Аймақтар • 24 Ақпан, 2022

Жарылыстың бір себебі – жауапсыздық

513 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сайрам ауданында мектеп қазандығындағы жарылыстан бір азамат қаза тапты. Аудандық төтенше жағдайлар басқармасы таратқан мәліметтерге қарағанда, оқиға Ошақты ауылындағы Құрманғазы атындағы мектепте таңертеңгі сағат сегіз жарым шамасында орын алған. Оқушылар мектепке келіп жатқанда жылу қазандығы гүрс ете қалыпты. Дүмпудің күшті болғаны соншалық, аспанға атылған темір пеш сынықтары мектептің жанына барып түскен.

Жарылыстың бір себебі –  жауапсыздық

 

Жарылыс салдарынан от жағатын ғимарат қирады. Үйіндінің астында қалып қойған 58 жастағы от жағушының денесін оқиға орнына келген өрт сөндірушілер алып шық­ты. Қайғылы жағдайға әкеп соқ­қан оқиғаның себеп-салдарын тиісті орындар анықтауға кіріс­кені мәлім. Дегенмен, көпшілік жары­лыс­қа жауапсыздық, білім саласын басқаруға қатысты енгізілген өзге­ріс­тердің де себеп болғанын айтуда. Апаттың алдын алуға, оған жол бермеуге болар ма еді? Егер... 

Қайғылы оқиға орын алған жылу қаз­андығындағы пеш көмірмен жа­ғыл­ған. Қазандық жаңадан салын­ған кезде, яғни 2014 жылы орна­тылған пешті былтыр ауыс­ты­ру жоспарланған. Сайрам аудан­дық адами әлеуетті дамыту бө­лімі басшысының міндетін атқа­ру­шы Әлжан Сапарбеков былтыр мемлекеттік сатып алу порталы­на жаңа қазандыққа тапсырыс бе­ріл­генін айтады. Бірақ мердігер алып келген пештің маркасы конкурс құжаттарында көрсетілген та­лап­тарға сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. «Сұранысқа сай пешті күтіп жүргенде ауылға газ келді. Пешті газға ауыстырамыз деп жүргенде осындай жағдай болды. Жаңа пеш әлі орнатылмаған болатын. Қазандық 2014 жылы орнатылған пешпен жұмыс істеп тұрған еді», дейді Ә.Сапарбеков.

Бүгінде жарылысқа сапасыз отын­­ның себеп болғаны да айтылуда. Аудан­­дағы мектептердің қысқа да­йын­­­дығымен адами әлеуетті дамыту бөлі­­мі, яғни білім бөлімі айналысады. Бөлім облыстық адами әлеуетті дамыту бас­қар­масына дайындық бойынша есеп береді. Яғни ауылдағы ­немесе­ аудан­ аума­­­ғындағы ­мектептердің қысқа да­­йын­­дығына бұрынғыдай, аудан­ ­әкім­­­­дігі, оның ішінде коммуналдық шар­уа­­шылық бөлімі араласпайды. Өйт­­кені барлық аудандық, қала­лық білім бөлімдері тікелей об­лыс­тық адами әлеуетті дамыту бас­қар­ма­сы­на бағынады. Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылық басқармасының хабарлауынша, Ошақтыдағы жарылыс бойынша арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себептерін анықтайтын болады. Ал басқарманың жылу бөлімінің басшысы Марат Байжүнісовтің айтуынша, мектептердегі жылуға қатысты мәсе­ле­ге толығымен аудандық білім бө­лімдері, облыстық білім басқармасы жауапты. Осы арада жауапкершіліктің бәрін бір басқарманың мойнына артып қоя салған қаншалықты дұрыс деген заңды сұрақ туындайды? Білім басқармасында мектептердегі немесе балабақшалардағы қазандықтардың жағдайын, яғни жылу жүйесін жетік білетін мамандар жоқ та болар. Бү­гінде қарамағында жүздеген мектеп, балабақшалары бар аудандық білім бөлімдерін тікелей облыстық білім басқармасына бағындыру оң нәтиже бермей отырғанын айтушылар көп. Аумағында жүзден астам білім ошақтары бар аудандар өңірде аз емес. Сол аудандар әкімдіктері бұрындары жүздеген мектеп пен балабақшалардың барлығын толық бақылауда ұстаудың, жыл сайын қа­жет­тіліктермен толық қамтамасыз ету­дің өте қиын болғанын айтады. Жалпы­, білім саласында жылу жүйе­­ле­рінің жағдайын бақылауда ұс­тап, отын дайындаудан өзге де мә­селе жетерлік. Олай деуімізге дау­­лы мәселелер жиі көтерілетін бас­­қармадағы ахуал да себеп болып отыр. Жуырда облыстық білім басқармасына екі жарым жыл бас­шылық еткен Рахымбек Жолаев қыз­метінен кетті. Осы жылдары Р.Жола­ев аудандағы білім бөлімі бас­­шы­ла­ры­мен бірнеше рет сотта­су­ымен де есте қал­ды. Бірқатар сот отырыста­рын­да басқарма басшысы жеңілді. Мысалы, «дипломы жалған» деген Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова сотта басқарманы бір емес, бірнеше мәрте ұтып шықты. Р.Жолаев қызметінен алған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов сотта жеңіп, орнына қайта оралды. Алайда жур­на­листі өлтіруге тапсырыс берді деген күдікке ілігіп, жуырда қамалды. Басқарманың экс-басшысы Р.Жолаев былтыр Nur Otan партиясының жер­гі­лікті филиалы өткізген жиында облыстағы бүкіл мектептер мен бала­бақ­шаларды игеруге шамасы жетпей жатқанын мойындаған да еді. Түркістан облысында 900-ден астам мектеп, 65 мыңдай педагог бар, білім ұяларында 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Яғни 900-ден астам мектеп қазандық арқылы жылытылады. Олардағы ахуал­­ды қатаң бақылауда ұстап, талапқа сай ету педагогтер үшін оңай шаруа емес екені түсінікті де. Сондықтан да болар, білім саласын басқарудағы соңғы өзгеріске көңілі толмайтындар көп. Ошақты ауылында орын алған оқиғаның бір себебін осы өзгеріспен байланыстырушылар да аз емес.

Бұл мәселеге қатысты облыстық білім басқармасының пікірін біле алмадық. Өйткені басқарма басшы­сының орны бос. Айтпақшы, басшылары бірінен кейін бірі ұсталып, қа­малып жатқан коммуналдық са­ла­­ға жауапты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылық басқармасында да бірінші басшы тұрақтамай тұр.

 

Түркістан облысы