатты қолдап қойған таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырғаны туралы анықтамасы; кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын 900 000 теңге сомасында құжат болған жағдайда жүзеге асырылады.
Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат Сенат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындысы бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан таңдаушылар даусының кемінде бес пайызын алған жағдайда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған барлық жағдайда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.
Сайлау алдындағы үгіт 1 сәуір сағат 18.00-ден 21 сәуір сағат 00.00-ге дейін (кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады). Тыныштық күні –. 21 сәуір, ал дауыс беру күні – 22 сәуір.
Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутатының сайлауында дауыстарды санау нәтижелері дауыс беруге арналған пунктте өткізілетін Алматы облыстық сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді. Сенат депутатын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен, яғни биылғы 28 сәуірден кешіктірмей белгілейді және сайлау қорытындысы туралы БАҚ-та хабар жариялайды.