Өнер • 28 Ақпан, 2022

Әлем көшірмесін бейнелеген...

277 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы кітапханасы­ның көркемсурет галерея­сын­да талантты суретші Гүл­­марал Тәтібаеваның «Ойтолғау» атты же­ке көрмесі ашылды. Маз­мұн­ды шара «Тәуел­­сіз­­­діктің мәдени ко­ды» жо­басын жүзеге асыру аясында ұйымдас­ты­рылды.

Әлем көшірмесін бейнелеген...

Көрмеге қылқалам шеберінің 90-нан аса жұмысы қойылды. Шығармашылық жолын түп­нұсқа графика техникасымен бастаған суретшінің туындылары жылы сезімге бөлейтін әсемдігімен, композициялық үйлесімділігімен айрықша көз тартады. Әсіресе автор түс пен фактураға ерекше маңыз береді.

Көрме иесінің тартымды туын­дылары арасында «Ұлы кам­зол» атты инсталляциясы көп­шіліктің қызығушылығын туғызды. Бұл жұмыс атақты бри­тандық сәулетші Лорд Норман Фостердің идеясымен салынған астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының ғимараты формасымен жасалған. Автордың айтуынша, бұл туынды үш нұсқадан тұрады. Биіктігі үш жарым метрге созылған алғашқы нұсқасы – ЭКСПО-2017-де жұртшылық назарына ұсы­ныл­са, екінші нұсқа − 2018 жы­лы Берлиндегі суретшілер көрме­сінде қойылған. Біз көрген – үшінші нұсқа екен.

«Халқымыз қандай ауыр кезең­дерді бастан өткізсе де, ел­­дігі мен бірлігінен ажыраған емес. Осы туындыдағы көне шапандар арқылы қазақтың бірлігі мен қонақжайлылығын, жалпы, барлық асыл қасиетін көрсетуге тырыстым. Инсталляцияның ішкі жағына қолданбалы өнер заттары қойылған. Бұдан әже­ле­ріміздің оюлап жасаған сыр­мақ, алаша, басқұрды көріп, әсер­ленесіз», дейді автор.

Бір қарағанда, аталған жұ­мыс­ты киіз үйге немесе сәуке­леге ұқсатуға болады. Ал сурет­ші Әділғали Баяндин дарынды әріптесінің инсталляциясын әлемнің көшірмесі ретінде қабылдаймын дейді.

«Иә, менің түсінігімде, бұл – әлемнің көшірмесі. Әлемнің кіндігі – Қазақ жері, оның ішін­де Алтай деп ұғынсақ, сол жер­ді мыңдаған жылдан бері ме­кенде­­ген халықтың болмысы, салт-дәстүрі, ең ақыры, киген шапаны арқылы автор терең ой қозғайды. Мұнда үлкен мағына жатыр. Мысалы, оны жай ақ матамен жауып қоюға да болады. Бірақ оның әсері басқа. Осы жұмысы арқылы суретші ата-бабаларымыздың ІІ-ІІІ ғасыр бұрын жасаған дүниесін бүгінгі күнмен үйлестіріп, нәзік жарасымын тапқан. Гүлмарал осы инсталляциясын Германияға алып барғанда, оған өзге жұрт таңырқап қарапты. Біз көбінесе туындының сырт­қы формасын көреміз де, оның астарына кеңірек үңілмейміз. Мұны сөзбен жет­кізу қиын, автор осы дүниесімен жұмыр бас­ты пендені ойлантады», дейді ол.

Тәтібаеваның туындыларын­да халқымыздың бар асылын жарқыратып көрсететін ұлттық құндылықтар айшықты бедерленген. Әсіресе, суретші кеңес заманында қазақтың басынан өткен зұлмат кезеңдерге жаңа­ша көзқараспен үңіліп, со­ны шығармасымен астарлап жеткізеді. Негізінен, көрме «гра­­фикалық және аралас тех­ника» атты екі бөлімнен құрал­ған. Осы жұмыстарға ол бес жыл­дан артық уақытын жұм­сап­ты. Оның арасында қап­шық­қа, қайың қабығына бейне­ленген туындылар көбірек кез­деседі.

– Өзім аралас техникамен жұмыс істегенді жақсы көремін. Атам бала күнімде балшықтан мүсін жасағанымды көріп, мү­сінші болады деп ойлайтын. Бірақ мен бейнелеу өнерін қала­дым. Туындыларымның көбі абстракциялық және компо­зициялық бағытта салынған. Аралас техника болғанымен, кө­бінесе кәдімгі қапшықты пай­д­аланам, оны еліміздің әр түкпірінен аламын. Біреу үшін ол жай қапшық болуы мүмкін, бірақ мен одан көп ақпарат жинаймын. Менің екі әжем болды, біреуі –Қызылорда облысында соғыс жылдары күріш егіп, оны қаппен жинаса, екіншісі – сол жылдары Баянауылда қаппен тұз тасыпты. Осында бір байланыс бар. Жұмыстарыма мүмкіндігінше ұлттық нақыш беруге тырысамын. Осы іс-шараны өткізудегі мақсатым да ата-бабамыздың айтқан өсиетін терең ұға білсек деген ой, −дейді көрме иесі.

Мәселен, оның «Перде» деген картинасында адам өмірінің бір кезеңдерін қамтыған сәтін әсерлі өрнектеген. Жалпы, автордың ком­позициялық шешімдерінің ба­тыл­дығымен ерекшеленетін туын­дылары белгілі бір филосо­фиялық мазмұнмен тұтасып кеткен.

«Гүлмаралдың жұмыстары мен көрменің үйлесімділігі мені ерекше тәнті етті. Мысалы, автор­дың абстракциялық туындыларынан мен кәдімгі құрақ көрпе мен қолдан басқан киізді көрдім. Әжелеріміз құрақ көрпе мен киізді қолымен жасаса, оны суретші заманауи әдіс-тәсілдер арқылы бояумен түрлендіріп, көркемдеген. Мұ­ны қанмен дарыған «ұлттық код» деуге бола­ды. Осыдан-ақ оның кім екенін білмесек те, қазақ суретшісі екендігін қолтаңбасынан танимыз. Қап­шық пен қайыңның қабығы ар­қы­лы өнер туындысын жасау оңай емес, биік талғамды талап ете­ді. Автор осы еңбегі арқы­лы қо­ғамға ой айтып, көз­қара­сын білдіреді. Қысқасы, Гүл­маралдың суретшілік дең­гейі әлемнің «мен» деген ше­берлерінен еш кем емес», дейді Әділғали Баяндин.

Бүгінде Гүлмарал Тәтібаева­ның қоржынында 500-ден аса танымал туындысы бар. Оның есімін елімізде ғана емес, шет мемлекеттердегі бейнелеу өне­рін пір тұтатындар да жақсы біледі. Ол Темірбек Жүр­ге­нов атындағы Қазақ ұлт­­тық өнер академиясының тү­легі, Қазақстан Суретшілер ода­ғы­ның, Еуразия дизайнерлер одағының және Еуразия шы­ғармашылық гильдия­сы­ның мүшесі. Өнер академиясын­да оқып жүргенде білікті ұстаз­дардан дәріс алып, аралас техникамен жұмыс істеудің қыр-сырын үйренген.

Қазір қарымды қылқалам шеберінің еңбектері Қазақстанда ғана емес, Түркия, Нидерланд, Корея, Латвия, Ресей, Иордания, Ұлыбритания, Қытай және тағы басқа елдердің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы тұр.