Спорт • 25 Ақпан, 2022

Жәнібек Мунгиямен жұдырықтасады

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен мексикалық Хайме Мунгияның жекпе-жегі жайында ресми мәлімдеме жасады. Аталған ұйым қос тараптың ортақ мәмілеге келуіне 10 күн уақыт берді. Егер осы мерзімде мәселе оңды шешілмесе, WBO ережесіне сәйкес промоутерлік сауда рәсімі жарияланады.

Жәнібек Мунгиямен жұдырықтасады

Жоғарыдағы жаңалықты Жәнібектің командасы өте жақсы қабылдады. Олар: «Бүгін WBO тұжырымы мексикалық даңқты боксшы Мунгия мен Жәнібектің жекпе-жек өткізуі туралы шешім шығарды. Олар чемпиондық титулға таласуға тиіс. Енді 10 күнде біраз нәрсе анықталады. Екі тарап келісімге келіп, мексикалық та Андраде секілді басқа салмаққа ауысып кетпесе, біз үшін бұл супер жекпе-жек болмақ. Себебі атағы жағынан Хайме Мексикада «Канелодан» кейінгі орында. Ол – бокс әлеміндегі танымал тұлға. Жеңілмеген жұлдыз! Біз дайынбыз! Бұйыртса, біз биыл жасындай жарқылдап, QAZAQ STYLE-ін әлемге әйгілейміз!» деген жазба жариялады инстаграмм-аккаунтына.

Расында да, Әлімханұлы үшін бұл тамаша мүмкіндік. Себебі Хайме небәрі 25 жаста болса да, спорттың бұл түрінде зор бе­дел жинап үлгерді. Ол 17 жасқа толмаған шағында кәсіп­қой рингтегі алғашқы кезде­суін өткізді. Сол 2013 жылдан бері 39 жекпе-жек өткізіп, бар­лы­ғында жеңіске жетті. 31 қарсы­ласын нокаутқа жіберді. Төмен­гі Калифорния штатына қарасты Тихуана қаласының тумасы бастапқы бәсекелерінің барлы­ғын тек өз отанында ғана өткізсе, соңғы кездері АҚШ-та жиі-жиі жұдырықтасып жүр. Мекси­каның марқасқасы кезінде талай мықтыны сабады. 2018 жыл­дың көктемінде Нью-Йоркте аме­ри­калық Садам Әлиді төртінші раундта есінен тандырып, WBO нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтың чемпиондық белбеуін иеленді. Одан кейін Лиам Смит, Брэндон Кук, Такэси Иноуэ, Ден­нис Хоган, Патрик Аллотти, Гар­ри O'Салливан, Туреано Джонсон, Ка­мил Шеремета және Габриэль Росадо секілді танымал боксшы­ларды ұтты. Өзінің соңғы кез­десуін ол биылғы 19 ақпанда Ти­хуа­нада өткізіп, америкалық Димит­риус Баллардты оңдырмай сабады және айқын жеңіске қол жеткізді.

Хайме Мунгияның әкесі де кезінде мықты боксшы болған. Аса ауыр салмақта айқасқан ол кезінде АҚШ чемпионы атанып, басқа да халықаралық додаларда жүлде алған. Оның мықты былғары қолғап шебері болып қалыптасуына уақытында бірнеше белді нұсқалар бо­йынша әлем чемпионы атанған әйгілі Антонио Маргаритоның да үлкен септігі тиді. Екеуі бір залда жаттығып, сақа спортшы жас өренге көп нәрсе үйретті.

Бір кездері дүйім жұрт Мунгияны біздің Геннадий Головкинмен күш сынасқанын тағатсыздана күткен еді. Дәл осы сипаттағы әңгімелер 2017-2018 жылдары қатты өрбіді. Олар WBC, WBA және IBF нұс­қаларының алтын белбеуі үшін таласуға тиіс еді. Бірақ Невада шта­тының Атлетикалық комис­сиясы мексикалық өреннің тәжірибесі әлі аз деп есептеп, оны GGG-ге қарсы шығармады. Сон­дай-ақ «әне-міне Қанат Исламмен жұдырықтасады» деген де сыбыс­тар шыққан. Бірақ Мунгия біздің боксшыны мен­сінбеді ме әлде Қанат одан қай­мықты ма, ол жағы бізге беймә­лім, әйтеуір бұл бәсеке өтпей қалды.

Әуесқой рингте ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте де қысқа ғана мерзім аралығында біраз бедел жинап үлгерді. Жұдырықтасу өнерінің жілік майын шаққан майталман мамандардан бастап, сарапшылар мен бапкерлер, журналистер мен жанкүйерлерге дейін қазақтың қайсар ұлының мықтылығын бірауыздан мо­йындап отыр. Көпшілік оны бокс әлемінде жарқыраған жұлдыздардың бірі әрі бірегейі санайды. Олай болса, QAZAQ STYLE-ін төрткүл дүниеге таныт, Жәнібек!  Күллі Алаш жұрты сенен тек жарқын жеңістер күтеді!