Әдебиет • 24 Ақпан, 2022

Бал тілді, бала мінезді талант

1067 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қырықтың қырқасына шығар-шықпастан жарық дүниемен қоштасқан қыршын талант Жақан Смақовтың қазақ әдебиетінде, оның ішінде балалар әдебиетінде өзіндік орны бар. Бар ғұмырын бөбектер бақытын жырлауға арнаған аяулы ақын жөнінде кезінде М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев сияқты қазақ жырының қарқаралары жылы лебіз білдірген.

Бал тілді, бала мінезді талант

СУРЕТТЕ: ақындар Қадыр Мыр­залиев пен Жақан Смақов

Иә, Жақан өз талантының бейімін тапқан, бейіміне қарай оқушысын тап­қан ақын еді. Бесіктен белі шықпаған сәби мен бастауыш сынып оқушылары ара­лығындағы жас мөлшерін қанағат тұтқан оның бар жыр-мұрасы осы ара­лық­тағы бөбектерге арналады. Бұл – оның өзін де, өзгені де сыйлаудың әдемі үлгісі.

Тегінде балаларға арнап өлең жа­зу­дың ауырлығын бүгінгі қазақ поэ­зия­сының көрнекті өкілдерінің қай-қайсысы да әлдеқашан мойындаған. Міне, осындай өте нәзік жанрды таңдап алған Жақан Смақов балдырғандар үшін өңкей бір сыңғырлаған әдемі өлеңдер жазып қалдырды. Әр өлеңін жеке талдап, жеке қызықтағың келеді. Бала мінезді талант қаламынан тақпақ, өлең, мазақтама, ертегі, өтірік өлең, антоним өлең, жұм­бақ, ойын өлең, санамақ, ұйқасын тап, тағы басқа дегендей, алуан формалы жанр үлгілері туды. Мұндай алуандық жанрға ғана тән емес еді. Ақынның тіл, ой байлығын да аңғартатын. Өлеңді бала мінезіне сай құру, сәбимен сырласу, таныстыру, циклдық өлең жазу – ақынның айнымас қасиетіне айналыпты. Құрғақ ақыл айтудан ада ақын әр өлеңнің формасын тауып, түрлендіріп, сәбилердің санасына сіңімді етіп бере білген.

ТАМШЫ

Шатырдан түсті домалап,

Тамшы тырс-тырс етеді.

Әйнекті кейде сабалап,

Есікті дүрсілдетеді.

ӨТКІНШІ

Өткінші жауын тез өтті,

Қайтадан кетті күн ысып.

Бөгелек жайын сөз етті,

Жылқылар басын шұлғысып.

Міне, осындай жылы сезімге, бала мінезге толы жырлар осылайша жалға­сып кете барады.

Жақан Смақов бесік жырынан бастап сәби құлағын үйретіп, қаз-қаз бастырып, жырмен тұсауын кестіріп, ертегі тың­датып, ертегі айтқызып, баланы мектепке ертіп апарған ақын.

Ақынның бірқатар өлеңін ортақ табиғатына қарай жинақтап айтар бол­сақ, «Бесік жыры» деп атауға болар еді. Неге десеңіз, айнала тіршілік сырын ақын сәбиге ана әлдиі етіп айтып береді. Өлеңді оқығанда бесік жырының әуез-әуендері көңілге бірге оралады, өлеңді жай оқымай, әндеткің келіп кетеді. Бала тілін, сәби үнін жетік білетін, жанымен сезетін ол кез келген өлеңін қайталауға ұрынармын-ау деп қорықпай-ақ, «әлди-әлди-әлди-ай» деп бастап кете барады.

Өзі бір кезде уыз дәмін алған ауыз әдебиеті ақынның өлең-жырларын қанаттандырар рух, нәрлендірер бұлақ секілді. Ауыз әдебиетінің асыл үлгілері ақынның өлеңінің формасы, тілдік байлығы, буын ырғағына дейін ықпал еткен. Және соның баршасын ақын қайырлап, кемерлеп қалудан аман, шы­ғар­машылық тұрғыдан шебер игерген.

 Ауыз әдебиетіндегі бесік жыры көңілде сайрап тұр. Балаларға арнап жазып жүрген ақындардың ішінде бесік жырынан айналып өткені сирек. Ж.Смақовта да бесік жыры бар. Тіпті кішкентай сәбиге арнаған бірнеше өлеңін топтастырып атап, бесік жырына телуге болады. Ал қаз-қаз бастыру, тәй-тәй жыры ше?

