Қоғам • 28 Ақпан, 2022

«Қазақ тілін» ығыстырып, басқарма құрдық. Не ұттық?

841 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы, тоқсаныншы жылдарының басында халқымыздың зиялы қауымының ұлттық жаңғыруға жол ашқан «қайта құру» саясатының мүмкіндігін мүлт жібермеуге ұмтылысының нәтижесінде өңірлерде жаппай құрылған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, ономастиканың өзекті мәселелерін шешу мақсатымен жұртшылық арасында белсенді үгіт-насихат жүргізіп, қыруар іс тындырғаны мәлім.

 

«Қазақ тілін» ығыстырып, басқарма құрдық. Не ұттық?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

 

Сол кезде олардың штатында ай сайын жалақы алып, тұрақты жұмыс істейтін кемінде үш-төрт қызметкер болғанын білеміз. Арада уақыт өте келе оларды қаржыландыруды заңдастыру қажеттігі туындаған. Сонда өңірлік әкімдіктердің күн тәртібіне «Қазақ тілі» қоғамын қолдау қажет пе, әлде Тілдер басқармасын құрған жөн бе?» деген сауал шығарылғаны анық. Ақы­рын­да әкімдер бюджеттен бөлі­нетін аз-мұз қаржыны «ана тілім, ата салт-дәс­түрім» деп білек түрініп шық­қан бел­сенділері кейде көпшілік алдында қызына сөйлеп, жергілікті билік басын­дағылардың атына өткір сын айтып, «беделдерін түсіріп» жүрген қо­ғам­дық бірлестік филиалдарына бер­­геннен гөрі, «Ләпбай, тақсыр» деп иіліп-бүгіліп тұратын шенеуніктер қыз­­­мет істейтін Тілдерді дамыту бас­қар­­­маларын құруды жөн көрген сы­ңайлы.

Сөйтіп өңірлерде тіл мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар құрылып, іске кіріскеннен кейін әкім­діктердің қаржылай қолдауынан және көбінесе жергілікті билік іздеп тауып беріп келген демеушілердің тиын-тебенінен қағылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалдары­­ның көпшілігінің штаттағы қызметкер­лері түгел қысқартылған. Сол себепті олардың жұмыстары да біртіндеп қожырап, бұрынғы белсенділіктері бәсеңдеп қалған болатын.

Дегенмен, кейінгі кезде қоға­мы­мызда, әсіресе, бұқаралық коммуни­кация құралдарында жұртшылық өкіл­дерінің мемлекеттік тіліміздің бү­гінгі қалыптасқан жағдайына алаңдаушылық білдіре отырып, оның шынайы мәртебесін көтеру қажетті­гі жайлы талап-тілектері жиі дауыс көтере айтыла бастағандықтан болар, биыл Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы ауыстырылып, оның жұмысын қайтадан жандандыру шаралары қолға алынып жатыр. Жөн-ақ. Алайда осы ретте өңірлік әкімдіктерде «Қазақ тілі» қоға­мын қолдаймыз ба, әлде Тілдер басқармасын қаржыландырамыз ба?», деген сауал тағы да туындайтын сияқ­­ты. Себебі, қазіргі кезде қай үкі­меттік емес ұйымның болсын қаржы­ландыру көздері анықталмаса, олар­дың атқаратын қызметтері белсенді де нәтижелі болуы неғайбіл. Ал өңір­лердің көпшілігінің орталықтан қо­мақты субвенция алып отырған мар­дымсыз бюджеттері тиімсіз шығын­дарды көбейтпей, «көрпеге қарай көсілуді» тілейтіні мәлім.

Шынтуайтында, өңірлердің Тіл­дерді дамыту басқармалары осыған дейін өздерінің бірінші кезектегі мін­деттері – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп жарытқаны шамалы. Олардың әкімдіктердің аударма басқармаларына ұқсап кеткендігі жөнінде орынды сындар көптен бері айтылып келгені жасырын емес. Сон­дықтан да шығар, кейінгі жылдары бірқатар аймақта Тілдерді дамыту басқармалары оңтайландыруға ілікті. Қазір 17 өңірдің тек сегізінде ғана – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында ғана Тілдерді дамыту басқармалары қысқартуға ұшыра­май сақталып қалған. Міне, осындай бұрынғы мемлекеттік органдар Ақмола, Қызылорда облыс­тарында Ішкі саясат басқармаларына, Маң­ғыс­тау, Солтүстік Қазақстан, Павл­одар, Түркістан облыстарын­да және Шым­кент қаласында Мәдениет басқар­маларына қосылған. Нұр-Сұл­тан қаласында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармалары бірік­тіріл­ген. Ал Алматы қаласы әкімінің аппа­раты жанында Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орта­лығы ғана қалдырылған. Бұл мәлі­меттерден өңірлердегі тіл саясатын жүргізу толықтай жергілікті әкім­дік­тердің құзыретіне берілгендігі және орталықтан бірыңғай тәсіл ұсы­ныл­мағандығы аңғарылады. Әйт­песе, Тілдерді дамыту басқармала­ры қаза­ғы қалың һәм мемлекеттік тіл мәселесі аса өзекті емес деуге болатын Алматы, