Дүйсенбі күні Еуропа елдерінің қаржы министрлері бас қосып, ұзақ мәжіліс құрды. Күн тәртібінде – жаңа дағдарыс қаупі мәселесі. Ақыры он бір сағаттық отырыстан кейін министрлер 750 миллиард еуро көлемінде тұрақтылық қорын құру жөнінде шешім қабылдады.
ЖАҢА ДАҒДАРЫС ЕЛЕСІ СЕЙІЛГЕНДЕЙ
Бұл бүкіл әлемдегі ең қаржысы қомақты қор болып отыр. Ол біраз қаржылық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Күні кеше Грекия 100 миллиард долларға зәру болып, әркімге бір қол жайған. Сонда енді құрылатын тұрақтылық қоры болғанда, мәселе соншалықты күрделенбес еді.
Қор дегенде, ол әркімге тегін үлестіре беретін қаржы емес. Оның пайыздық бәсі болады. Қажет кезінде 5 пайыздық өсіммен (қордың бәсі сондай) қарыз алу да үлкен олжа. Демек, тұрақтылық қорына қаржы жинағанда, ол далаға кетпейді, қайта уақыт өте, қарыз өтелген сайын, қомақтана түседі. Сол қаржы қалай құралған: 60 миллиард еуроны Еурокомиссия, яғни Еуроодақтың үкіметі жинайды, еуро аймағы мемлекеттерінің кепілдігі 440 миллиард еуро, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры 250 миллиард еуро бөлмек. Сөйтіп, қажет болған жағдайда, еуро аймақ мемлекеттері 5 пайыздық бәспен несие ала алады.
Еуропаны жаңа дағдарыс елесі кезгелі біраз болған. Тіпті оны болмай қоймайтындай құбылыс санағандар да аз емес еді. Әсіресе, ресейлік сарапшылардың көпшілігі Еуропаның тоқырауына болжау жасап, ал еуро валютасының күйреуі шешіліп қойғандай пікір айтқан. Грекиядағы жағдайдан кейін оған талайлардың күмәні де жоқтай еді.
Рас, Грекиядағы жағдай еуропалық қауымдағы біраз қайшылықтың бетін ашты. Оған біреулер көмек берейік десе, екіншілері қарсылық білдірді. Осының өзі Еуропа бірлігіндегі бірауыздылықтың жоқтығын аңғартқан. Сөйтсе де, ақыр соңында Грекияға көмек берілетін болды. Соның өзі құрлық қауымдастығының үлкен қиындықты бірлесіп шеше алатынын да көрсетті.
Дегенде, жаңа экономикалық дағдарыс, еуро аймағындағы қиындық, еуро валютасының күрделі жағдайы туралы қауесетті даңғазалауға мүдделілер бар екені де рас. Мұны экономикалық бәсекелестіктің заңдылығы деуге де болар. Айталық, еуро валютасының құны түссе, ол басқа валюталарға тиімді. Сондай-ақ дағдарысқа ұшыраған елдермен экономикалық байланыстың тиімсіздігіне орай, жұрт басқа елдерге назар аударады, солармен байланыс жасайды. Демек, экономикалық дағдарысқа ұшырайды деген қауесеттің өзі біраз қиындыққа кезіккен елдер үшін жығылғанға жұдырық болып тиеді.
Жақында Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігіне қатты шүйлікті. Бұл агенттіктің сарапшылары Грекияда орын алған қарыз дағдарысы басқа жаққа да тарап, еуропалық елдердің банк жүйесін күйретеді деп, сол елдердің қатарына Италияны да қосқан. Берлускони Moody’s-тың мәлімдемесі жаңсақ, өз елінің банктік жүйесі мықты, – деді. Оның пікірінше, Moody’s-тың зерттеулері мен топшылауларына бұдан былай сенуге болмайды.
Рейтингтік агенттік банк жүйесі күйрейтіндердің қатарына Италиямен бірге Португалия, Испания, сондай-ақ Ұлыбританияны да жатқызды. Берлусконидің пікірінше, бұл агенттіктің түпкі мақсаты еуроны әлсірету, сол арқылы еуро аймағындағы елдердің экономикасына нұқсан келтіру.
Еуропадағы экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны, Еуропаның күйреуі туралы дақпырттың талайды шошытқаны да анық. Тұрақтылық қорының құрылуы сол жаңа дағдарыс толқынына және бұл жөніндегі даңғазаға қарсы нақты да пәрменді шара болды. Алғашқы күннен кейін-ақ еуроның құны күрт көтерілді. Ең бастысы – Еуропа елдері қашанда кезігетін қиындыққа қарсы бірлесіп күресудің нық қадамын жасады. Дағдарысқа енді жол жоқ демегенмен, оның ауыртпалығы азаятыны анық.
