Жеңілдетілген бағдарлама бойынша қаражат алудың екі нұсқасы ұсынылады. Бірінші нұсқаны Үкімет жариялады. Яғни «ӨКМ оператордан» алынған қаржыдан осы бағдарламаға 100 млрд теңге бағытталады. Бұл бағдарлама 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жалпы, Қазақстан азаматтары үшін базалық параметрлер бірдей болатын кезге жақындап келеміз. Қазір жаңа көліктерді жылына 4 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға дейін бастапқы жарнасыз алуға мүмкіндік бар. Бұл мемлекеттік бағдарлама бойынша жүзеге асады.
Біздің қауымдастық құрамына ресми өндірушілермен қатар көлік құралын импорттаушылар да кіреді. Осы заңнамаға сай олар кәдеге жарату алымын төлеуге келіседі. Өйткені олар да алым төлеушілер саналады. Одан кейін утиль алымы қаражатын жинаумен айналысатын оператор дәл сол соманы соңғы тұтынушыға утильалым төлемі қосылмауы үшін қайтарып береді. Утиль алымынан түскен қаражат жылдық 4 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасына жұмсалады.
Қазақстан нарығындағы жаңа көлік сатып алуға қатысты орташа мөлшерлеме шамамен 17-25, тіпті кейбір компанияларда 40 пайызға дейін жетеді. Ал жылдық 4 пайыздық мөлшерлеме – жаңа көлік сатып алу үшін қолжетімді қаржылық бағдарлама. Бұл тіпті бөліп төлеуден де әлдеқайда жақсы. Қазір нарықта автокөлікке деген сұраныс артып келеді. Өткен жылғы өсім – 22 пайыз. Бұл жаңа көліктердің есебінен өседі деген үміт бар.
Дәл қазір утильалымды 50 пайыздан да төмендету деген сөз айтуға ғана оңай. Біз қанша ауыр болса да бұл шешімді қабылдауымыз керек. Елдің автокөлік индустриясы жолға қойылғанда, оған қажетті қосалқы бөлшектерді өзімізде шығаруға қол жеткен кезде шеттен келген ескі көліктерден утильалым алу қажеттігі өзінен өзі ысырылып қалады. Утильалымның қазіргі мөлшері автокөлік индустриясының өрісін ашады деп үміттенейік. Заманмен бірге заң да жаңарып жатыр. Еркін бәсекелестік жағдайында біз бұл мүмкіндікті де халықтың игілігіне бағыттаймыз.
Анар МАҚАШОВА,
Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті