Қазақстанның оңтүстік аймағын мекен ететін қарақұйрық (Gazella subgutturosa subgutturosa) – басқа тұяқты жануарлардан өзінің әсемдігімен және көркемдігімен бірден ерекшеленеді.
Қазіргі кездегі түрі Алдыңғы, Орта және Орталық Азияда кеңінен таралған. ТМД бойынша қарақұйрық Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан аумақтарында мекен етеді. Бұрындары қарақұйрық аңшылық нысаны болып табылған. ХХ ғ. ортасында республика аумағын өнеркәсіпте пайдалану, құйрықтың мекен ету аймағының күрт қысқаруына әкеліп соқты, соның салдарынан жануарлар саны едәуір азайды. Нәтижесінде Қазақстанда қарақұйрыққа аңшылық етуге 1951 жылдан бастап тыйым салынды. Осылайша, антропогенді әсер ету салдарынан, қарақұйрықтың кезінде мекен ететін тұтас аймағы Іле, Тауқұм, Мойынқұм, Қызылқұм және Үстірт-Маңғыстау болып жекеленген, оңаша микропопуляцияларға бөлініп кетті. 1978 жылы қарақұйрық мекен ету аймағы мен саны жағынан азайып бара жатқан сирек кездесетін түр ретінде Қазақ КСР Қызыл кітабына енгізілді.
Қарақұйрық – қатты қиыршықты және сазды жамылғылы болып келетін әр түрлі шөл далаларды мекендейді. Бұдан басқа, ол бітік өсімдігі бар құмды далаларды – Қызылқұм, Мойынқұм, Тауқұм, Сарыесік атырауларында да кездеседі. Бұл биік емес құм төбешіктерде жүзгін, таспа, тікенек, жыңғылбас, сексеуіл сияқты әр түрлі жыңғыл бұталары өседі. Шөп жамылғысы шөл қияғы, ермен мен барқындардан тұрады. Қыстың суық үскірік желінен қорғану мақсатында қарақұйрықтар өсімдіктері қалың ойпатты орманды, тіпті қамыстың арасын да паналайды. Оңтүстік далаларда қар жамылғысы өте қалың емес (шамамен 10 см. және одан да аз) және ұзақ жатпай, күн көзіне тез еріп, буланып кетеді. Қарақұйрықтар сондай-ақ, ашық тау бөктерлерінде және шөл өсімдіктері бар жазық тауларда да мекендейді. Тауаралық далаларда тұяқтылар теңіз деңгейінен 800-1200 м. биіктікке еркін көтеріледі.
Қарақұйрық мекендеу аймағында біркелкі тегіс таралмаған. Олар негізінен азығы мол жерлерде, жазық тау бөктерінде, сулы және қорғаныштық қасиеті бар өңірлерде өмір сүреді. Оның таралу аймақтарының көп бөлігі мезгілдік ауысыммен байланысты көшіп жүретін жерлер: таралу аймағының солтүстік бөлігінде қар түсумен байланысты – күзгі-қысқы (оңтүстікке) және сулы, жайылым жері мол – жазғы болып келеді. Жазғы көшулері өсімдіктердің қурауына байланысты басқа жайылымды, суға жақын жерлерге ауысуымен көрінеді.
Қарақұйрық дәнді дақылдар, барқын, қына, жыңғылдар мен бұтақтар сияқты әр түрлі нәрселерді қорек етеді. Ол өсімдіктердің шамамен 70 түрін жейді. Осындай азықтық өсімдіктердің мол жиынтығы – оның белгілі азығының жоқ екендігін көрсетеді. Нәтижесінде қарақұйрық шөл даладағы өсетін барлық өсімдіктермен қоректене береді. Бұл қарақұйрықтың азықты шөптері әдемі өскен шөл далаларда кеңінен жортуына жол береді.
Қарақұйрықтар тек тұщы суды ғана емес, сонымен қатар ащы суды да іше береді. Олардың су ішу тәртібі азықтанған өсімдіктерінің ылғалдығына байланысты. Көктемде және жаз мезгілінің бас кезінде олар көктемгі шырынды азықтармен қанағаттанғандықтан суды сирек ішеді. Аптап ыстық түсе бастасымен жануарлар сулы аймақтарға көше бастайды.
Қарақұйрықтардың табын құрып өмір сүруі өте сирек – негізінен олар жалғыз жүреді, не болмаса 2-5 бастан, 6-15 бастан (сирек кездеседі) құралған шағын топ болып өмір сүреді. Қарақұйрық популяциясының ұсақтоптық құрылымы шөл дала ішіндегі арнайы табиғи жағдайға қалыптасуын көрсетеді. Осындай құрылымда жануарлар қорегі аз шөл өсімдіктерін толығымен пайдалана алады.
