Қазақстан • 24 Ақпан, 2022

Қаратау баурайында қыран қалқып...

577 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғалып кете жаздап барып қай­та жанданған құндылықтың бірі – саят­шы­лық. Бабадан қалған мұраны зерттеп жүргендер осыдан 40 жыл бұрын елімізде құс салатын оншақты-ақ адам қалғанын айтады. Ал қазір 200-ге жуық құсбегі бар. Тағы бір айта кетерлігі, бұрынғылар бүркітті ғана баулыған болса, қазіргі жастар арасында қаршыға, ителгі, лашын, бидайық сияқты құстарды қолына қондырғандар көбейген.

Қаратау баурайында қыран қалқып...

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 

Жуырда Жаңақорған ауданында саят­шылықтан республикалық чемпио­нат өтті. Ересектер арасындағы XV чемпионатқа еліміздің 2 қаласы мен 10 облысынан саятшылар қатысты. Ұлттық спорттың осы түрінен Қызылорда облысында алғаш ұйымдастырылып отырған сайыс қонақтары жетісулық ардагер саятшылар Әбдікәрім Түсей мен Шаймардан Әден, аға жат­тық­тырушы Базарбек Күнтуғанұлы, «Қы­ран» федера­циясының президенті, Қазақ­станның құрметті спорт қайраткері Бағ­дат­хан Мүптекеқызы жарысқа қатысу­шыларға сәттілік тіледі.

Қазір Қазақстандағы ұлттық спорт мектептерінің жанынан құсбегілікке баулу сабақтары ұйымдастырылған. Осының арқасында атадан қалған өнерге  қызығушы жастар қатары көбейіп отыр.

– Әсіресе Алматы, Жамбыл, Түркіс­тан облыстарында мектеп жанындағы құсбегілік бөлімдері жастармен жұмыс­ты жолға қойған. Мақсатымыз – осындай шараларды жиі ұйымдастырып, саятшылықты ат бәйгесі, жамбы ату, көкпар сияқты дамып кеткен ұлттық спорт түріне теңестіру, – деді Бағдатхан Мүптекеқызы.

Қаратау баурайында қыран қа­лықтат­қан сайыста Түркістан облы­сынан келген Сейдулла Паңның қар­­шығасы алғырлық көрсетіп, бас жүл­дені иеленсе, маңғыстаулық Ай­шуақ Тай­мановтың ителгісіне бірінші орын берілді.

Бүркітшілер сайысында Атырау облысынан келген құсбегі Ақберен Құрманалиевтің қыраны бас жүлдені жеңіп алды. Облыс әкімдігі, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жаңақорған ауданы әкімдігінің  ұйым­дас­тыруымен өткен чемпионатта екінші, үшінші орын иеленген құсбегілер де марапат төрінен көрінді. 

 

Қызылорда