Экономика • 24 Ақпан, 2022

Утиль алымы: Қазақстанда құрастырылған техникаға төленбейді

204 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде утиль алымына қатысты дау-дамай әлі де басылған жоқ. Үкімет мұндай алым түрін 50%-ға дейін төмендеткенімен, оны толық түсінбей жатқан отандастарымыз бар. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында осы мәселе көтеріліп, өнеркәсіп өнімдерінің кейбір түрлеріне утиль алымының мөлшерлемесін төмендетуге қатысты орамды ой-пікір айтылды.

Утиль алымы: Қазақстанда құрастырылған техникаға төленбейді

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Біздің де жұмыста жіберген қате­лігіміз болар, утиль алымы туралы қоғамға дұрыс түсіндіре алмадық. Соны пайдаланып, кейбір қоғам бел­сен­ді­лері утиль алымы туралы қоғам­да шын­дыққа жанаспайтын пікір, ұғым қа­лып­тастырып отыр. Отандық көліктің бағ­асында ешқашан кәдеге жарату алы­мы болған жоқ. Бұл ретте мына мәсе­лені атап өткен жөн. Жеңіл көлік жайында айтар болсақ, KIA, Hyundai модельдеріне халықтың сұранысы жоғары. Қазақстанда KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Lada сияқты автомобильдер толығымен құрастырылады. Олардың өнді­рісі осында қалыптасқан. Осы модельдерді алғанда халық еш­қа­­шан утиль алымын төлеген жоқ», деді Ин­дустрия және инфра­құрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.

Оның айтуынша, былтыр нарық­та са­тыл­ған автокөліктердің 65 па­йызын отандық өнімдер құра­ды. Яғни жаңа көлік сатып алған қазақстандықтардың 65 па­йызы кәдеге жарату алымын төле­ген жоқ. Қалған 35 пайыз им­порт­­тық көліктің басым бөлі­гі Mer­cedes, BMW сияқты пре­миум сана­тындағы машиналар. Бұл кө­лік­терге утиль алымы төлен­ді. Бірақ түскен қаражат ертең елдің игі­лігіне, яғни халыққа жеңілде­тіл­ген автонесие беруге жаратылады.

«Ауыл шаруашылығы өндірі­сімен айна­лысатын әріптестеріміз, осы салада­ғы мамандар ауыл ша­руа­шылығы тех­ни­касы құнының утиль алымы кесірі­нен қымбаттап бара жатқаны туралы бір­неше рет мә­селе көтерді. Бұл да шын­дық­қа жа­наспайды. Ең алдымен статис­­ти­каға жүгінейік. Былтыр еліміз­де қан­ша трактор, комбайн сатыл­ған бол­са, соның 89%-ы отан­дық өн­діріс­­ке тиесілі. Яғни ауыл ша­ру­а­шы­лы­­ғына қа­жетті трактор мен ком­байн сатып алған кәсіпкер­лер­дің 89%-ы кәдеге жарату алымын тө­ле­меді. Бұл – ресми дерек», деді спикер.

Оның айтуынша, шетелдік техниканы шығаратын шетелдік компанияның өндіріс ошағы Қазақ­станда орналасса, онда құрас­тырылған техникалардан утиль алымы алынбайды.

«Ауыл шаруашылығында Бела­русь­тың МТЗ тракторына сұра­ныс өте жоғары. МТЗ бізге ке­ліп зауытын ашты. Тіпті әрі қарай локализацияға барып, кабина­сын өзімізде толығымен шы­ғарып, Бела­русь­қа экспортқа жібе­реміз. Беларусь­та кабинасы шы­ға­рыл­майды. Соны­­мен қатар Ловол, Кировец, YTO трак­­тор­ларына сұраныс бар. Яғни халық­­тың сұранысына ие ауыл ша­руа­­шылығы техникасының бәрі өзі­мізде құрастырылады. Осы тех­ни­ка­ларды сатып алу барысында еш­қандай утиль алы­мы төленбейді. Ком­байнға келсек, ауыл шаруашы­л­ы­­ғында жүр­ген­дер арасында Рос­­сель­­маш, Гомсельмаш техни­ка­лары сұра­нысқа ие. Соның ішін­­де жоғары санаттағы Токана ком­­байны да бар. Оның барлығы өзі­­мізде өндіріледі. Демек ауыл ша­­руашылығы саласында техника са­­тып алғандардың 89%-ы утиль алы­­мын төлеген жоқ, қалған 11%-ы төледі», деді М.Қарабаев.

Вице-министр жоғары санат­тағы техника алғандар ескі техниканы тапсырып, 2 млн теңгеге дейін ваучер ала алатынын да еске салды. Ваучер отандық техниканы жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал ваучер импорттан түскен қаражаттан қалыптасады. Бұған қоса, Қазақстанда орналасқан зауыттар еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет көрсету орталықтарын ашты. Бүгінде қажетті қосалқы бөлшектерді бұрынғыдай басқа елден жеткізілгенін күтпей, бірден сатып алуға болады.

