Аймақтар • 24 Ақпан, 2022

БҚО әкімі шетелдік инвесторлармен кездесті

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Біріккен Араб әмірліктері мен Түркияға барып, бірнеше іскерлік кездесу өткізді. Аталған елдердегі Қазақстан елшіліктерінің қолдауымен өткен кездесулердің мақсаты – өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру.

БҚО әкімі шетелдік инвесторлармен кездесті

Ғали Есқалиевтің айтуынша, бұл кездесулер алдын ала жоспарланған.

«Теректі ауданындағы мұнай өңдеу зауыты жобасына инвестор болып табылатын Әбу-Даби әмірлігінің шейхімен зауыт құрылысы кезінде туындаған кейбір мәселелерді талқыладық. Біз жобаны жедел түрде жүзеге асыру бойынша сұрақтарды талқылап, міндеттерді айқындадық. Инвестор жоғары өнімділігі бар мұнай өнімдерін өңдейтін және қызметкерлеріне (200-ге жуық қызметкер) еңбек ету мен демалуға ыңғайлы, жақсы жағдай жасалған заманауи зауыт салуды көздеп отыр» деді ғали Есқалиев сапар қорытындысы туралы.

Айта кетейік, еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауыты Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Алғабас ауылына жақын жерде салынатыны жөнінде 2019 жылы хабарланған еді. Жоба құны - 420 миллион АҚШ доллары болатыны, жаңа мұнай өңдеу зауытына шикізаты Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнынан жеткізілетіні белгілі болған. Зауыт инвесторлары жобаны жүзеге асыруға екі жыл уақыт керектігін, ол 2020 жылдың соңына дейін іске қосылуы керектігін айтқанымен, ол жоспар жүзеге аспай қалған.

ө

БҚО әкімі осы сапарында шетелдік инвесторлармен қой етін өндіру жобасы және араб елдеріне арналған селекциялық жұмыстар бағытын талқылаған. Жақын арада араб инвесторларының мамандар тобы Батыс Қазқстан облысына келмек.

Ғали Есқалиев сонымен бірге Ыстамбұл қаласында Орал арқылы әуе жүк тасымалы көлемін арттыруға, мал терісін өңдейтін зауытты қалпына келтіруге, сондай-ақ Орал қаласында салынып жатқан 4 жұлдызды қонақүйді басқаруға ниет білдірген компаниялар жетекшілерімен кездесті. Өңір басшысы ықтимал инвесторлардың қаржысынан гөрі олардың осы саладағы көпжылдық тәжірибелері маңызды екенін айтады.

«Араб және түрік кәсіпкерлері біздің елмен өте жақсы таныс. Қазақстан халқына асқан құрметпен қарайтынына көз жеткіздім. Мұны пайдалану керек. Өйткені әлем елдері инвестиция тарту үшін бар күштерін салуда. Алдағы бір-екі айда біз бұл кездесулердің алғашқы нәтижелерін көретін боламыз. Бұл кездесулер Батыс Қазақстан облысының дамуына оң серпіліс беретініне сенімдімін» деп жазды Ғали Есқалиев өзінің әлеуметтік желідегі парағында.

 ұқ

 

Батыс Қазақстан