Өнер • 23 Ақпан, 2022

Киноға сценарий емес, ниет жетіспейді

569 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сөзді әуелі жазушы Бейімбет Майлиннің «Күлпашынан» бастайық. Театр сахнасына да, кино түсіру үшін де бұл шығарма сұранып-ақ тұр. Қазіргі көрермені көп кинолардың негізгі арқауы өмірде болған оқиғалар желісімен түсіріліп жатқанынан хабардармыз.

 

Киноға сценарий емес,  ниет жетіспейді

«Күлпаштың» өнбойы – біздің тарихымыздағы қаралы күндердің бір беті. Қоғамның дерті, аштық, келер күннен, атап айтқанда отағасы Мақтымның кешіккенінен үміті үзілмеген жар мен баланың тағдыры экранға түссе, көріп отырған кісіні тебірентпей қоймасы анық. «Міне, бүгін ақтық азық таба алмағандарына үшінші күн, іші қабысып, жүрегі қарайып, көзі бұлдырап, өлім сағатын күткендей ыпыны кетіп отыр... Әлі есіл-дерті баласында. Ойлап отырып-отырып қабағын шытып, кейістік тартқан кісі тәрізді баласына қарап: «Құдай-ай!.. Не қылмысымыздан бұл күйге түстік екен?» деді. Жылап жіберді. Бүртік-бүртік ыстық жас үстіндегі жарғақ тонның омырауынан сырғанай бастады...». Осы жолдар көркем фильмге таптырмас сюжеттер емес пе?! Аш қалған ана мен баланың зары бір ұлттың басына төнген қауіп пен қатер екенін неге сезбеске?!

 

Ал кейіпкер Күлпаштың жанын жегідей жеген тағы бір ой ардың, адалдықтың, та­залықтың таразысындағы салмақ еді. Бүйірін аштық қысып, өзегін талдырғанда туған сіңілісі оны басқа бардам күйеуге кетуге азғырады. «Осы жаманмен біраз күн өмір өткіздің ғой. Ендігі қалған өмірінді қорлыққа салма... жыл болса ауыр, осы бастан азбас, тозбас қамыңды ойла... – деген. Күлпаштың көңілін аудару үшін Раушанның ұсынатын адамы – Жұмағазы. – 40-50 қарасы бар. Бір ауылдың байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. – Жасы биыл тап 40-та. Оған тисең, өзің би, өзің хан боласың!.. – дейді Раушан. Қыстың бас кезінде ептеп күнделік тамақ тауып ашыға қоймағандықтан: «Байыңды тастап, байға ти...» – дегенде, Күлпаштың жүрегі тас төбесіне шығып кетті. – Қарағым, Раушанжан-ау, аузың барып неғып айтып отырсың! – деп еді». Қарны аш адамның сана сезімі мен ойы да аш болмақ. Жазушы кейіпкерінің осы тұстағы ішкі батылдығы мен қуаттылығын шығармасында сәтті пай­даланады. Егер біздің режиссерлер көр­кем шығармалардан киноға қажетті психо­ло­гиялық шешімдер іздегісі келсе, онда Май­линнің «Күлпашынан» таба алатыны даусыз. «Ашаршылыққа қарсы соғыс – бұл шын мәнінде адамзаттың азаттық соғысы» деген Джон Кеннедидің даналық сөзі бір талай шындықтың бетін ашқысы келген адамның көзқарасы. Бейімбет Майлиннің кейіпкері Күлпаштың да тағдырына бұғау салғысы келген қатыгез аштықпен күрес жасағысы келеді. Амал нешік?! Әбден аштық меңдеп, есін алған Күлпаштың бар ойы баласының қамы екені сөзсіз. Бұл да ұлттық кино үшін керекті әрі ойландыратын деталь емес пе?! Адамзат адамзат болғалы бері ұрпақ жалғау мәселесі алдыңғы орында болып келеді. Әне сол үлкен ой осы шығарманың өзегінің бірі. «Қалижанды қайтем?» деп налыған Күлпаштың сол сәттегі жанарындағы үміт отына мұзды мұқиттың суын құйса да өш­пестей еді. Оның бар ойлағаны – баласы Қалижан. Бәрінен қажыған Күлпаш: «Әй, қарағым-ай! – деп өксіп жылап жіберді. – Қарағым-ай, өздерің білші... мен естен танған кісі ғой» деді. Адал ананы аштық, ғаріп күй жеңіп тынды. Шығарманың осыдан кейінгі бөлігі адам тағдыры туралы өрби береді. Өмір бойы бір-біріне адал болып, «бізді қара жер айырсын» деп серттескен екі қосақтың аштық алдындағы дәрменсіздігі сөз болады.

«Күлпаш тағы сөйлей алмай, көз жасы­на булықты. Әлдене уақытта тағы да: – Әй, – деді. – Немене, жазған, айтсайшы! – Біз осы қайтеміз? – Қайдан білейін? – Біз өлмейміз бе? – Өлетін шығармыз!.. – Біз... – деп тағы тоқталды. – Біз... біз... айырылсақ қайтеді?!». Шығарманың шарықтау шегі іспетті осы диалогтердің өзі кіл шындықтың соңғы сөзін айтып тұрғандай. Автордың өзі жазғандай «Аштықтың қанды тырнағы Күлпашты бәріне көндірген». Көндірмей қайтсын?! «Қарағым-ай, етті көргенде не дер екен? – дейді оқта-санда». Жаңа күйеуінің үйінен бұрынғы жары Мақтым мен баласы Қалиға деп тығып алып бара жатқан екі кесек етте Күлпаштың өлмес үміті, бар болмысы жасырынып жатпасына кім кепіл?!