Қыс мезгілдерінде қарақұйрықтардың жас және ересек аталықтар мен аналықтардан тұратын әртүрді табындары топтасып жүреді. Бұл олардың бірігіп қорек табуына, жыртқыш жануарлардан және т.б. қорғануына мүмкіндік береді. Көктем шығысымен табындары ыдырып кетеді. Жазғы уақыттарда қарақұйрықтар көбіне жалғыз жүреді, кейде 2-4 бастан құралған топтары сирек кездесіп жатады. Жаздың соңы және күз мезгілінің бас кезінде де олар шағын топ болып өмір сүре береді. Қаңтар айында, күйлеу аяқталғаннан кейін қарақұйрықтар біртіндеп бірігіп үлкен табын құра бастайды.
Қарақұйрық – көпүйірлі аң. Күйлеуі қараша-желтоқсан айларында жүреді, ешкілерінің буаз болу мерзімі шамамен 5,5-6 айға созылады. Жыл сайын төлдейтін ересек ешкілері 3-4, ал жас аналықтары 1-2 төл береді. Төлдері тез жетіледі.
Басқа жабайы жануарлар сияқты қарақұйрықтардың да өлім-жітімі жиі кездеседі. Табиғи жағдайлардан қарақұйрыққа аса қауіптісі – қалың қар мен көктайғақ мұз. Қарақұйрықтың тұяқтары кішкентай болғандықтан қалың қарда жүруі қиын және оның астынан азық іздеп табуы да қиынға соғады. Сол себептен қар қалыңдығы 10 см.-ден жоғары болған жағдайда ол оңтүстік аймақтарға қоныс аударады.
Қарақұйрықты қорғау және санын қалпына келтіру – бұл мемлекеттік көлемдегі мәселе болып табылады. Қазақстанда сирек және құрып бара жатқан жануарлар мәселесіне байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметі және Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті жануарлар әлемін қорғау бойынша арнайы шаралар қолдануда. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің “Охотзоопром” ӨБ” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында 2003 жылдан бері сирек және құрып бара жатқан жануарлар түрлері мен киіктерді мемлекеттік қорғау қызметі құрылып, қызмет атқаруда. Қорғау шараларының нәтижесі бойынша Қазақстанда қарақұйрықтың саны 2005 жылғы 12150 бастан 2009 жылы 17000 басқа дейін өсті.
Қарақұйрықтардың таралу аймақтарының көп бөлігінде экожүйелер аздап бұзылғандықтан, алдағы уақытта оларды қалпына келтіру мүмкін болатын жағдай. Қазіргі уақытта бұл тұяқтылардың сақталып қалған популяцияларын экологиялық бақылап отыру қажет. Бұл ретте республикадағы сирек кездесетін және құрып бара жатқан жабайы тұяқты жануарлар түрлері мен киіктерді қорғау және санын арттыру мәселесі қарастырылған “Сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен киіктерді қорғау және санын арттыру бойынша 2005-2007 жылдарға арналған бағдарлама” (2005 жылғы 25 наурыздағы №267) мен “Су ресурстары мен жануарлар әлемін сақтау мен тиімді пайдалану және 2010 жылға дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту жөніндегі бағдарламаны” (2007 жылғы 8 қазандағы №914) бекіткен Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының маңызы зор. Аталған қаулыларға сәйкес Қазақстанда қарақұйрықтарды тарихи таралу аймақтарына көшіру жұмыстары белсенді жүргізілуде, бұл мақсаттарды “Алтын Емел” ұлттық бағы жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта реинтродукциялау үшін асыл тұқым алу көзделіп отырған “Алтын Емел” ұлттық бағы аумағындағы қарақұйрық саны 2009 жылғы санақ бойынша 7078 басты құрайды. Басқа аймақтарға қоныстандыру үшін олардың біразын ұстау қарақұйрық популяциясының жағдайына теріс әсер етпейді.
Қарақұйрықты тобырлары өте сирек кездесетін Шарын ұлттық бағы мен Жусандала республикалық мағыналы мемлекеттік қорық аймағына көшіру жұмыстары жүргізіледі. Жануарлардың қосымша тобын шығару олардың санының артуына ықпалын тигізеді.
Қазіргі уақытта “2010-2014 жылдарға арналған сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен киіктерді сақтау және санын қалпына келтіру жөніндегі бағдарламаның” жобасы жасалуда, онда жабайы тұяқты жануарлар санының көбею мәселесімен қоса олардың өмір сүру аймағын сақтауға да аса көңіл бөлінген. Қарақұйрықты қазірдің өзінде олардың тарихи мекендеріне көшіру, сонымен қатар бұл жануарларды асырап, кейін оларды жабайы табиғатқа шығаратын арнайы питомниктерді ұйымдастыру бойынша шараларды қолға алу қажет.
Б.ТАШЕНОВ, “Охотзоопром” ӨБ” РМҚК ғылыми қызметкері.