«Қазір жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақат алған бір полицейдің жағдайы ауыр. Оған күрделі ота қажет. Ал өзге қызметкерлер ауруханадан шықты» дейді Абзал Гилим.
Оның айтуынша, облыстық әкімдіктің ғимаратына шабуыл кезінде полиция қызметкерлерінен 9 атыс қаруы тартып алынған. Қазір оның төртеуі кері қайтарылған.
«Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар 1 мыңнан астам қалқан, каска және басқа да арнайы құралдарды заңсыз иемденген. Тартып алынған құралдардың 52-сі табылды. Ал қалғанын іздеу жалғасып жатыр. Сол себептен, тұрғындардан ұрланған қарулар мен арнайы құралдарды полицияға тапсыруға шақырамын. Қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар заңмен қудаланбайды» деп мәлім етті ол.
Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары жаппай тәртіпсіздікке қатысты 28 қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Оның ішінде терроризм актілеріне қатысты 2, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысуға байланысты 10, билікті басып алуға шақыру дерегімен 1 қылмыстық іс бар. Сондай-ақ, полицияға қарсы күш қолдану бойынша 2, қаруды ұрлауға қатысты 1 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың іс-әрекеті жазылған бейнежазбалардың барлығы зерделенді. Зардап шеккендер мен куәлардан жауап алынды. Сот санкциясымен 25 адамға бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды. Бір адам үй қамақта отыр» дейді Абзал Гилим.