“Қарашығанақ мұнайгазконденсаты” кен орны туралы негізгі келісімнің өнім бөлімінде “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” (КПО) халықаралық консорциумының жұмысындағы технологиялық аспектілерден өзге Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік дамуында инвесторлардың қатысуы туралы да анықталған болатын. Осыған байланысты жыл сайын КПО әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға миллион доллар ақша бөледі. Дегенмен, көптеген жобалар құжатта көрсетілген келісім-шарттар шеңберіне сыймай қалып, айтылмай жатады. Мысалы – демеушілік қызметі. Консорциум демеушілік қызметті де белсенді алып жүруде.
Мерекеге сый жасалу қалыптасқан дәстүр. Оған қоса мәні мен маңызы үлкен мереке болса, орны ерекше екендігі тағы бар. Өндіріске жақын Бөрлі ауданының ауылдық жерлерінде тұратын 20 Ұлы Отан соғысы ардагері мен тыл еңбеккеріне шетел фирмалары альянсы санаторийлерге жолдама сыйлады. Таза ауа, жарқыраған күн және су. Бұның бәрі демалыс орнының тура мағынасындағы құрамдас бөліктері болып табылады. Біз әңгіме ететін осы демалыс орнында шынында да таза судың шипалы қасиеті кез келген дәрі мен микстураны алмастыра алады. Санаторийдің атауы да су атымен бірдей “Ақжайық” деп аталады.
Әдеттегідей “Оралдық” деп аталатын бұл демалыс орны әуелгіде басқа демалыс орындарынан ешқандай айырмасы жоқ болатын. Уақыт өте келе, 80-ші жылдардың ортасында сирек минералды сулардың көлемді қоры табылған соң күрделі жөндеуден өткізіп, санаторий-курорт мәртебесін алды. Дағдарыс қиындығы “Ақжайықты” да айналып өтпеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен және тікелей қатысуымен оның екінші ашылуы болды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, оған жаңадан тұрғын және емдеу корпустары салынып, аумағы абаттандырылды. Ең бастысы – “Ақжайық” Оралдың сол жағалауындағы салынып жатқан “Қарашығанақ-Орал” газ құбырынан бірінші рет табиғи газ тартылды. Өңір үшін үлкен маңызы бар осынау ірі көлемді жобаның жүзеге асырылуына тапсырыс беруші “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” екендігін айта кету керек.
Осынау жаңғырулар мен жаңалықтар тұрғысынан қарағанда санаторий КПО-ның кен орны периметріне қарай орналасқан ауылдарда тұратын ардагерлердің демалысы мен сауығуына арналған тендерін ұтып алуы заңды да. КПО-ның тұрғын халықпен жұмыс істеу бөлімінің маманы Ақмарал Әділованың айтуынша, инвесторлардың аталмыш демеушілік бағдарламаны қолдап келе жатқандығына қатарынан 6 жыл болып қалыпты. Осы жылдарда сауықтыру орны өзінің бәсекеге қабілеттілігін іс жүзінде талай дәлелдеді. Ал ондағы ұжым сапалы медициналық қызметтер ұсынады. Сондықтан қариялар бұл жерде 3 апта бойы тек қана тиімді ем алып қана қоймай, өмірлік күш пен сергектік арқылы, ширайды, тыңая түседі. Биыл жоба өз шеңберін кеңейтіп, мұғалімдер үшін де 40 жолдама сатып алынды. Балақайлардың жазғы демалысын дұрыс қамтамасыз ету де КПО-ның тұрақты тәжірибесіне еніп отыр. Оқу үздіктері мен озаттарына қоса, мұнда көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары кіреді. Ал ардагерлер – ерекше қамқорлыққа алынады. Үстіміздегі жылы олардың 30 астамы Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында КПО тарапынан сыйлықтарға ие болды. Компания Бөрлі ауданының естелік кітабының жарық көруіне көмектесті. Белгілі дата күнін тойлауда мүгедектер қоғамы ұйымына көмектесіп, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Зеленов ауданының Щапов кентінде ашылған мемориальды ескерткіш кешенін күрделі жөндеуден өткізіп берді.
