Білім • 27 Ақпан, 2022

Білім саласы біліксіздерден қашан тазарады?

1522 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Педагогикалық мамандықты бітіргендер бұдан былай біліктілік тестінен өткенде ғана жұмысқа қабылданады.

Білім саласы біліксіздерден қашан тазарады?

Осы талап бойынша былтыр алғаш рет педагогикалық бағытта білім игерген 32 мың түлектің біліктілігі сыналды. Сонда бітірушілердің 46 пайызы, яғни 15 мыңы ғана шекті балл жинай алған. Ал бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан педагогтер арасында да өз пәні мен оқытудың әдістеріне қатысты сынақтан өте алмағандардың көп екенін және олардың жұмысын жалғастырып жүргенін білеміз. Білім беру саласы біліксіздерден қашан, қалай тазарады?

Теориядан тақылдап тұрғандар сабақ бере алмаған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заңы әзірленіп, сол заңның аясында мұғалімдердің жа­лақысы соңғы екі жыл ішінде 50 па­йызға артты. Алдағы 2 жылда тағы 50 пайызға артады. Осыған қоса жоғары оқу орындарында педагогикалық ма­ман­дықтарда оқып жүрген студенттер де бас­қа мамандықтарда білім алатын өзі­нің құрдастарынан 1,5 есеге көп сти­­пендия алады. Мысалы, былтыр бола­­шақ педагогтер 42 мың теңге сти­пен­дия алса, жыл басындағы өзге­ріске сәйкес бұл 50 400 теңгеге өсті. «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын қазақстандық универ­ситет­тердің рейтингін әзірлейді, онда ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуы мен жалақысы да есепке алынады. Сонда біз ең жоғары еңбекақы алатын түлектердің қатарында педагогтердің бар екенін байқадық. Осындай жақсы ынталандырулар қазір мұғалімдік маман­дыққа деген қызығушылықты арттыр­ды. Нәтижесінде, педагогикалық бағыт­та білім алған түлектер арасында өз маман­дығымен жұмысқа тұруда бәсеке қалыптасты. Сондықтан Білім және ғы­лым министрлігі іріктеуді бастады. Ірік­теу педагог қызметіне алғаш кіріс­келі тұрған мамандарға міндетті білік­тілік тестілеуден өту талабы арқылы іске асы­рылмақ. Міндетті біліктілік тестілеу 2021 жылы қанатқақты жоба ретінде қолға алынған болатын. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сол тестілеудің нәтижесін жариялады.

«Осыған дейін мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдаудың жаңа жү­йесі жайында жариялағанбыз. Онда­ғы талаптардың бірі – педагог қызметіне алғаш кіріскелі тұрған мамандарға мін­детті біліктілік тестілеуден өту. 2021 жылы алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлекті тестілеуден өткіздік. Тестілеу қанатқақты жоба тү­рінде өтті. Бірақ енді жаңа ережелерді қабылдағаннан кейін, яғни биылдан ­бастап мектепке жұмысқа орналасу үшін түлектерге педагогикалық жоғары білімі туралы дипломының болуы жеткіліксіз. Енді қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндетті. Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Тес­тілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пәннен сабақ берудің әдістемесі қамтылады», деді А.Аймағамбетов.

Енді қараңыз, өз пәні бойынша мектеп бағдарламасын және сол пәннен сабақ берудің әдістемесін оқулықтағыдай жатқа біліп, тестілеуде жоғары балл алғанның бәрі бірдей мықты маман ба? Барлық мәселе практикада емес пе? Мысалы, сабақ берудің әдістемесін жақсы білу бір басқа да, оны түрлендіріп, тақырыпқа, оқушылардың жас ерекшелігіне сай қолдана білу мүлдем басқа. Осы ойды айтқан бастауыш сынып мұғалімі Тоты Тынымбай тек қана теориямен біліктілікті бағалауға болмайтынын жеткізді.

