Экономика • 24 Ақпан, 2022

Атом электр стансасы не үшін керек?

8502 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қоғамда осы сауалға жауап іздеген адам көп. Оның пайдасы мен зиянын саралап, салмақтап жүргендер де жетіп артылады. Көптің көкейіндегі сауалға біз де жауап іздеп көрдік.

Атом электр стансасы не үшін керек?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Тұрақты генерация көзі болмақ

Әлбетте, Үкіметтің ұста­нымы – атом электр стансасы салынуы керек. Энергетика ми­нистрлігі Атом энергетикасы және өнер­кәсібі департаментінің директоры Жаслан Қасеновтің пікі­ріне қара­ғанда, мұндай стан­­са энергетика мен эколо­гия­дағы тұрақтылық үшін керек. Бұл парниктік газ­дардың шығар­ын­дыларын азайтып, электр гене­ра­циясының тұрақты көзіне ай­налмақ.

– Елімізде электр энергия­сын тұтыну көлемі ұлғаюда. Тиі­сінше, қолда бар қуат көз­дерінің қор­лары таусылуға жақын. Тұрақты генерацияның болмауы­нан ал­дағы уақытта электр энер­гиясына деген қа­жеттілік туындауы мүмкін. Әсі­ресе оң­түстік өңірлерде. Оң­түс­­тікті энергиямен жабдықтау жүйесін­дегі ақаулар саладағы бір­ша­ма проблеманың бетін аш­қан­­дай болды. Қысқасы, алдағы уа­қыт­та энергия тапшылығы орын ала­тындықтан, жаңа базалық қуаттарды енгізу қажет, – дейді Ж.Қасенов.

Әлемдік қоғамдастық соңғы жылдары көміртектің бейтараптығына ерекше көңіл бөлуде. Халықаралық қаржы инс­титуттары көмір электр стансаларына инвестиция құюдан жаппай бас тартуда. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін күн тәртібіне шығарған көп фактордың бірі осы. Өйткені, жаппай газға көшу мүмкін емес. Оның да қоры шектеулі. Ал жаңғырмалы энергия көздері климаттық жағдайға тәуелді. Демек, ол да тұрақты және базалық генерация көзі бола алмайды.

– Атом электр стансасын салу – істен шыққан қуаттардың орнын толтырудың тиімді шешімі, – дейді министрлік өкілі.

Әлемдік трендтен тыс қалғысы жоқ

Атом энергетикасының энергети­каның дәстүрлі саласына айналғанына да жарты ғасырдан асты. Қазір әлемнің 31 елі атом электр стансасын пайдалануда. Дүние жүзінде жалпы қуаты шамамен 391 кВт болатын 439 энергетикалық реак­тор бар. Бұдан бөлек қуаты 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. Атом-энергетикалық қуаты мол елдер­дің қатарында АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Ресей және Кореяны айтуға болады.

– Әлем энергетикалық дағдарыспен арпалысып келеді. Сол себепті бірқатар ел ядролық-энергетикалық бағдар­ла­маны қайта бастау туралы шешім қабылдады. Мәселен, таяуда Франция ядро­лық энергетиканы жандандыруды қолға алды. 2035 жылға қарай бұл мемлекет жаңа реактор санын 14-ке жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь мемлекеттері атом энергетикасын дамытуға көңіл бөле бас­тады. Қазір бұл елдерде тиісті құрылыс жұ­мыстары жүріп жатыр. Бұрын атом электр стансасынан бас тартқан Польша да энергетикалық бағдарламасын жа­ңарт­пақ. Еурокомиссия Еуроодақ ел­дері­не 2050 жылға қарай көмір­тегі бей­тараптылығына көшу бағдарла­масына атом энергетикасын қосуды ұсынды. Қазақстанда да бұл саланы дамытудың әлеуеті зор. Атом электр стансасын салу мультипликативті әсер бермек, – дейді Ж.Қасенов.

Қазір елімізде атом энергетикасын дамытуға қатысты зерттеулер жүр­гізілуде. Онда табиғи-климаттық фак­тор­лар мен стансаның қоршаған орта­ға әсер етуі барынша ескерілмек. Ж.Қа­сенов­тің пікіріне сүйенсек, әзірше 6 әлем­дік жеткізушінің ядролық технология­лары зерделену үстінде. Бұлар – америкалық, америкалық-жапондық, кореялық, қытайлық, ресейлік және франциялық технологиялар. Егер Қазақстан атом электр стансасын салатын болса, жоға­рыда аталған алты техноло­гияның бірін негізге алады.

– Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға мүмкіндік мол. Біз уран өндіру бойынша әлемде бірінші орындамыз. Ядролық отын компоненттерін өндіретін өз өндірісіміз бар. Яғни жылу бөлетін құрамаларды таблеткалау және өндіру өз жерімізде жүзеге асырылады. Сондай-ақ біздің елде уранды изотопты байыту қызметтері қолжетімді. Былтыр Үлбі металлургия зауытының базасында Қытай атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Атом электр стансасын салу Қазақстанның энергетикалық жүйесін тұрақтандырып қана қоймай, жалпы атом саласы мен экономиканың өзге де салаларының дамуына үлкен серпін бермек, – дейді ол.

Артық қуатты атомнан алады

Энергетика министрлігі Электр энер­­гетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаевтың айтуын­ша, бүгінде Қазақстанның бірыңғай энер­гетикалық жүйесі өзін өзі теңгерім­деу режі­мінде жұмыс істейді. Бұл ретте жүйе­дегі жүктеме тым көбейген уақытта электр энергиясының жетіспеушілігі сезі­леді. Осының салдарынан энергия өн­діруші ұйымдардың негізгі жабдық­тары жиі тоқтап қалады. Былтыр электр энергиясын тұтыну 113,9 млрд кВт/сағат­ты құ­рады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіш­тен 6 пайызға артық. Оған дейінгі жылдары тұтыну көлемі орта есеппен 2 пайызға ға­на өсетін. Көрсеткіш былтыр бірден 3 есе ұлғайған. Бұл дұрыс емес, әлбетте.

– Инвестициялық келісімдер шең­берінде 2025 жылға қарай 1 760 МВт қуат­тылықты жаңғырту жоспарланған. Сон­дай-ақ ұлттық электр желісін жаңғыр­ту, оның ішінде батыс және оң­түс­т­ік аймақтардың энергия жүйесін күшей­ту, батыс аймақты бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосу жұ­мыс­тары жүргізілуде. Биыл шамамен 1 240 МВт маневрлік қуатты салуға аук­циондық сауда-саттық өткізу көзделген. Энергетика – экономикадағы жүйе құраушы сала. Сондықтан басқа салаларға қарағанда әлдеқайда ілгері дамып отыруы керек, – дейді А.Дәрібаев.

Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің 2035 жылға дейінгі энергетика­лық балансы әзірленгені белгілі. Аталған құжатта жаңа тұтынушыларды енгізу ескерілген. Болжамға сәйкес 2035 жыл­ға қарай электр энергиясын тұтыну шамамен 153 млрд кВт/сағатты құрамақ.

– Біз энергия балансына сәйкес жұмыс істеп, энергетикалық қуаттарды енгізе алмасақ, жұмыс істеп тұрған энергия көздері халықтың және экономиканың қажеттілігін өтеуден қалады. Сондықтан 2035 жылға қарай жиынтық қуаты 17,5 ГВт болатын жаңа қуаттарды іске қосу керек. Аталған қуаттың шамамен 10 ГВт-ы – көміртекті генерация көз­дерінен, 6,5 ГВт-ы жаңғырмалы энергия көздерінен алынады деп жоспарлануда. Алайда қаржы институттары көмір стансаларын қаржыландырудан жаппай бас тартуда. Сол себепті көмір гене­рациясының мүмкіндігі шектеу­лі болмақ. Осыған орай базалық генера­ция­ның жаңа көзі ретінде атом электр стансасы қарастырылып отыр, – дейді А.Дәрібаев.

Сонда 2035 жылға қарай іске қосылу­ға тиіс жаңа энергетикалық қуат­тар­дың құрылымы келесідей болмақ: 6,5 ГВт – жаңғырмалы энергия көздері, 5 ГВт – газ генерациясы, 2 ГВт – су электр стансалары, 1,5 ГВт – көмір гене­ра­­циясы, 2,4 ГВт – атом генерациясы. А.Дәрібаевтың пікіріне қарағанда, дәл осы құрылым базалық және реттеу қуа­ты­ның тапшылығын өтеуге жеткі­лік­ті. Сондай-ақ бұл көлем энергия жүйе­сінің тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.