Өлеңді сәби уіліне, тілі шығар-шықпас кезеңіндегі былдырлаған үніне құру да – әдебиетке Жақан әкелген жаңалық. Ішкі ұйқасты, ырғақты берік қалайтын ақын әр жолдың аяғын сәби үніне, сәби тіліне, былдырына айналдырып, «Уілде, бөпем, уілде, у-у-у, Гуілде, бөпем, гуілде, гу-гу-гу» деп те өлең жазыпты.

Ж.Смақов әзілкеш те ақын. Оның осындай талантына тәнті ететін өлеңдер­дің бір парасы «Болмаған ба, болған ба?» деген өлеңдер циклында көрініс тапқан. Ақын бұл өлеңдерінде шындықты кері құрады. Оларда қой қасқырды жеп қояды, тышқан мысықты ұстап алып, әлекке салады, тағысын-тағылар.

Мысықты тышқан ұстады,

«Шыныңды айт» деп қыстады.

Бұл – талантты ақынның балаларға шындық­ты шым-шымдап, баспалап жеткізуі. Жан-жануарлар әлеміндегі табиғи заңдылықты бірден ашып тастамай, шындықты тануды балдырғандар еншісіне қалдыру – сәби санаға сол шын­дықты орнықты етіп ұялатудың амалы, тәсілі. «Қаз бен ит», «Қаймақбай», «Шатақ», «Керемет тышқан» секілді кері формулалы өлеңдері жүйрік қиял, шебер қиюласуымен, жеңіл әзіл, әдемі күлкісімен көңілде қалады. Тап осы өлең­дерді балалар поэзиясының ұлттық клас­сикалық үлгісіне жатқызсақ та артық емес.

Ауыз әдебиетінен бастау алып, балалар әдебиетіне келіп қоныс тепкен жүлделі бір жанр – жұмбақ. Ж.Смақов бұл жанрда да тындырымды, өнімді жазып, өнікті мұра қалдырды.

Аспаннан жаңбыр төккенде,

Қар суы мұзды сөккенде,

Шатырдан тамшы таусылып,

Есіктің алды кепкенде –

Айтыңдаршы, балалар,

Жаз ба, күз бе, көктем бе?!

Әдемі, әсерлі. Бала ұғымына лайық. Бір жағынан өлең, бір жағынан жұмбақ. Табиғаттың тамаша бір маусымдары көктем мен жазды осылайша орайлы бере білген.

Балалар әдебиеті үшін поэма-ертегі кең тынысты жанр деп саналады. Ж.Сма­қов бірнеше ертегі, поэманың да авторы. Осы барыстағы «Опай-то­пай», «Тамшы», «Бұршақ туралы ер­тегі», «Кім күшті, кім мықты?», «Ұзын аяқ», «Аю қалай адасты?» секілді шығар­маларының жұлдызы жоғары. Адам еңбегін ардақтайтын, адам парасатынан асқақ мықтылық жоқ деген ойды сәби санасына сіңіре, өте қарапайым, әрі ойлы ұялататын «Кім күшті, кім мықты?» – қазақ балалар әдебиетінің асыл бір үлгісі дерлік туынды.

Ақын өлеңдерінен сәби психология­сы әрбір қалтарыс-бұлтарыстарына дейін аңғарылып отырады. Демек Ж.Смақов сәби мінезіне жетік ақын. Замандастарының еске алуларына қа­ра­ғанда, ақын қолы қалт еткен сәт­те­рінің бәрін дерлік мектептерде, бала­бақшаларда өткізеді екен. Кішкентай достарымен сырласады екен. Өлең, тақ­пақ жаттатқызып, өлеңін бөбектің оқу, айту мәнеріне сай қайта жөндеуден жалықпайды екен. Бұлар балалар ақы­ны­на ауадай қажет қасиеттер болса керек. Осылайша, көңілі қалаған ісіне жан-тәнімен берілу, кішкене бүл­дір­шін бөбектерді үлкен жүрекпен сүю оның шығармашылығында айқын із қалдырды. Соның бір айғағы – бала­бақша балаларына арнап, «Қарап ал да, санап ал», «Поезд» секілді ойын өлеңдер жазды.

