Аймақтар • 23 Ақпан, 2022

Қашанда ел жаққа қарап елеңдейміз

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл шамасы бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде осы бас басылымның Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлының «Семейдегі серпіліс» деген мақаласы жарық көрген болатын. Əрине, кім-кім үшін де өзі туып-өскен өңір, қызмет еткен орта ерекше ыстық болатыны сөзсіз.

Қашанда ел жаққа қарап елеңдейміз

Ал бүкіл дерлік саналы ғұмырым өткен Семейде сонау тəуелсіздік таңы атқалы бері кеудені өкінішке толтырып, еңсені түсіретін кемшіліктердің бірі көшелердің атауы еді. 2018-2019 жылдары 9 көшенің атауы өзгертілсе, бұрнағы жылы 10 көшенің аты ауыстырылыпты. «Енді, міне, 50-ден астам көшенің аттары өзгертілмекші», деп сүйіншілепті газеттің жергілікті жердегі қызметкері.

Жалпы, соңғы 30 жылда аталған мəселеге қатысты бірнеше журналист сөз қозғап, қаладағы 500-ге тарта көшенің атауын ауыстыру туралы қалалық ономастика комиссиясына ұсыныс білдірген еді. Өкінішке қарай, ұсыныстар көңілге қонымды негізде ескерілді деп айта алмаймыз. Көше аттары қалалық білім бөлімін басқарған Посмаков секілді қарапайым кісілерге де беріліп кеткені жасырын емес. Ендігі міндет – сондай олқылықтарды болдырмау. Ал А.Княгинин секілді осы елдің жанашыр азаматтарын ұмыт қалдырмай, еңбегін ескеру де есте тұрарлық мəселе болса игі дейміз, аруағы риза болар еді.

Соңғы жылдары қаладағы «Қарағайлы», «Восточный» шағын аудандары қарқынды дамып келеді. Əрқайсысында сан мыңдаған халық тұрады. Мұнда да жаңадан пайда болған көшелерге ат берілерде шешім əбден ойластырылып, талқыдан өтіп барып шығарылуы керек. Мəселен, қалада əлі күнге дейін композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Е.Рахмадиевтің атында көше жоқ. Сондайақ тəуелсіз журналистиканың Семейдегі алғашқы қарлығашы Л.Резниковті де ескеруге тұрарлық тұлға десек, ақиқаттан алшақ кетпейтініміз анық.

 

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

НҰР-СҰЛТАН