Қазақстандағы автокөлік сатудағы отандық өндірушілердің үлесі 65 пайызды құрайды. Біз білетіндей, Қазақстанда KIA, Chevrolet, Lada, Hyundai көліктері шығарылады. Соңғы дерек бойынша Қазақстандағы 4,5 млн жеңіл көліктің 2 452 906-сы – 10 жылдан артық мінілген көлік.
2019 жылы – 75 мың, былтыр 93 мың жаңа көлік саудаланса, 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында 76 048 көлік айналымға шықты. Үлес көбейіп келе жатыр. Қазақстандағы утильалым екі функцияны орындап отыр. Бұл – экологиялық және тарифтік функция. 2016 жылдан бері 200 мыңнан астам автокөлік қайта өңдеуге тапсырылды. Яғни халық бұл көліктер үшін ақшалай немесе сертификат түрінде өтемақы алды.
Қазір утильалым туралы пікір жүйеленген жоқ. Еуропалық одақтағы утиль жинағының мөлшеріне жиі назар аударылады. Біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмыс істейміз. Әрине, бағаны мемлекет белгілемейді, мемлекет тек жағдай жасайды. Яғни отандық өндірушілер көліктің құнына қайта өңдеу ақысын қоспайды. Үкімет жариялаған тағы бір маңызды шара – көлік аламын деушілерге бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несие беруді жетілдіру. Бағдарламаға сұраныс бар және бұл сәтті жүзеге асуда. Біз қазірдің өзінде нәтижелерін көріп отырмыз. Қазір көлік алуға 15 мыңға жуық адам кезекте тұр. Бұл шараның халыққа, қоғамға пайдасы зор деп есептеймін.
Қайрат ЕЛАМАНОВ,
Қазақстан автобизнес қауымдастығының мемлекеттік органдармен өзара әріптестік бөлімінің директоры