КПО өкілдері ардагерлерді үйлерінен сауықтыру-емдеу орнына апарып-әкелуді де өз мойындарына алған. Бұл 200 шақырымды құрайды. Бұл жолы Березовка кентінен келген 20 адам демалып қайтса, олардың орнына Жарсуат ауылының тұрғындары келді. Қалыптасқан дәстүр мерекелік шараға айналып кеткен секілді, үнемі концерттік бағдарламалармен қоса жүреді. Әркез олардың сөздерінде Қарашығанақ әкімшілігі мен “Ақжайықтың” медицина қызметкерлеріне деген зор алғыс сезіледі. Соңғы жылдары қызметтің барлық түрі жақсарып келе жатқанын санаторий директоры Қайдар Базарәлиев те жоққа шығармайды. Ол “Ақжайық” көрсететін медициналық қызмет сапасы тек еліміздің ғана емес, сырт елдердегі санаторийлермен бәсекеге түсе алатындай деңгейде екендігіне шүбә келтірмейді.
КПО-ның демеушілік бағдарламаларында жергілікті тұрғындардың талап-тілектері де ескеріліп отырады. Демеушілік комитеті жұмыс жасайды, олар сауалнамалар жүргізіліп, жалпылама тыңдаулар өткізіледі. Аталмыш ауылдарда арнайы кеңестер құрылып, компаниямен тікелей байланысатын болды. Кеңеске ауылдың құрметті азаматтарымен және қарияларымен қоса, КПО өкілдері кіреді. Мұндай тығыз қарым-қатынас халықтың маңызды деген проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Оған қоса, әрбір жобаның тиімділігі, мақсаттылығы есептеліп, пайдалы жұмыстың коэффициенті болжанады. Мысалы, қазіргі таңда экономикалық қатысуы арқылы аграрлық бизнесті дамытудың жаңа бағдарламасы қолға алынуда. Кейбір мектептерге және білім беру орындарында жөндеу жүргізуді қаржыландыру мен автобуспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Кен орнына таяу орналасқан ауылдарда “Солақай” көшпелі өнер мектебі үлкен танымалдылықпен қолданылуда. Ауыл балаларының таңдауында да шек жоқ. Бұлар – сурет, сазбалшықтан мүсін жасау, мүсін, кәдесый дайындау, тоқу, тоқыма, тігін тігулер. Басқаша айтсақ, “патша көңілің білсін” қағидатын ұстанады, яғни әркім өз қалағанымен айналысады. Ауыл тұрғындары бұл бағдарламаны өте сәтті шыққан деп есептейді. Көшпелі мектептің тәжірибесін ескере отырып, КПО ағылшын тілін факультативті оқытуға мүмкіншілік қарастырылуда.
2009 жылы КПО 45 ұйымға қолдау көрсетті. Негізгі басым бағыт – балалар мен аға ұрпақты қамқорлыққа алу болып табылады Осы орайда, ардагерлерді сауықтыру мен демалысын ұйымдастыру ең ұзақ мерзімдік жобалар санатына кіреді.
“Біздің алға қойған мақсаттарымыз – үлкен, жоспарларымыз – көп”, – дейді “Ақжайық” директоры Қайдар Базарәлиев. “Тағы бір корпусқа жөндеу жүргізілуде. Ол бітсе жерлестерімізді отбасылық демалысқа да шақыра алатын боламыз. Бірақ бізде демалушылардың көпшілігі үлкен жастағы адамдар. Мен өз қызметкерлеріме ардагерлерге өз ата-аналарыңдай қарап, мәпелеңдер деп айтудан жалықпаймын. Өйткені, жақсы көңіл-күй де емнің бір түрі”.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.