«Қарағым, Қалижан, тұр!.. Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақ­тымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!.. Күлпаш шошып: – Әй... – деді. Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей, өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады». 1922 жы­лы жазылған осы шығарма әлі күнге дейін өзекті. Жұрт әлі оқып келеді. Оқудан жа­лықпайды да. Мұнда қазақтың қасіретті аш­тық жылдарындағы аянышты халі ақ қағаз арқылы сөйлеп беріп отырады. Сол жылдарда Мақтым сияқты қанша қазақ отбасын зұлматтан аман алып қалу үшін мойнына дорба іліп, ел кезіп кетті, Күлпаш сынды қаншама ана көзінің жасын көл етіп, артында ұрпағын аман қалдырудың, оны өлтірмеудің амалын іздеді, ал Қалижан сияқты қанша жас бала ажалынан бұрын қара жер қойнынан пана тапты. Осының бәрін ойға алып отырып, біздің қазіргі режиссерлеріміз неге осындай керемет шығармаларды өзек ете отырып, көркем фильмдер түсірмейді деген сұраққа жауап іздеудеміз.

Көкейде жүрген сауал бойынша кинотанушы Дана Әмірбековаға хабарласып, осы сұрақ төңірегінде сұрап көріп едік. «Біріншіден, Кеңес заманынан бас­тап қазірге дейін қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалар негізінде мүлде кино түсірілмеді деп айта алмаймыз. Бұған мысал ретінде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Дулат Исабековтің «Гауһар тас» ат­ты шығармалары экрандалған болатын. Одан кейін Талғат Теменов «Гүлназ» атты повесін «Махаббат бекеті» деп фильмге айналдырды. 2005 жылы Ілияс Есенберлин­нің «Көшпенділер» трилогиясы «Алмас қы­лыш» болып көрерменге жол тартты. Ал телехикаяларға келсек, «Абай» теле хикая­сы шықты, бұл әрине Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы бойынша түсірілді. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» фильм болып жарыққа шықты. Қазір Смағұл Елубайдың «Ақбоз үйі» түсіріліп жатыр. Есіме түскені осы. Режиссерлер екіге бөлінеді, біріншісі, кино суреткерлер, ал екіншісі, кино жасаушылар. Кино суреткерлері киноға өнер ретінде қарайды, олар осы заманды суреттеуге, оның үстіне, өзге өнер түрлерінен алшақ болуға тырысады, әдебиетте осының ішінде. Себебі киноның өзінің тілі, ерекшеліктері бар, көптеген әдеби шығарманы кино тіліне бейімдеуге келмейді, сөзбен жеткізген нәрсені кейде кино тілімен жеткізуге болмайды. Кино тілімен жеткізетін нәрсені сөзбен жеткізуге де болмайды. Әр өнер саласы өзінше бір бөлек әлем болғандықтан олар бір-бірінен алып қайталағысы келмейді. Ал кино жасаушыларға бәрібір, олар идея, ой жеткізгісі келмейді. Тіпті көрерменді ойландырғысы да келмейді. Олар киноға мезеттік көңіл күй сыйлайтын құрал немесе ақша көзі ретінде қарайды, сол үшін олар кез келген дүниені киноға айналдыра беруі мүмкін» деген пікірін айтты. Бұған келісеміз. Бірақ біздің әдебиеттің қазынасы бұнымен ғана шектеліп қалмасы анық.

Бейімбеттің «Күлпашынан» бөлек қазақ әдебиетінде ерекше орны бар жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», «Күні­кейдің жазығы», Ақан Нұрмановтың «Құлан­ның ажалы» романы, Тынымбай Нұр­мағамбетовтің «Айқайы», Қабдеш Жұма­діловтің «Тағдыры», Спандияр Көбеев­тің «Қалың малы» көркем фильм түсі­руге сұранып тұрған шығармалар еке­нін режиссерлердің есіне тағы бір рет сала кеткенді жөн көрдік. «Ақбілектегі» оқи­ға­лар тікелей өмірден алынғаны біздің кино­герлерді қызықтырмай ма? Қала берді Жүсіпбек Аймауытов осы шығармасында бір ғана қазақ қызының тағдыры арқылы бір ұлттың азабын, саясаттан, заманнан көрген құқайын суреттеп берді емес пе?! Ал махаббатты, сүйіспеншілікті арқау еткен шығарма іздесе, Сайын Мұратбековтің «Қылауын», Бейімбет Майллиннің «Шұғаның белгісін» негіз етіп, керемет фильм түсіруге неге бол­масқа? Сұрақ көп, жауап аз. «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: сценарий, сценарий және тағы да сценарий» деген Альфред Хичкоктың сөзі осы ойымызды түйіндейді. Көркем шығарма баршылық, енді оған түсі­рілген фильмдер көбейсін.