Спорт • 28 Ақпан, 2022

Томаштың табысына қуандық

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейжіңде өткен қысқы Олимпия ойындарының шайбалы хоккейшілер сайысында Словакия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет қола медаль иеленгені белгілі. Канадалық маман Крейг Эдвард Рэмзи жетекшілік еткен команданың сапында Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубының шабуылшысы Томаш Юрчо да өнер көрсетті. Ал біз сол ойыншы жайында не білеміз?

Томаштың табысына қуандық

Томаш Юрчо 1992 жылдың 28 желтоқсанында бұрынғы Чехословакияның Кошице қа­ласында дүниеге келді. Бала ке­зінен хоккейге қызыққан ол 16 жасында Канадаға аттанып, түрлі ортаңқол клубтарда өнер көрсетті. Арада төрт жыл өткен­нен соң Ұлттық хоккей лига­сын­дағы (ҰХЛ) майталман маман­дардың қырағы назарына ілікті. Содан бес маусым бойы «Детройт Ред Уингз» бен «Чикаго Блэкхокстың» намысын қорғады. 2019-2020 жылдар аралығында Юрчо «Эдмонтон Ойлерзде» ойнады. ҰХЛ-да ол барлығы 223 рет мұз айдынына шығып, 54 ұпай (23 гол+31 пас) жиды. Америкалық хоккей лигасында (АХЛ) 240 кездесу өткізіп, 169 ұпайды (82+87) еншіледі.

Былтыр Томаш «Барыстың» жейдесін киді. Қазақстанға келген бетте өрелі өнерімен көзге түсіп, сан рет жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Оның Құрлықтық хок­кей лигасындағы (ҚХЛ) айшық­ты ойыны мамандар тарапынан оң бағалануда. Сол кезден бері 17 мәрте мұз айдынына шық­қан словакиялық шабуылшы қар­сыластар қақпасын 3 рет дәл көздеп, 8 рет нәтижелі пас берді. Барлығы – 11 ұпай.

Өз елінің ұлттық құрамасы сапында Томаш Юрчо 2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысты. Ол жарыста Словакия 11-орынды қанағат тұтты. Юрчо төрт бәсекеде бір рет нысананы дәл көздеді. 2015, 2016 және 2018 жыл­­­дары ұйымдастырылған әлем чем­пионаттарында бақ сы­наған хоккейші 11 матчта (2+7) 9 ұпай жиды. Одан бөлек, То­маш жасөспірімдер мен жастар ара­сындағы дүниежүзілік додаларда да өнер көрсетті.

Осыған дейін Олимпия ойындарына жеті мәрте қатысқан Словакия ең үздік нәтижеге 2010 жылы Ванкуверде қол жеткізді. Жартылай финалда канадалықтардан (2:3) ұтылған олар қола медаль үшін тартыста Финляндияға (3:5) жол берген еді. 2006 жылы Туринде бесінші орын алса, 1994 жылы Лиллехаммерде алтыншы сатыға табан тіреді.

Бейжіңде Словакия құра­масының бағы жанды. Топтық турнирде финдер (2:6) мен шведтерге (1:4) есе жіберіп, Латвияны (5:2) ойсырата ұтты. Соңғы ойында Юрчо бір гол соғып, бір рет нәтижелі пас берді. Плей-офф сайысында олар Германияның қақпасына жауапсыз төрт шайба салды. Ширек финалда АҚШ-тан (3:2) буллит соғу барысында басым түсті. Жартылай финалда финдерге (0:2) әлдері жетпеді. Ал үшінші орын үшін бәсекеде Швецияға (4:0) шаң қап­тырып кетті. Осылайша, Словакия хоккейшілері Олимпия ойындарының қола жүлдегері атанды. Дәп қазіргі кезде қа­зақ­­стандық жанкүйерлер де ға­ламдық додада үшінші орынға табан тіреген команданың сапын­дағы «Барыстың» ойыншысы Томаш Юрчоны Бейжіңдегі тола­ғай табысымен құттықтауда.