«Студент кезімізде үздік оқыған қа­тарластарымыз болды. Педагогиканы, оқы­тудың әдістерін, әдістемесін шеміш­кедей шағатын. Солар өндірістік практикадан қиналып жүріп «4» деген баға алса да, ортақ балға қарай қызыл дипломмен бітірді. Сондай курстастарымызбен кейін бір білім беру ұйымына қатар жұмысқа тұрып, әріптес те болдық. Жұмысты алып кете алмай, қиналғанын көзіміз көрді. Қанша жерден теорияны керемет біліп тұрғанымен, баламен жұмыс істей алмады. Сөйтіп бастауыш сыныпқа сабақ бере алмай мектепке дайындық, яғни 0-сыныптың балаларымен жұмыс істеуге көшірді. Сол әріптесіме біздің дуальді жүйемен оқығанымыз да көмектесе алмады. Дуальді білім беру жүйесі оқу­дың көп бөлігін өндірістік практикада өткі­зуді білдіреді. Бұл – бір ғана мысал. Мұн­дай мысалдың сыртында практикаға бармай-ақ баға алатындар бар. Олардың мәселесін қайда қоямыз? Сондықтан тек қана теориямен, әрі тестілеумен біліктілікті бағалауға болмайды. Себебі тестілеуде дұрыс жауапты білгеннен емес, жай жолы болғаннан белгілеп, шек­ті балл жинап та жатады. Міне, осыны ескеріп, бітірушіге кәдімгідей сабақ өткіздіріп, соған арнайы мамандардың берген бағасы біліктілік тестілеуінде балл ретінде есептелуі керек», дейді мұғалім Т.Тынымбай.

Шынында да, сарапшының сөзінде жан бар. Қазіргі заман дипломнан бұрын дағдыны талап етеді, жұмыс берушілер де қандай да бір қызметке кандидаттардан ең әуелі «Не білесің?» деп емес, «Не істей аласың?» деп сұрайды. Демек, теориядан бұрын тұрмаса да, практика біліктілікті анықтаудың алғышарты қатарында тұруы қажет-ақ.

15-20 жылдық тәжірибесі бар мұғалім де тест тапсырады

Жас мамандарды біліктілігіне қарай іріктеуден де бұрын қолға алынуы тиіс бір маңызды дүние бар секілді. Жа­рай­ды, диплом алғанның бәрі мектепке жіберілмейді, тек біліктісі, сапалысы іріктеліп барып жұмысқа қабылданады делік. Осылайша, білім беру саласын түбегейлі біліксіздерден тазарта аламыз ба? Бұл сұраққа педагогтердің 2021 жылғы Ұлттық біліктілік тестілеуінің нә­тижесі «жоқ» деп жауап беретіндей. Қараңыз, былтыр «Мектепке дейінгі білім беру» бағытына тестілеуге қатысқан 40 115 педагогтің небәрі 26 пайызы (10 724) шекті деңгейден өте алыпты. «Негізгі орта білім беру» бағытына тест тапсырған 130 347 мұғалімнің 42 пайызы ғана (55 166) шекті балл жинаған. «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері» бағытына бақ сынаған 13 134 педагогтің ішінде шекті деңгейден өткендер саны – 4 264 (бар болғаны 32 пайыз). Аталған үш білім беру сатысының қай-қайсысын алсаңыз да өзінің біліктілігін дәлелдей алған педагогтер саны барлық қатысушының жар­тысына да жетпейді. Ақиқатында, бұл – алаңдататын көрсеткіш.

Міне, осы жерде қайшылық бар. 4 жыл бойы білім алып, мұғалім екенін дәлел­дейтін дипломы бола тұра біліктілік тес­тінен өте алмаған маман жұмысқа тұ­ра алмайды. Ал біліктілігін дәлелдей ал­маған, тестілеуден өтпеген, шекті балға жет­пеген мұғалімдер жайбарақат жұмы­сын жалғастыра береді. Бұл қалай?

«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы, ауыл мектебінде ин­форматикадан сабақ беретін бел­сенді мұғалім Мейіржан Темірбек универ­ситетті жаңа бітірген түлек бірден педагог болып аталмайтынын, бұрыннан сабақ беріп келе жатқандардың өзі жаңа жұмысқа орналасарда тура сол ЖОО-дан жаңа шыққан бітіруші секілді тестілеу тапсыратынын айтады.

