Қаржы • 24 Ақпан, 2022

Теңге теңселіп кетті

648 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіске байланысты рубль тарихта болмаған рекордтық қарқынмен құлдырады. Доллардың құны өсті. Бұл жағдай теңгені де теңселтіп жіберді. Қазақстанның Ұлттық банкі валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтап, теңгемен сақталған активтерді қорғау үшін шұғыл түрде базалық мөлшерлемені 10,25%-дан 13,5%-ға көтерді.

Теңге теңселіп кетті

Ресей мен Украина арасындағы ахуалға байланысты рубльдің күрт құнсыздануы теңгені де әлсіре­тіп жіберді. Кеше таңнан бастап Қазақ­стан қор биржасындағы валюта­лар бағамы минут са­йын өзгерді. Сол күні теңгенің дол­лар­ға шаққандағы алғашқы бағамы 442 теңгемен басталса, бір­неше минуттан кейін бір дол­лар 447 теңгеге шарықтады. Көп ұзамай теңге мен доллар жұбы 460-тан асты. Осылайша, KASE алаңындағы валюта сау­дасы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен құбылды.

Ұлттық валютаның құнсыз­дануына байланысты Қазақ­станның Ұлттық банкі шұғыл шешім шығарып, 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап базалық мөл­шерлеме +/- 1 п.т. пайыздық дә­лі­зімен жылдық 13,5% дең­гейін­де белгіледі. Өтімділікті ұсы­ну жө­ніндегі тұрақты қол­жетім­ді опера­циялар бойынша мөл­шерлеме – 14,5% және өтім­ді­лік­ті алу жөнін­дегі тұрақты қолжетімді операция­лар бойынша мөлшерлеме 12,5% болады. Мұндай шешім теңгені сәл де болса нығайтуға тиіс.

«Инфляциялық таргеттеу шеңберінде жүргі­зілетін ақша-кредит саясаты мак­роэко­номикалық тұрақты­лық­ты қамта­масыз етуге және теңгедегі актив­терді қорғауға бағытталған. Валю­талық интервенциялар жүргі­зу құқығын сақтай отырып, біз теңгенің еркін өзгермелі айыр­бас­тау бағамы режімін ұстану­ды жалғастырамыз. Бұл теңге актив­терінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінген Ұлттық банк таратқан мәліметте.

Осылайша, Ұлттық банк 2022 жылғы 24 ақпандағы сағат 13:00-дегі жағдай бойынша 104 млн доллар сомасына валюталық интервенция жүргізді. Сөйтіп, осы аптадағы валюталық интервенция 137 млн долларды құрады. Базалық мөлшерлеме жөнін­дегі кезекті шешім енді 2022 жыл­ғы 9 наурызда Нұр-Сұлтан қала­сының уақыты бойынша 15:00-де жарияланбақ.

Ұлттық валютаның әлсіреуі депозитке теңгемен сақталған салым­дарға да кері әсер ететіні белгілі. Осыны ескерген Үкімет Ұлттық банкпен бірле­сіп, теңге­дегі салымдарды қорғау бағ­дар­ламасы жөніндегі бірлескен мәлім­деме жасады. Онда теңге жинақтарына қосымша сыйлық­ақы есептелетіні айтылған. Бағдарламаға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы жағдай бойынша салымдарға кепілдік беру жүйесіне қатысушы бір немесе бірнеше екінші деңгейлі банктерде және Отбасы банкінде ашылған жеке тұлғалардың тең­ге­дегі салымдары қатысады. Сый­лық­ақы мөлшері 10% болып белгі­ленді. Өтемақы ағымдағы және кар­точкалық шоттарға және шарт­ты депозиттерге төленбейді. «Сый­лықақы бағдарламаны іске асыру бас­талған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы салымдарға бір рет есеп­теледі. Өтемақыға жеке табыс са­лы­ғы салынбайды. Салымды іші­нара алу кезінде өтемақыны (сый­лықақыны) төлеу жоғарыда көр­сетілген лимиттерді ескере отырып, ақша алынғаннан кейін салым қал­ды­ғының сомасына есептеледі», дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Сыртқы факторлар еліміздің эконо­микасына салқынын тигіз­беу үшін Үкімет пен Ұлттық банк шұғыл шараларды қолға ал­­ғаны­мен теңгенің жағ­дайы әзір­­­ше тұрақты емес. Эконо­мист Оразбек Мырзақұл теңге баға­мына төрт фактор әсер ететі­нін айтады. Оның біріншісі мұ­най бағасы болса, екіншісі – рубль­дің курсы, үшіншісі – доллар­дың индексі, төртіншісі – макро­эко­номикалық ахуал. «Мұнай бағасы қымбаттады. Brent сұрыпты мұ­най бағасының өзі 100 доллардан асты. Бұл теңгені бекемдеуге тиіс еді. Бірақ қалған үш фактор ұлттық валютамыздың жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Мәскеу биржасында рубльдің бағамы күрт құлдырады. Украинадағы ахуал доллар индексін де көтеріп жіберді. Ал макроэкономикамыз сыртқы факторларға тікелей байланысты. Өйткені біз – импортқа тәуелді елміз. Әрі Ресей – негізгі серік­тесіміз. Сондықтан көрші ел­дегі жағдай бізге де әсер етіп отыр. Осының бәрі айналып ке­ліп, тең­генің құнсыздануына әкелді. Бірақ менің болжамым – пози­тивті. Теңге аз күннің ішінде тұ­рақ­талады. Долларға шаққанда 490 теңгеден аспайды» дейді сарапшы.

Ал қаржыгер Андрей Чебо­тарев теңгенің болашағы қандай бола­тынын дәл қазір ешкім бол­жай алмайтынын айтады. Оның пі­кіріне қарағанда, қор биржа­сын­дағы мұндай жылдам құбылу – бұрын-соңды бол­маған оқиға. Доллардың құны теңгемен шаққанда 500-ге дейін жетуі мүмкін. Өйткені қазір­гі жағдай ішкі ахуалға емес, әлемдік қауымдастыққа тікелей байла­ныс­ты болып тұр. Сондықтан теңге­нің бағамына әсер еткен оқиғалар қалай өрбиді, ұлттық валютаның пози­циясы соған байланысты өзге­ре­ді. «Ұлттық банк валюта интервенциясын сәл ертерек жасағанда, теңгенің тұрақ­тылығын сақтап қалуға болар ма еді?! Өйткені Ресей мен Украина арасындағы шие­ле­ніс қаржы жүйесіне, соның ішінде валюталар бағамына әсер ететіні анық еді. Ресеймен бір экономикалық ке­ңіс­тікте болғаннан кейін он­да­ғы жағдайдан біз де қалыс қала алмаймыз. Негізі «естіген кезде сатып ал, үрейлі кезеңде сата баста» деген қағидат қазіргі ахуалға дөп келеді. Қазір доллардың қымбат­тауы­на байланысты жұрт­шылық жап­пай доллар сатып алып жатыр. Менің кеңесім, қазір АҚШ валю­тасын сатып алудың пайдасы жоқ. Кез келген жағдайды сал­қын­қандылықпен қабылдаған жөн. Жалпы, депозитті бірнеше валю­тада сақтаудың тиімділігі осын­дай кезде білінеді», дейді А.Чеботарев.

Белгілі қаржыгер Расул Рыс­мамбетов теңгенің доллар­ға шақ­қан­дағы құны қысқа уақыт­тың ішінде мұнша шарықтауына ешқандай негіз жоқ екенін, бұл үрейден ақша тапқысы келген спекулянттардың қолдан жаса­ған айласы екенін айтады. «Доллар­дың көз ілеспес жылдам­дықпен құбы­луына ешқандай себеп жоқ. Әрине, теңгенің белгілі бір мө­л­шерде рубльге тәуелді екенін біле­міз. Бірақ теңге тым тез әлсіреп қал­ды. Бұл мүмкін емес. Өзім қаржы­гер болғаннан кейін мұның спекулянт­тардың ісі екенін сезіп отырмын. Ұлттық банк пен KASE мән-жайды анықтауы керек», дейді қаржыгер.

Кейбір сарапшылар мұнай баға­сының көтерілуі теңгеге біраз сүйеу болатынын айтады. Қазір­дің өзінде қара алтын теңге күйін­де рекордтық пайда әкеліп отыр, дейді экономистер.

АҚШ пен оның одақтастары Ресейге қарсы ауқымды санкция­лар енгізуді қолға ала бастағаны белгілі. Кейбір мемлекеттер тіпті газ бен көмірді басқа елдерден сатып алатынын мәлімдеп жатыр. Егер санкциялар Ресейдің мұ­найына да қатысты болса, онда қара алтын құны тіптен шарық­тайды деген сөз. Бұл өз кезегінде теңгені бекемдеуге де игі әсерін тигізеді, дейді сарапшылар.