Спорт • 24 Ақпан, 2022

Дәулеті тасыған боксшы

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін даңқты боксшы Флойд Мейвезер 45 жасқа толды. Ширек ғасыр бойы шаршы алаңды армансыз шайқаған ол 50 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетті. 27 қарсыласын есінен тандырды. Сөйтіп америкалық саңлақ спорттық мансабында бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татпаған жер-жаһандағы санаулы ғана боксшылардың бірі ретінде тарихта қалды.

Дәулеті тасыған боксшы

Флойд 1977 жылдың 24 ақпанында АҚШ-тың Мичиган штатындағы Гранд-Рапидс қаласында дүниеге келді. Оның әкесі де кезінде мықты боксшы болған. Үлкен Мейвезер өткен ғасырдың 70-жыл­дарының аяғында даңқы жер жар­ған Рэй «Шугар» Леонардтың өзімен жұдырықтасқан. Оның ағалары мен туған-туыстарының арасында да танымал былғары қолғап шеберлері аз болған жоқ. Бір сөзбен айтсақ, әулеттері түгел бокс­шылар. Соларға еліктеген Флойд та осы спорт түріне мықтап ден қойды. Әуелі ол әуесқойлар арасында танылды.

1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальды иеленді. Бастапқы бәсекеде 19 жастағы дарын иесінің біздің Бақтияр Тілегеновті жеңгені есімізде. Одан кейін армениялық Артур Геворкян мен кубалық Лоренцо Арагоннан айласын асырды. Бірақ жартылай финалда жолды болмады. Америкалық өрен Болгарияның атақты боксшысы, үш дүркін әлем және үш дүркін Еуропа чемпионы Серафим Тодоровтан бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңіліп, Олимпиада чемпионы атансам деген асқақ арманымен қош айтысты. Әуесқойлар арасында барлығы 90 кездесу өткізген Флойд соның 84-інде жеңіс тойын тойлады.

1996 жылдың 11 қазанында Флойд Мейвезер кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін өткізіп, мексикалық Роберто Аподаканы екінші раундта ұрып жықты. Ал оның содан кейінгі жүріп өткен жолы барша жанкүйердің көз алдында. Ширек ғасыр аралығында ол Диего Корралес, Хесус Чавес, Луис Кастильо, Демаркус Кор­ли, Артуро Гатти, Шармба Митчелл, Заб Джуда, Карлос Мануэль Бальдомир, Ос­кар де ла Хоя, Рикки Хаттон, Хуан Ма­нуэль Маркес, Шейн Мосли, Виктор Ортис, Мигель Котто, Роберт Герреро, Сауль Альварес, Маркос Майдана, Мэн­ни Пакьяо және Андре Берто сынды ат­тары аңызға айналған саңлақтарды сан соқ­тырды. Осылайша, ол ешкімнен жеңілмеген күйі былғары қолғабын шегеге ілді.

Мейвезерге көптеген рекорд тиесілі. Атап айтсақ, ол бес салмақ дәрежесі бойынша ең белді нұсқаларының алтын белбеуін иеленді. 1998 жылдың 3 қазанында алғаш рет әлем чемпионы атанған АҚШ боксшысы өзіне тиесілі тәжді қорғап қалу үшін 24 қарсыласын қапы қалдырды. Осындай толағай табысқа қол жеткізген Флойд бірауыздан ХХІ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығының теңдессіз боксшысы деп танылды. Ал кейбір басылымдар оны Мұхаммед Әли мен Майк Тайсоннан да жоғары қояды.

Барша жанкүйер әйгілі боксшыны көбіне-көп Мейвезер емес, Money деп атайды. Ағылшын тілінен аударсақ, бұл – ақша деген сөз. Яғни ол қаржы табудың жолын жақсы біледі. 2007 жылы Оскар де ла Хоямен жұдырықтасқаны үшін Флойдтың есепшотына 136,9 миллион АҚШ доллары аударылды. 2013 жылы Сауль Альвареспен айқасып, 150 миллионға байыды. 2015 жылы Мэнни Пакьяомен күш сынасқаны үшін 437 миллион шамасында олжаға кенелді. 2017 жылы ережесіз жекпе-жектің хас шебері Конор Макгрегорды 10-раундта ұрып жығып, 100 миллионды «әмиянына» салды. Кәсіпқой бокс тарихында Мейвезерге дейін ешкім осындай көлемде мол қаражатқа иелік етіп көрмеген.

Сондай-ақ оның өз бизнесі бар және де түрлі брендтерді жарнамалап, одан да көп пайда көреді. Мәселен, өзі құрған Mayweather Boxing + Fitness спорттық дүкендер желісі жылына 100 миллион доллар табыс әкеледі. The Money Team мен The Best Ever брендтік киімдері арқылы 25 миллионды иемденуде. Лас-Вегастағы Girl клубының жылдық табысы 15 миллионды құрайды. Міне, осылай жалғаса береді.

2018 жылға дейін Мейвезер әлемдегі ең бай спортшылар тізімінде жеке-дара көш бастап келді. Тіпті ол атақты футболшылар мен теннисшілер, гольф шеберлері мен баскетболшылардың өзде­рінен асып түсті. Дәулеті тасыған даңқты боксшы өзінің сүйікті ісінен әлдеқа­шан қол үзгенімен, қаржылық жағдайы жақсармаса, кеміген емес.