«Кейбір қоғам белсенділері утиль алымы азық-түлік қауіп­сіз­дігіне де кері әсерін тигізіп отыр­ғанын айтады. Бұл да шындыққа жанаспайтын ұғым. Қайта ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттардың отандық болуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Шетелдік зауыттар келгеннен кейін еліміздің түкпір-түкпірінде қыз­мет көрсету орталықтарын ашып отыр. Бұрын елімізде өндірісі болмаған кезде техниканың қосалқы бөлшегі қажет болғанда күтуге тура келетін еді. Өйт­кені басқа елден келеді. Ал қыз­­мет көрсету орталықтары ашыл­­­ған­нан кейін бұл мәселе же­ңіл­деді. Бұ­ған қоса, пандемия ке­зінде 1 мың же­дел жәрдем көлі­гі­не сұра­ныс туындап, оны отан­дық зауыт­тар 2 айдың ішінде құрас­ты­рып шық­ты. Мұны қалай жүзе­ге асы­р­дық? Ең ал­дымен, еліміз­де авто­көлік өн­ді­­рісі бар. Панде­мия бас­талған кезде елдер бір-бірі­не еш­теңе шығарма­ды. Логисти­­ка­лық жұмыстар тоқтап қалды», деді спикер.

Оның айтуынша, импорттық техни­каның (ауыл шаруашылығы техникасы) бағасын білу қиынға соғады. Ондай өнімнің өзіндік бағасы 10 теңге болып, елде 25 тең­ге­ден сатылуы мүмкін. Ал шетел­дік зауыттар елімізге келген кезде тех­никаның бағасын көру­ге бола­­ды. Себебі зауыттар тех­ник­а­ны құрас­тыратын қосалқы бөл­шек­­терді делдалдардан алмайды. Тікелей зауыттан алады. Сон­дық­тан қосалқы бөлшектердің қандай бағамен келетінін біле аламыз. Яғни оның құнының ашық болуына әсер етеді.

«Кейбір қоғам белсенділері «ӨКМ оператор» арқылы отан­дық көлік суб­сидия алды деп жүр. Отандық авто­көлік ешқандай да мем­лекеттік қолдау немесе субси­дия алған емес. Мәсе­лен, импорт­тық техника елімізге жеткізілгенде утиль алымы төленеді. Нарық­қа шығарылғанда құнына утиль алы­мы кіреді. Ал отандық техниканың утиль алымын төлемеу алгоритмі қан­дай? Бекітілген қағида бар. Яғни алды­мен кәдеге жарату алы­мын төлейді. Одан кейін ақша­сын қайтарып алған соң техникасын нарыққа шығарады. Сол ақша­сын төлеп, кейін қайтарып алға­нын кейбір белсенділер автоөндіру­шілерге жасалған субсидия немесе мемлекеттік қолдау деп жүр. Ондай қолдау жоқ», деді М.Қарабаев.

Вице-министр 4 пайызбен берілетін автонесиеге қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгіме айтылып жүргенін, ондай пікірлер де шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Кеше 4 пайызбен жеңілдетіл­ген автонесие береміз дедік. Ал бүгін «Ол несие құны 10 млн тең­ге­ден аспайтын белгілі бір модельге ғана беріледі екен» деп жатыр. Бұл жалған ақпарат. Ол көлік құ­нына емес, берілетін несиеге бай­ла­нысты. Яғни 10 млн теңгеге де­йін несие беріледі. Егер машина құ­ны осыған сай болса емін-еркін ала­­сыз. Ал алатын ма­ши­на құны одан қымбат болса, онда сіз 10 млн үстіндегі 1 не 2 млн теңгені қал­та­­ңыздан төлейсіз», деді вице-министр.

М.Қарабаев автонесие бағдар­ламасы 2-3 модельге ғана бері­летінін жоққа шығарды. Алайда көліктің аса қымбат моделін мінгісі келгендерге мемлекеттік қолдау көрсетілмейді.

«Автонесие бағдарламасы автомо­­биль­дің тек 2-3 моделіне ғана емес, бар­лық моделіне бері­леді. Бірақ Hyundai Palisade сияқ­ты қымбат модель бар. Олар­ға беріл­мейді. 25 млн теңгеге маши­на сатып алуға жағдайы бар адамдар өз қаражатына алсын. Біздің ойымыз – қалтасы көтермейтін халықты қол­дау. Бізде автокөлік саласы жоқ. Құр дөңгелегін алып, қоя салады деп жатады. Бұл олай емес. Жалпы, көлік құрастыру сала­сын үш кезеңге бөлуге болады. 1-ке­зең – ірі торапты құрастыру. 2-кезең – ұсақ торапты құрастыру. 3-кезең – қосал­қы бөлшекті өз еліңде шыға­ру. Бұл әлем­дік алгоритм. Өткен 10 жыл­да біз то­лы­ғымен ірі торапты құрас­тыру­­ды үйрендік. Енді ұсақ торап­ты құрас­­тыруға өтіп жатырмыз. Ірі торап­ты құ­­рас­­тырғанда 50-100 операция жасала­ды. Ал ұсақ торапта – дәнекерлеу, бояу, ша­нақты құрастыру, оны майыс­тыру бар, яғни мыңнан астам операция жасалады. Оны істейтін мамандар – ел азаматтары. Бүгінгі қалыптасып келе жатқан елдің инженерлік әлеуеті. Сервис­тік қыз­меттерді қоса есептегенде, 14,5 мың адам еңбек етуде. Олар жоғары жалақы ала­ды, жоғары технологиялық маман­дар ретінде қалыптасуда», деді спикер.