28 Наурыз, 2014

Елбасы ауылындағы ерекше мереке

371 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері һәм кіндік қаны тамған құтты мекенінде тойланған наурыз мейрамы ауылдың ауызбіршілігін, елдің ынтымағын көрсетті. DSC_0059 Қарасай ауданында, оның ішінде Үшқоңыр ауылында биылғы наурыз мерекесі жылдағыдан өзгерек аталып өтті. Бұл жолғы кеңінен тойланған әз Наурыздың бастамашылары да, иелері де, ұйымдастырушылары да – тікелей Елбасы әулеті болды. Әнипа Әбішқызы мен Болат Әбішұлы өз үйлерінің есігінің алдына бұрынғы ата салт-дәстүр бойынша киіз үйлер тігіп, ауылдастарына дастарқан жайып, наурыз көжеге шақырды. Ұлттық тағамдар мен ұлттық сусындар самсаған дастарқаннан үлкендерге сыбағаларын тартты. DSC_0403 - копияЕлбасының «Туған жерім, рақым нұры тұнған жерім» деп жырлаған бұрынғы Шамалған, қазіргі Үшқоңыр ауылында бүгінде қырыққа жуық ұлт өкілдері тату-тәтті тіршілік етуде. Он бес мыңнан асатын халыққа жаңадан салынған көпсалалы 50 төсектік аурухана, 150 адамды бірден қабылдайтын емхана, өскелең ұрпаққа тиянақты білім беретін ауылдағы заманауи үлгідегі төрт мектеп қызмет көрсетеді. Оның ішінде Елбасы оқыған Қарасай батыр (бұрынғы Фурманов) мектебінің орны ерен. Өйткені, ондағы «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайы ауыл тарихы мен Елбасының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертеді. Сондай-ақ, Су шаруашылығы колледжі, «Күмбезді ел – көрікті» демекші, анадайдан менмұндалап тұрған Қарасай мешіті, Мәдениет үйі, Жастар орталығы – ауылдың ажарына ажар қосып тұр. Үшқоңыр ауылдық округінің әкімі Әділбек Далабаевтың айтуынша, ауылда ауыз су, көгілдір отын мәселесі де шешіліп, орталық көшелер самаладай жарқырайды. Соған қарағанда ауыл келбеті, оның тыныс-тіршілігі бүгінде сүйсінерлік жағдайда. Үлкен-кішісіне ізет білдіріп, сыйластығы жарасқан, мерейі үстем елді мекенде Елбасының кіндік қаны тамып, туып-өскен, балалық шағын өткізген қара-шаңырақтың да түтіні түзу шығып, оты өшпей маздап тұр. Ауыл адамдары мен қонақтарын наурыз мерекесімен Парламент Сенатының депутаты Ләззат Тұрлашев құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Үшқоңырлықтар қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы киелі топырақта туып-өскенін әрдайым мақтан тұтып, тілеуін тілеп отырады. Елбасымыз 21 наурызда Астанадағы Қазақ елі алаңында қазақстандықтарды ұлық мерекесімен құттықтап, жиырма үш жыл бойы тәуелсіз мемлекетіміз өз жолымен жүріп, қыруар төгілген еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін айта келе, қазақ халқының алдында тұрған үлкен мақсат – 2050 жылы отыз дамыған елдің қатарына ену болып табылатынын, ал оған жету үшін халыққа береке-бірлік, ынтымақ керек, ынтымағы жарасқан ел болайық деген аталы сөзін білдірді. Міне, осы тілектен артық не айтуға болады. Береке-бірлігіміз артып, ынтымағымыз жарассын, Елбасымызға ұзақ өмір берсін, көпұлтты мемлекетімізді тек биіктен көрейік, қашанда бірлігі жарасқан ел болайық, ағайын», – деді. Бір киер ұлттық киімдерін киген үшқоңырлықтар мәре-сәре. Әжелер қазақы көйлектерін киіп, немерелерін жетектеп мерекенің сәнін асырды. Қазақтың қай мерекесі ойын-сауық, ән-жырсыз өткен. Тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған ауыл әншілері шырқата ән салса, кимешек киген әжелеріміз ауылдың алтыауызын айтты. Ең бір үлгі боларлық жайт, үлкен ауылдың келіндері – Светлана Мырзахметқызы, Гүлжан Төлегенқызы бастап Елбасына, ауылдың үлкендеріне сәлем салды. Ал сәлем салған аналарға Нұрағаның әулеті атынан ықылас гүлі табыс етіліп, жақсы дәстүрмен мерекенің мазмұнын арттырды. Ал Жамбыл ауданынан келген осы әулеттің үлкені, Елбасына бес жасынан домбыра үйреткен марқұм Ақабай Молдахметовтің зайыбы Меруерт апай өзінің осы ауылға келін болып түскеніне алпыс бір жыл толғанын, ал бүгінгі қонақжай дастарқан жасап отырған қайын сіңлісі Сарықызға (Әнипа Әбішқызы), Болат қайнысына, сәлем салған келіндерге аналық батасын берді. «Наурыз мерекесін ұлықтап, оның мәртебесін асырып, тәрбиелік мәнін арттырып, терең ұғынту – біз сияқты аға ұрпақ өкілдерінің еншісінде деп ойлаймын, – деді осы игі істің бастамашысы Әнипа Әбішқызы. – Өйткені, жаһандану үдерісінен туындайтын, жастарымызды улайтын жағымсыз жайттардың алдын алуда осындай ұлттық мереке, ұлттық салт-дәстүрлердің ерекше маңызы бар. Ендеше, бүгінгі шарамыз атадан балаға мирас болып жалғасып келе жатқан дәстүрімізге деген тамшыдай болса да үлес» десе, «Наурыз мерекесі ерекше жылылығымен, мейірімімен адамға ерекше көңіл сыйлайды. Өйткені, табиғат-ана да жаңарып, сол күні адамдар бір-біріне жақындай түседі, бір-біріне көрісіп, кешірім жасасып мәре-сәре болып жатады. Елбасы атамекенге атізін сирек салғанмен, туған жері жүрегінің бір түкпірінде жүреді деп ойлаймын. Өйткені, қашан көргенде алдымен ел-жұрттың амандығын, жағдайын сұрайды», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлына арнаған «Бауырым» әнін орындаған Болат Әбішұлы. «Алып отыз елге теңеліп, қиын­шылық көрмейік», деп тілек білдірген Мырзабек Шымшықов пен Ермек Тоғайбаев сынды ауыл ағалары үш­қоңырлықтарға осындай көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, наурызды тойлауға мүмкіндік жасаған үлкен әулетке халық атынан рахмет айтып, алғыс білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы. ––––––––––––––––– Суреттерді түсірген Нұрболхан ҚҰДАБАЕВ.