28 Наурыз, 2014

Тәтті дәмге толас жоқ

559 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
14-1Облыс орталығында орналас­қан «Крендель» серіктестігінің жаңа заман үлгісінде салынған сауда орындарының сәулеті ерекше көз тартады. Бәрі де шынылы, айналы, алыстан жарқырап қызықтырып тұрады. Дәл осы жерде түрлі-түсті тәттілер, дәмді тоқаштар, торттар, бауырсақтар, самса, құймақтар пісірілетінін ауыл-қаладағы жұрттың бәрі біледі. Қай күні барсаң да тәт­ті­лер сатып алуға келген тұтыну­шыларға толы. Туған күн, әртүрлі тойларда, мереке, мейрамдарда міндетті түрде «Крендельдің» тәттілері дастарқанда тұрады. Біз «Крендельдің» «ханшайымы» атанған Зинаида Пархоменкомен кездескенімізде осыдан 20 жылдай уақыт бұрынғы мына бір жайды есіне алды. Қалалық әкімдікте жеке кәсіпкерлігін ашуға рұқсат берер алдында Зинаидаға «Сіз қандай мақсатпен тәттілер өндірісін жоспарладыңыз?» деген сұрақ қойыпты. Халықаралық стандарттар деңгейіне сай келетін жоғары сапалы өнім дайындағымыз келеді, деген едім сонда, дейді тәттілер ханшайымы. Бүгінгі күні сол мақсат жүзеге асты. Зинаида Ахмедовна қазір еліміздегі танымал кәсіпкер әйелдердің қатарына қосылды. Павлодарлықтар «Крендельмен» мақтана алады. Сөйтіп, тәттілер өндірісін іске қосу Пархоменконың жеке кәсіпкерліктегі негізгі стра­тегиялық мақсатына айналады. Зинаиданың қызы Инга анасының тәттілер өндірісіне «Крендель» деп ат қояды. Тәттілер жасаудағы кәсіпкерлік жолы үй жалдаудан басталады. Кейін бір үйдің ғимараты сатып алынды. Өзі ар­мандаған кондитер цехын құру­ды ойластырды. Жоба-жоспарлары біртіндеп іске асты. Армандаған мақсатына орай, Зинаида жасаған тәтті өнімдер сұранысқа ие болды. Кондитер цехын іске қосқан соң 1999 жылы жасаған өнімдерінің өтілімін қамтамасыз ету үшін дүкен құрылысына кіріседі. 2000 жылғы тамыз айында әрі кофе ішетін, әрі сауда жасайтын «Крендель» дүкенін ашты. Тұтынушы сұранысында шек жоқ. Тіпті, мейрам күндері кондитерлік дүкендерді тәттілерге тапсырыс қабылдамауға мәжбүр етті. Егер әрі қарай бұлай жалғаса берсе, яғни «Крендель» тұтынушы сұранысын қанағаттандыра алмаса, онда бұны басқа бәсекелестері жасай алады. Сондықтан, 2003 жылы тамызда екінші кондитер цехы бой көтерді. Автодүкендер сатып алынды, қаланың әр жерінде тәттілерді саудалайтын орындар ашылды. Ал, 2006 жылы «Крендель» ЖШС СТ ИСО 9001 талаптарына сәйкес сапа менеджментін иеленді. Бұл тәтті өнімдер саудалауда еліміздің ішкі нарығына шығуға мүмкіндік берді. Келесі 2007 жылы кофе ішетін арнайы дүкен кеңейтіліп ішінен VIP-зал және балаларға арналған алаңша, 2009 жылы «Кабачок 115» атты жаңа кафе ашылды. Сатып алушылар мен тапсырыс берушілер талабына орай сапалы өнімдерді саудалауда жоғары ілтипатты қызмет көрсетіледі. Сапалы өнім­дер жасау үшін кәсіпорынға жаңа жабдықтар, жаңа заманауи технологиялар алынды. Технологияларды қолдана отырып жоғары сапалы кондитер және ұннан дайындалған бұйымдар жасалады. – Тек шынайы