Руханият • 23 Ақпан, 2022

Өз тілімізді өзіміз шұбарламайық, ағайын!

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біздің тіліміз – өте бай тіл. Солай бола тұрса да біз осы тіліміздің байыбына барып жатқанымыз шамалы. Барынша мақтаныш тұтудың орнына, өкінішке қарай, керісінше, өз тілімізді өзіміз шұбарлауға жол беріп жатамыз.

Өз тілімізді өзіміз шұбарламайық, ағайын!

Мысалы, «бренд» деген сөзді ана тілімізге мықтап тұрып енгізіп алдық. Керек десеңіз, бұл сөзге əбден бауыр басып та кеттік. Байырғы өзіміздің «асыл», «жауһар» деп жоғары бағада айтылатын құнды сөздерімізді белінен бір сызып тастадық та оның орнына өзгенің осы бір «бренд» сөзін қастерлеп əкеліп, құрметпен қондырып қоя салдық. Бұл сөзді қазір үлкен де, кіші де, не бір жақсы мен жайсаң да, тіпті ғалымдарымыздың өздері де қымсынбастан қолдана беретін болды.

Бір бұл емес, сол сияқты тіліміздегі əдемі де айшықты, ұғынықты да ұнасымды «байқау» деген байырғы ата сөзімізді өзіміз қолдан «кастинг» деген өзгенің тағы бір сөзіне оп-оңай жығып бере салдық. Сондай-ақ «хит» деген сөзді де күнделікті сөз арасы былай тұрсын, тіпті баспасөзіміз бен теледидарымызда да жиі пайдаланатын болып жүрміз. Əсіресе телехабарлардың қай-қайсысында болсын жəне сол хабарға қатысушылардың ауыздарынан да осы «хитті» жиі естиміз. Сол хабарды жүргізіп отырған да, эфирге дайындап, оған рұқсат беріп отырған да қазақтар. Сол түрлі əн байқауларына өзіміздің озық деп танылған өнер майталмандарымыз бен білім, парасаты мол деген жастарымыз төрелік айтып, қазылық жасайды. Сонда солардың ешқайсысы: «Оу, біз «хит» деп нені айтып отырмыз?» деп селт етпейді ғой. Бұлайша өзіміздің төл сөзімізді өзге тілдерге жұтқызып қойып отырғанымыз, бəлкім, ұлттық идеологиямыздың əлсіздігінен бе екен? «Хит əн жазамыз» дегендегі хиттің орнына «үздік» , «əсем», «əуезді» деген сөздерді неге қолданбаймыз? Əлде ұлттық тіліміздің байырғы түп-төркінін саралап, таза қолдануға өреміз жетпей ме?

Иə, айта берсек, тілімізге жолдан қосылып, барынша шұбарлап жатқан сөздер көп-ақ. Өкініштісі, соларды еркін қабылдап, өзіміздің тілімізде бар байырғы асыл сөздермізді таптап өтіп бара жатырмыз! Қысқасы, өз тілімізге өзіміз толыққанды жанашырлық таныта отырып, тіл сияқты басты ұлттық құндылықтарымызды сақтай білу – əрбіріміздің басты борышымыз екенін естен шығармайықшы!

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Бәйдібек ауданының құрметті азаматы

 

Түркістан облысы