Сатал-сатал, айғыз-айғыз терезе. Үйдің жарығы сөнгелі қашан. Соғыс біткен жылы соңғы рет сығырайған шамның жарығы жылтылдап көрініп, қараңғылық ұйығына шома берген, шома берген. Үй ұйықтап кеткен.
Үй иесі – жалғыз кейуана, күйеуі мен баласын соғыс жалмаған соң, жанарынан айырылған. Жылай-жылай. Ала таңнан қара кешке дейін терезеге телміріп отырады екен, жарықтық. Терезенің тұсынан басталатын соқпақ ауылдан шыға бере адасып кеткен.
Үйдің маңына келіп, үрейлі терезеге көз салған кісі бірнеше күн үнсіз қалған деседі. Терезенің арғы жағынан кейуананың бейнесін көрген деседі білгендер. Арада қанша жыл өтсе де. Терезе кейуана бейнесін сақтап қалған екен. Соғыстың соқыр көзіндей терезе.
Бала күнімізде үлкендер сынған айнаға қарама деуші еді. Сынған айнадан бөгдені көресің деуші еді.
Сол үлкендер бар кездегі бір әңгіме ойға оралып отыр. Біз өскен ауылда жалғыз ұлы бар жесір әйел болған. Мұндай мысал әр ауылда болған да шығар. Екінші дүниежүзілік соғыстың жарықшақтанған дауысы радиодан естілерден үш күн бұрын жалғыз ұл үйленіп, үйге келін түскен екен. Үш күннен кейін ұл соғысқа аттанған. Алғашқы айларда хат келіп тұрғанымен, кейін ұл хабарсыз кетеді. Жалғыздың зары қойсын ба, ішіне шер түскен қос мұңлықтың жайын үлкендер иегі кемсеңдеп отырып еске алушы еді.
Соғыс біткен соң, бір жылдан кейін ұл оралады. Тұтқында болған деген сөз бар. Оралған ұлдың алдынан есік, терезесі айқыш-ұйқыш ағашпен шегеленген үй ғана шығады. Анасының топырағы дегдіген. Жолыққан көрші басқа үйдің ауласын сыпырып жүрген келінге қарай қол шошайтады.
Шарбаққа сүйенген жас жігіт «Жамал!» деді дейді. Жамал! Суық дауысқа жалт қарған Жамал состиып тұрып қалған деседі.
Жамал, дейді жас жігіт жұмсақ үнмен. «Рахмет, Жамал!».
Жас жігітті сол сәттен кейін ешкім көрмеген, ауылға да оралмаған, хабарын да білетін жан жоқ.