Оқиға • 23 Ақпан, 2022

Қызылордада өртенген ұшақ жайында жаңа мәліметтер пайда болды

632 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы Арал ауданында бүгін өртенген АН-2 ұшағы жайында жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордада өртенген ұшақ жайында жаңа мәліметтер пайда болды

Бұл жөнінде хабарлама облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сағат 12.10-де түскен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 12.18-де жетті. Оқиға Арал қаласына жақын жерде орналасқан Алтынқұдық деген жерде болған. Бұл ауыл аудан орталығынан шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан.

«Қонуға бет алған ұшақтың толық жанып кеткені белгілі болды. Өрттің әзірге неден шыққаны белгісіз. Бұл мақсатта оқиға орнында арнайы сараптама тағайындалады», деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, аталған ұшақ TJA5217 санитарлық бағыты бойынша жұмыс жасаған.

Экипаж «Санавиация» қызметінің тапсырмасы бойынша шыққан.

Ұшақ ішінде 1970 жылғы экипаж командирі, 1992 жылғы екінші пилот және 1974 жылғы дәрігер болған. Олардың барлығы аман, ешқандай зардап шекпеген. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.