Спорт • 28 Ақпан, 2022

«Классиктер» бес жүлде алды

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлерінен Яшар Доғу, Вэхби Эмре және Хамит Каплан сынды даңқты балуандарды еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. Аталған жарыста әлемнің көптеген мемлекетінен келген дүлдүлдермен қатар біздің елдің өрендері де бақ сынауда.

«Классиктер» бес жүлде алды

Жоғарыда аталған үш аза­маттың да есімдері әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазулы. Мәселен, Яшар Доғу – ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста Түркия спортының символына айналған тұлға. Ол еркін күрестен 1948 жылы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы және әлем және Еуропаның екі дүркін чемпионы атанды. Грек-рим күресінен құрлық бірін­шілігінде бір алтын және бір күміс медаль олжалады. Хамит Кап­ланның да халықаралық аренада қол жеткізген табыстары толағай. Ол да күрестің екі түрін жетік меңгерді. Хамит қатарынан үш Олимпиадада (1956 жылы – алтын, 1960 жыл – күміс, 1964 жыл – қола ) олжаға кенелді. Кап­ланның әлем чемпионы және әлем кубогының иегері деген атақтары тағы бар. Вэхби Эмренің де бағындырған белестері бір төбе. Міне, өткен аптада Анадолы елінің абыройын осындай даңқы алысқа жайылған саңлақтардың мемориалында төрткүл дүниенің белді балуандары бас қосты.

Жарысты грек-рим күресі ше­бер­лері бастады. Алғашқы күні 60 кило салмақта белдескен ағайынды Фидахметовтер өз жанкүйерлерін қуантты. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын қапы қалдырған қос жерлесіміз жартылай финалда өзара шеберлік байқасты. Бұл тартыс Ернардың пайдасынан шешілді. Финалда ол Екрем Өзтүрікті ойсырата ұтып, бас жүлдені олжалады. Тағы бір жергілікті спортшы Ах­мет Ұқар­ды ұтқан Ернат қола медаль­ иеленді.

55 кило салмақта күрескен Аманғали Бекболатов ақтық сын­ға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста Түркияның мық­тысы Әдем Бұрақ Ұзынға есе жі­берді. Алғашқы айналымдар­да әзербайжандық Намаз Рустамов пен өзінің командалық әріптесі Данияр Қаленовтен айласын асыр­ған, 67 кило салмақтағы  Мейір­жан Шерма­­хамбет жартылай фи­налда Еуро­па чемпионы, нор­вегия­лық Мор­тен Торесенге жол берді. Үшін­ші орын үшін тар­тыс­та қыр­ғыз­стандық Қалы Сулей­­меновке сан соқтырған қан­­­дасымыз қола медальды мойнына ілді.

Келесі күні тағы үш салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салынғанымен, тек Темірлан Шадукаев жүлдегерлер санатынан көрінді. 77 кило салмақтың қола медалі үшін бәсекеде ол әлем чемпионы, сербиялық Вик­тор Немештен басым түсті. Сол кеште Демеу Жадыраев (77 кило) және Ильимдор Сатаев пен Рахмет Сәпиевтің (82 кило) де жеңіс тұғырына көтерілуге жақ­сы мүмкіндіктері болды. Бірақ шешуші тұста өз қарсыластарына есе жіберген бұл балуандар бе­сінші орындарды қанағат тұтты.

Грек-рим күресінен өткен жа­рыстың жеңімпаздары:

55 кило – Әдем Бұрақ Ұзын (Түркия), 60 кило – Ернар Фидахметов (Қазақстан), 63 кило – Исломжон Бахрамов (Өзбекстан), 67 кило – Махмұд Бахшилоев (Өзбекстан), 72 кило – Селжук Кан (Түркия), 77 кило – Юнус Эмре Башар (Түр­кия), 82 кило – Бұрхан Ақ­бодақ (Түркия), 87 кило – Ислам Аббасов (Әзербайжан), 97 кило – Руслан Ассақалов (Өзбек­стан) және 130 кило – Ислам Йыл­дырым (Түркия).