Ақын ғұмырына терең ой жіберіп, үңіліп қарасақ, оның бар өмірін балғын бөбектер бақытын жырлағанын көрер едік. Ж.Смақовтың шығармашылық мұрасы жөнінде әңгімелегенде оның университеттің бесінші курсында оқи жүріп, «Қазақстан пионері» газетінде еңбек жолын бастап, қалам ұштағанын, қазақ теледидары алғаш ұйымдасқанда балалар мен жастар редакциясының аға редакторы болып тоғыз жыл қыз­мет атқарғанын айта кеткен орынды. Өйткені осынау жылдары бүгін тамсана әңгімелеп отырған жылы шуақ­ты жырларды өмірге әкелумен қатар, Ж.Смақов журналист ретінде де кеңінен танылды. Сол уақыт ішінде балғын бөбектер жайында нелер қызық телехабарлар жасаумен болды. Құсбегі жөніндегі телефильмі Бүкілодақтық теледидардан сан мәрте берілді. Демек ол өзінің журналистік тағдырын да балғын бөбектер өмірімен ұштастыра, сабақтастыра білді.

Ақын тірлігінде балаларға арналған көптеген суретті кітапшалар шығарып үлгерген. Олардың қатарында: «Ақ тауық», «Бақ-бақ», «Қарақат», «Тамшы», «Менің бөпем», т.б. кітапшаларды айтуға болады. Нағыз балалар ақыны екендігін танытқан «Жаңғырық» атты таңдамалы өлеңдер жинағы болды. Ал «Талапай» атты кітабы кезінде қазақ балалар әдебиетінің тамаша жаңалығы ретінде қабылданды. Ж.Смақов сондай-ақ балаларға арналған көптеген ән мә­тін­дерінің авторы. Ол осы салада ба­ла­­лар операсы жазылмай келеді деп заман­дас сазгерлерді жаңа міндеттерге тартқандай екен. Үлгермепті. Ал оның «Белқараған» әні қазақ радиосынан әлі күнге айтылып келеді.

Ақынның саналы әрекеттерінің қай-қайсысынан да балалар деп, бола­шақ деп лүпілдеп соққан ақын жүрек­тің бұлқынысын тануға болады. Қа­зақ балалар әдебиетінің көрнекті өкіл­де­рі­нің бірі Жақан Смақов жайын­да сыр шертетін бұл әңгімеге арқау 1987 жы­лы Алматыдағы «Жалын» баспасынан аз ғана таралыммен шыққан «Қа­зақ совет балалар жазушылары» деген кітаптан, қаламгерлік өмірбаян жина­ғынан алынды. Материал ақынның шы­ғармашылық жолынан аз да болса оқыр­манға мағлұмат береді деп сенеміз.

Жақан ақын өзінің туған халқымен қатар, туған ауылын да ерекше сүйіп өткен екен. Ол өз ауылы, оның болашағы туралы әрдайым аузынан тастамай айтып отыратын болған. Бір әңгімесінде ол: «Елуге келгеннен кейін елге барып, Қараағашта үй салып, бірыңғай шығармашылықпен айналысамын, бір­жолата шығарма жазуға отырамын», деп алыс арман-мақсатын айтқан екен. Бірақ мейірімсіз ажал, сұм жалған оның бұл тамаша қиялды арманын орындатпай кетті. Алайда оның оқырмандары мен әдебиет сүйер қауым, соның ішін­де жерлестері мен дос-жарандары өздерінің ақын ұлдарын естерінен шы­ғар­май қастерлеп, туған, өскен өлкесі Жаңаарқаның, бір кездері өзі арман еткен Қараағаштың қойнауында 1992 жылы 60 жылдығын лайықты атап өтті.

2010 жылы алматылық ғалым Б.Те­мір­­баева Ж.Смақовтың шығарма­шылы­ғынан кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2014 жылы жарық көрген «Сарыарқа кітапханасы» сериясына шығармалары 2 том болып енді.

Бір өкінішті жайт – туған ауылын­дағы орта мектепке ақын есімін беру жөніндегі мәселе көптен бері көтерілсе де, әлі күнге ауызекі әңгіме күйінде қалып келеді. Егер бұл мақсат іске асып жатса аяулы ақынға, ардақты азаматқа деген халықтық құрметтің бір көрінісі болар еді.

 

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі