Спорт • 23 Ақпан, 2022

«Атаман» Америкада айқасады

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

6 наурызда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында аралас жекпе-жектен UFC 272 турнирі өтеді. Бұл жарыста Қазақстанның тумасы Рафаэль Физиев те (Атаман) өнер көрсетеді. Қазіргі кезде Әзербайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген ол осы ұйым­ның бұрынғы чемпионы бра­зилиялық Рафаэль Дос Аньоспен күш сынасады.

«Атаман» Америкада айқасады

37 жастағы Рио-де-Жанейро штатына қарасты Нитерой қаласының тума­сы тай-боксы мен джиу-джитсуды жақсы меңгерген. Дос Аньостің аралас жекпе-жектен түрлі жарыстарға түсіп жүргеніне 20 жылғы жуықтап қалды. Сол аралықта Рафаэль 43 кездесу өткізіп, 30 рет жеңіске жетті. Сол бәсекелерінің тең жартысын мерзімінен бұрын аяқтады. 2015 жылдың көктемінде Энтони Петтисті ұтып, жеңіл салмақта чемпиондық белбеуді иеленді. Сол жылдың соңында Дональд Сьерроне ұрып жығып, өз атағын қорғап қалды. Бірақ көп ұзамай Эдди Альвареске есе жіберіп, алтын белбеуден айырылды.

Кезінде бразилиялық спортшы Джейсон Хай, Бенсон Хендерсон, Нейт Диас, Нил Мэгни, Робби Лоурел, Кевин Ли және Пол Фелдер сынды саңлақтарды сан соқтырды. 2014 жылдың 19 сәуірінде Рафаэльдің Хабиб Нурмагомедовтен ойсырай ұтылғаны да есімізде. Сондай-ақ ол Леон Эдварс, Колби Ковингтон және Камару Усман секілді атақтары алысқа жайылған апайтөстерден таяқ жеді.

28 жастағы Рафаэль Физиев Жам­был облысының Қордай ауданында дүниеге келді. Кейіннен Қырғызстанға қоныс аударды. Спорттағы мансабын муай-тайдан бастаған ол бірте-бірте жа­уынгерлік самбо, джиу-джитсу, бокс және грепплингті меңгерді. 2015 жыл­дан бері аралас жекпе-жекке ден қойды. Алғашқы алты кездесуін жеңіс­пен аяқтады. Соның бірінде ол қазақ спортшысы Нұржан Тұтқаевты тізе бүктірді. Дәл сол жекпе-жектен кейін Физиев UFC-де өнер көрсете бастады. Тұсаукесер кездесуінде қырғызстандық файтер Ресейдің өкілі Магомед Мустафаевтан ұтылғанымен, одан кейінгі бес бәсекені өз пайдасына шешті. Соның төртеуінде жарыстың ең үздік жекпе-жегі деп танылып, ол арнайы бонусқа ие болды. Барлығы 12 рет октагонға шыққан Физиев тек бір рет қана жеңіліс тапты. 11 жеңісінің сегізінде айқын басымдық танытты. Соның жетуінде ол муай-тайдың әдісіне салып, қарсыластарын ұрып немесе теуіп құлатты.

Қазіргі кезде Әзербайжанның намысын қорғап жүрген Физиев жеңіл салмақтылардың UFC рейтингінде 11-орында тұр. Дос Аньос алтыншы орынды еншілеуде. Егер Рафаэль осы жекпе-жекте жеңіске жетсе, өзінің көздеген мақсатына бір табан жақындай түсетіні анық. Яғни тағы бір-екі сәтті бәсекеден кейін чемпиондық белбеу үшін таласады. Сондықтан да Қордайдың тумасы өз мүмкіндігін қалт жібермеуге тиіс.

Ал бұл салмақтың чемпионы бра­зилиялық Чарльз Оливейра екенін естеріңізге сала кетейік. Даңқты Хабиб Нурмагомедов үлкен спорттан қол үзгеннен кейін алтын белбеу үшін ол былтырғы желтоқсан айында америкалық Дастин Порьемен айқасып, үшінші раундта оны қылқындырып тастады. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында Джастин Гейджи, Дастин Порье, Бенэил Дариуш, Ислам Махачев және Майкл Чендлер сынды дүлүлдер бар. Ал бұл тізімде атақты Тони Фергюссон жетінші орында тұрса, атышулы Конор Макгрегор тоғызыншы орынды қанағат тұтуда.