Спорт • 25 Ақпан, 2022

Қарсыластар анықталды

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстан 25 наурызда Алма­тыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жалауы желбірейтін жарыстың басты жекпе-жегі Қамшы­бек Қоңқабаев пен Джонни Мюллер арасында өтеді.

Қарсыластар анықталды

Аса ауыр салмақта айқасып жүрген қос алып WBA Gold нұсқасының алтын белбеуін сарапқа салады. Джоннидің жасы 31-де. Ол – Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) тумасы. Бүркеншік есімі – «Дауыл». Кәсіпқой рингте Мюллер 2009 жылдан бері күш сынасып жүр. Сол аралықта 34 кездесу өткізіп, 23 рет жеңіске жетті. Соның 14-інде айқын басымдық танытты. 9 мәрте ұтылып, тағы екі бәсекеде тең есеп тіркелді. 2015 жылы ОАР-дың өкілі WBO Inter-Continental нұсқасының чемпиондық тәжі үшін жекпе-жекте болашақ жұлдыз Александр Усикпен жұдырықтасты. Бұл тартыс үшінші раундта украиналық боксшының айқын жеңісімен аяқталды.

Қамшыбек былтыр күзде 30 жасқа толды. Әуесқой рингте Олимпия ойындарында қола алса, әлем және Азия чемпионаттарында бірнеше рет күміс медальді мойнына ілді. Кәсіпқойлар арасында бақ сынап жүргеніне бір жарым жылдай болды. Осы күнге дейін төрт жекпе-жекте де жеңіс тойын тойлап, үш қарсыласын нокаутқа жіберді.