ДЭВИД КЭМЕРОН – ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Сонау Черчилль заманынан кейін Ұлыбританияда коалициялық үкімет билік басына келді. Консерваторлық партия мен Либерал-демократиялық партия одаққа бірігіп, консерватор Дэвид Кэмерон үкіметтің басшысы болып сайланды.
Жаңа парламент сайлауын өткізбей, үкіметті құрудың бірден-бір жолы осы болатын. Тіпті лейбористер мен либерал-демократтар одақтасқанмен, олардың үкімет құруға мүмкіндігі жоқ еді – көпшілік мандатқа ие бола алмас еді.
Осы жерде сайлау нәтижесіне үңілген де артық емес. Сөйтіп, парламенттегі 650 орынды бөліскенде, 36,1 пайыз дауыс жинаған торилер 306 мандатқа, 29 пайыз дауыспен лейбористер 258 мандатқа, ал 23 пайыз дауыспен либерал-демократтар 57 мандатқа ие болды. Басқа ұсақ партиялардың үлесіне 28 орын тиді.
Арада он үш жыл салып, консерваторлар қайтадан билік тізгінін ұстады. Мұны да ағылшын қауымында жаңалық қажеттігінен туындаған жәйт деуге болар. Консерваторлардың бұл жеңісіне белгілі дәрежеде лейбористердің өздері, атап айтқанда, олардың көсемі Гордон Браунның біраз шалыс қадамдары “көмектескенін” айтқан жөн.
Либерал-демократтардың консерваторлармен одақтасуы да айтарлықтай жаңалық. Оны да ағылшын қауымы әртүрлі қабылдар. Алғашында мұндай одақтың болуы мүмкін еместей көрінген. Идеологиялық тұрғыда либерал-демократтардың бағыт-бағдары консерваторлардан гөрі лейбористерге жақын. Сондықтан біреулер оны либерал-демократтардың өздерінің идеологиялық ұстанымдарынан аттағандық деп те қабылдауы мүмкін. Сөйтсе де, соңғы сайлаудан кейін қалыптасқан жағдайда, мұндай одақтасуды ел тағдырын ойлағандық, қоғамды ынтымақтастыруға ұмтылыс деп те қабылдауға болар. Бұл одақтан кейін консерваторлар мен либерал-демократтар өз бағдарламаларына белгілі дәрежеде өзгерістер енгізеді. Ең бастысы – ортақ тіл табысуға қадам жасайды. Бұл халықтың ынтымағына қызмет етеді.
Сөйтіп, қалыптасқан тәртіп бойынша, сайлауда жеңіске жеткен, яғни парламентте көп орын алған (басым көпшілік болмаса да) Консерваторлық партияның жетекшісі Дэвид Кэмерон премьер-министр болып тағайындалды. Дәстүр бойынша оны королева бекітеді. Тағы да сол тәртіп бойынша, либерал-демократтардың көсемі Ник Клегг вице-премьер болады.
Кей жердегідей бұл елде министрлер кабинетін құру ұзаққа созылмайды. Бас оппозициялық партия ретінде консерваторлардың бұрыннан “көлеңкелі кабинеті” бар болатын. Енді ол жарыққа шығады. Бұл елдегі жетекші қызметтің бірі – қаржы министрі (Ұлы мәртебелінің қазынашылық канцлері) болып Кэмеронның жақын серігі Джордж Осборн, сыртқы істер министрі болып бұрынғы көлеңкелі министр Уильям Хэйг, қорғаныс министрі болып Лиам Фокс тағайындалады. Рас, одақтас болған соң либерал-демократтарға да біраз қызмет ұсыну қажеттігі туындайтындықтан, бұрынғы “көлеңкелі кабинетте” біраз өзгеріс болатыны заңды. Оған ешкім өкпелемейді.
Жаңа премьер-министрдің ерекшелігін айтқанда, оны жұрт өте жайдары, ойын ашық айтатын адам деп сипаттайды. Сонымен бірге, ол бүкіл Британия тарихында 1812 жылдан бергі ең жас үкімет басшысы екен. Бұрын Тони Блэрді солай деуші еді, Кэмерон одан жарты жылдай жас болып шықты.
Жас келсе – іске, дейтін бар. Қалай болғанда да Ұлыбританияның жаңа тарихында жаңа кезең басталғандай.
Мамадияр ЖАҚЫП.