Руханият • 24 Ақпан, 2022

Күнестеген көгершіндер

3234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақылды, білімді адамдар әлеуметтік желіге жолай қоймайтын көрінеді. Өмірден өз керегін тапқандар, уақытын текке өлтіргісі келмейтіндер солай болса керек. Бұған қарап желіде желдеп жүргендер ақымақ деуден аулақпыз және. Дамыған Батыс жұрттары ғаламтор кеңістігіндегі ызы-қиқы бұл әлемді «әркім ойына келгенін лақтырып кететін қоқыс орнына» балайды деседі. Солайы солай-ақ болсын, алайда қоғамдық даму сатысында мүдделес ел белгілі бір деңгейге жетуіне бұл да сеп деген ойдамыз.

Күнестеген көгершіндер

Осыдан кемі бес-алты жыл бұрын «Жіпсіз байланғандар» атты шығарма оқығанмын. Смартфонға телмірген біз туралы драма­лық дүние. Жазылған бойда, әлі еш жерде жария­ланбай тұрып, ақын-жазушы ағам «оқып көр» деп жіберген болатын. Желідегі алаяқтық, бір-бірін алдап соғу, ақыр соңында тұзаққа түсуі туралы жақсы дүние. Сол беті ешқайда жарияланбады ғой деймін. Ол кезде қазіргіден гөрі ел көбірек отыратындай көрінетін әлеуметтік желіде. Бүгінде бұл «ауру» бізде де сейілейін деген сияқты. Басқа елдер де басынан осылай кешкен шығар. Біздің қазақ қоғамы да бұл сатыдан өте шығарына сенеміз.

Бертініректе кісі көп жиналатын орын­дарға кіріп барсаң, қыстыгүні шатырдың күнгей бетінде ретті-ретсіз, бей-берекет күнес­теп отырған көгершіндерді еске түсіретін желіге жіпсіз байланғандар. Жайшылықта топталып немесе жұбымен ұшып жүргенде байқалмағанымен, көгершіндердің ерекше­ліктері, бір-бірінен айырмашылығы әлгіндей болып отырғанда жақсы байқалады. Ара­сында бірен-саран ағы кездеседі. Әр-әр жеріндегі сарғыш секпілдеріне шейін сүй­кімді көрінетін. Көк көгершіндердің жас-кәрісі де сонда білінетін. Тіпті еркек-ұрға­шысын да ажырата аласыз. Кейбірінің жүн­дері үрпиісіп, сабалақтанып, қатарындағы бас­қаларынан айбындырақ көрінеді. Сөйтсе де бәрі бейқам, күннен түсетін қызуға әрі бір-бірінің мейіріміне жылынып отырған­дай сезіледі. Тіпті мойындарына мойындарын айқастырып, құшақтасқандай болады. Құшақтары болмаса да бір-біріне солай жа­қындасып, жылу сыйласа керек. Қанат біт­кенімен бұларда құшақ жоқ қой. Ал адамда қанат болмағанымен, құшақ бар. Бірақ адам адамнан алыстаған күні ол да керексіз болып қалмай ма? Кісі баласы алысты көксеген с­айын жалғыз.

Күнестеп отырған көгершіндер өзара жылу алмасып қана қоймайды. Бір-біріне сүйе­нісіп, бірінің үстіне екіншісі тұмсығын қойы­сып, тұмсықтарымен арқаларын қасы­сып жатқанда қараптан-қарап тұрып қай­ран қаласың. Қолдары жоқ болса да бір-бірін тұмсығымен түртінектейді. Қолсыз да қолға­быс қыла береді. Сөйтіп ұзақ отырады. Ша­масы қатты боран мен аяздан ашыл­ған күн­дері осылай істесе керек. Олар көшеде, жолдың бойында жүрсе де адамдардан мейірім күтіп, қамқорлық тілейді. Жұптарын жазбайды көбіне. Есім енді кіре бастаған бала күннен бері жанымнан өшпей келе жатқан осы сурет көз алдыма жиі келеді. Аспандап ұшқан оларды жіпсіз байлаған не құдірет? Не де болса нағыз құдірет сол!