Болжамға сәйкес 2035 жылға қарай электр энергиясын өндіру құрылы­мын­да көмірдің үлесі 40 пайызға дейін төмен­демек. Қазір оның үлесі 70 пайыз­ға тең. Жаң­ғырмалы энергия көздері 23 пайызға дейін артады деп күтілуде. Сол секілді газ генерациясы 18 пайызға, су электр ста­н­саларының үлесі 7 пайызға, атом электр стансасының үлесі 12 па­йыз­ға жетпек.

Қысқасы, базалық қуаттылықты толықтай һәм тұрақты қамтамасыз ету үшін атом электр стансасын салу керек. Өйтпеген жағдайда елдегі электр стансалары жерге қаратуы мүмкін.

– Бүгінде елімізде 214 электр стансасы бар. Оның дені 30 жылдай үз­діксіз қызмет етіп келеді. Сол себепті стан­са­лардың тозу деңгейі 53 пайызға жетіп отыр. Жыл сайын қаржы жұмсап құрылғыларды жаңартпасақ, жағдайдың нашарлай түсері анық. Маневрлік режімде жұмыс істейтін стансалардың азды­ғына байланысты бұлардың барлы­ғын кешкі уақытта толық жүктемемен пайдалану мүмкін емес. Оның үстіне, күн энергиясын пайдаланатын электр стансалары кешкі уақытта жұмыс істемейді. Сондықтан жетпей жатқан қуатты кешкісін Ресейден алып, түнде қайтарып беруге тырысамыз, – дейді ол.

Энергетикалық тәуелсіздікті нығайтады

Елімізде атом электр стансасы салынды дедік. Алайда стансада жұмыс істейтін мамандар бар ма? Оның қалып­ты жұмысын кімдер қадағаламақ? «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және актив­терді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Төтебаевтың пікіріне сүйенсек, мұндай мәселе туындамауы керек.

– Кезінде Алматы энергетика және байланыс университетінде атом стансасы бойынша мамандар даярланатын. Атом стансасының жылу бөлігі Екібастұз стансасындағы турбиналармен бірдей. Біз оларды ұзақ жылдар бойы пайдаланып келеміз және аса бір мәселе туындаған емес. Сондықтан маман тапшылығына қатысты мәселе туындамайды деп ойлаймын, – дейді С.Төтебаев.

Оның айтуынша, ядролық қон­дыр­ғы­лар барынша қауіпсіз болуы керек. Париж келісімі бойынша көміртек деңге­йін төмендету керек. Бірақ бүгінде жаңа нысандарды енгізуге байланыс­ты көміртегі шығарындыларының ішінара өсуі байқалып отыр. Көмірді неғұр­лым көп жаққан сайын көміртегі шыға­рындылары да соғұрлым көбейе түсуде.

Энергетика саласының сарапшысы Алмаз Әбілдаевтың айтуынша, атом электр стансасы Қазақстанның энерге­тикалық тәуелсіздігін нығайта түспек.

– Атом энергетикасы – электр энергиясын өндірудің әлеуетті түрі. Бұл сала әлемде сұранысқа ие. Әсіресе Парсы шығанағындағы мұнай өндіретін елдер осыған ден қоя бастады. Бұл тегін емес, әрине. Өйткені атом энергетикасы экология мен энергетиканың теңгерімін реттейді. Еурокомиссия сарапшылары да реакторларда өндірілетін электр энергиясының зияны күн панельдеріне қарағанда төмен деген қорытындыға келген, – дейді А.Әбілдаев.

Сарапшы атом энергетикасы кез келген уақытта және кез келген жерде қауіпсіз энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін алға тартты.

– Сондықтан атом энергетикасына көшу керек. Еліміздің оңтүстігінде пайда болған энергия тапшылығы энергетикалық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарды. Мұны мойындауы­мыз керек. Ал атом энергетикасы­на қатысты проблемалар әзірше идео­логиялық сипатқа ие. Ойдан шыға­рылған фобиялар көп. Қазақстанда атом электр стансасының құрылысына кем дегенде 10 жыл кетеді, – дейді ол.

Атом саласы Қазақстанның ғылы­мын ілгерілетуге жол ашады деген пікір де айтылып жүр. Бұл өз кезегінде тех­ни­калық жоғары оқу орындарының дең­гейін көтермек. Мұны уақыттың енші­сіне қалдырған дұрыс, әлбетте.