дамитын кәсіпкерлік қана табыс әкеледі. Кәсіпкерлерді қолдайтын Елбасы­ға рахмет. Былтырғы Жолдауында «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал» деген еді. Өзіңнің жеке сүйікті ісіңді жаса, көптің көңілінен шығу үшін еңбек ет, жұмысыңды жаса, кәсіп аш, жақсы өмір сүр деп отыр ғой, – дейді Зинаида Ахмедовна. Ал, жалпы, кондитер өндірісі – бұл әйел адамға тән бизнес, сондықтан, «Крендельде» негізінен 500-дей қыз-келіншек жұмыс жасайды. Барлығының да Зинаиданың қамқорлығы арқасында тұрақты жұмыстары бар. Зинаида Пархоменко да өзінің еңбек жолын 1975 жылы кондитер болып бастады. Тағам дайындаушы техник-технолог мамандығы бойынша техникум бітірді. Технолог, бригадир, цех бастығы болды. 90-жылдары өндірістен кетіп, жеке өзі алдымен пряниктер мен печенье сатумен шұғылдана бастады. Ол кезде жергілікті өндіріс құлдырау кезінде еді. Алғаш рет пряник өндіру бойынша жеке өндірісін ашты. Кондитер цехтарынан небір ғажайып түрлі-түсті өрнектелген тәттілер қала тұрғындарының дастарқанына барады. Алғашында тәттілер тек қана қолмен дайындалды. «Крендельдің» технолог маман қыз-келіншектері күн сайын жаңа торттар, бәліштердің, печенье, тоқаштардың түрлерін ойлап табады. Тіпті, олардың түрлерін күн сайын өзгертіп, құлпыртып отырады десе де болар. Бүгінгі күнде «Крендель» тәттілердің 300-дей түрін дайын­дайды. Бизнес бір орында тұрмайды. Цехтарда жаңа автоматты желілерде неше түрлі өнімдер жасалынуда. Бұл өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне, Ресей нарығына шығаруға мүмкіндік берді. Жыл сайын кондитерлер мен аспаздар жақын және алыс шетелдерде біліктіліктерін арттырудан өтеді. Тәжірибе алмасу үшін ТМД елдерінен, Еуропадан, Азиядан, Америкадан мамандар шақырылады. Бизнестің бірегей ерекшелігі – өнімдерді табиғи ингредиенттерден жасап шығару, айрықша өнімді дайындау, яғни тұтынушының таңдауын қамтамасыз ету. «Крендельдің» ұраны: сапа, тұрақтылық, іскерлік. Былтыр Зинаида жалпы көлемі 760 шаршы метр жаңа кондитер цехын іске қосты. Биыл жалпы көлемі 500 шаршы метр кондитер бұйымдары дүкенін және 400 орындық жаңа мейрамхана ашылады. Ұжымдағы әрбір қыз-келіншек өз ісінің білгірі. 2011 жылы «Крендель» ЖШС елімізде өтетін «Парыз» байқауының «Ең үздік ұжымдық шарт» номинациясының жеңімпазы атанды. Серіктестік өз қызметкерлері, кондитер қыз-келіншектерімен қоса, тұрмысы төмен азаматтарға, «Қызыл крестке», «Зағиптар» қоғамына, «Самал» балаларды оңалту орталығына демеушілік көрсетіп келеді. Әлеуметтік мәселелерді шешу, жетімдерге, мүгедектерге, қарт адамдарға көмек көрсету мақсатында облыстағы «Десента» қоғамдық қорымен шарт жасалды. Өндіріске мүгедек жандар жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, «Крендель» ЖШС жыл сайын қаладағы № 2 мектеп-интернатқа және отбасылық үлгідегі балалар үйіне материалдық демеушілік жасайды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР. Суретті түсірген Валерий БУГАЕВ.