«Университетті бітіріп шыққан тү­лек қолында педагогикалық дипломы болса да бірден педагог болып атал­­май­ды, ол – қарапайым жас маман. Білік­тілік тестін тапсырып, одан өтсе, жас ма­ман­ға «Педагог» мәртебесі беріледі. Әрі қа­рай мектепке барып конкурсқа қаты­са алады. Тіпті 15-20 жыл мектеп­те жұмыс істеп келе жатқан менің өзім басқа мектепке орналасқым келсе, жас ма­ман секілді қайтадан біліктілік тес­тін тап­сырамын. Осыған дейін өзімді дәлел­деп, тестілеулерден өтіп, түрлі дең­гей­лі біліктілік санаттарын алсам да педа­гог екенімді көрсету үшін жаңа­дан тест тапсырамын. Тапсыра алма­сам, жұмысқа қабылданбаймын. Қазір мек­тепке мұға­лімдерді конкурс арқы­лы қабыл­дай­тынын айтып жатыр, міне сол талап бәрі­мізге бірдей», дейді М.Темірбек.

Мұғалімнің ойынша, білім беру сала­сын біліксіздерден түбегейлі тазарту мүмкін емес. Өйткені жақында ми­нистр А.Аймағамбетов өндірісте жүр­­ген практик мамандарды икемдеп, 6 ай қайта даярлаудан өткізіп, педагог қатарына қабылдау керегін айтқан. Бұған да сол мұ­ғалім тапшылығы себеп. 6 ай оқып мұ­ғалім болып шыққан маманды ауылға жіберсе, алуға тура келеді. Себебі шалғай жерлердегі шағын мектептерде педагог жетіспейді. Біліктілік тестінен құлаған педагогтің бәрін білім беру саласын білік­сіздерден тазарту үшін жұмыстан шет­тете берсек, маман тапшылығынан оқушылар зардап шегеді.

 

Реформаның кесірі мұғалімге тиеді

«Білім сапасы өте төмен. Мұның се­бебін біреу мұғалімдерден, енді бірі жаңа буыннан, келесілері ата-аналардан көреді. Меніңше, білім мазмұнын дұрыстау керек. Жаңартылған білім мазмұны әр министрдің тұсында әрқалай құбылды ғой. Реформа енді аяқталып, нәтижесін қазір ғана көре бастадық. Жаңартылған мазмұн жаппай сауатсыздыққа әкеліп жатыр. Соның кесірінен педагог біліксіз болып шығады. Біліксіз, білімсіз мұға­лімдерді қорғаштамаймын. Бірақ мұ­ның себебін зерделеу керек, зерттеулер жүргізу қажет. Жаңартылған білімге келейік. Мысалы, информатика курсын жеңіл көлік деп алайық. Бірінші сыныпта сол автомобильдің дөңгелегін ауыстыру үшін домкратпен көтеруді үйретемін. 2-сыныпқа барғанда 4 болтты қалай шешу керегін көрсетемін. 3-сыныпта дөңгелекті, оның ішіндегі камерасын алып шығуға баулимын деген сияқты ғой. Ал олар бір жылдың ішінде домкратпен қалай көтеруді немесе болтын ағытуды ұмытып қалмай ма? Бір нәрсеге үйретуде бүтін картина жоқ, бөліп-бөліп тастаған. Білім мазмұнын қайта қарау үшін бірлестіктер құрып жатыр ғой, содан нәтиже болып қалар», дейді педагог М.Темірбек.

Белсенді мұғалім меңзегендей, мұға­лімдердің тестілеу нәтижесінде де, қоғамда да біліксіз болып көрінуіне бел­гілі бір деңгейде білім мазмұнының ық­палы бар шығар. Қалай дегенмен сабақ беретін мұғалім оқу бағдарламасы мен оқулықтағы тақырыптардан асып еш­қайда кете алмайды. Десек те түрлі реформадан білім мазмұны әрқалай құбылса да өз пәні мен оқытудың әдістерінен бері­летін сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, біліктілігін дәлелдеп жүрген педагогтер бар ғой. Демек, тапсыруға болады.

Негізгі көтерген мәселемізге қай­та оралсақ, қандай да бір саланы білік­сіздерден тазарту оларға жағдай жасау­мен басталып, талапты күшейтумен жүйе­леніп, үдеден шықпағандарды шеттетумен аяқталатын секілді. Алайда талап қағазбастылықтан, жұмыс уақытында төбе көрсетіп қана кетуден емес, нақты нәтижені сапалы жұмыспен, сөзден гөрі іспен көрсетуден тұруы тиіс-ақ.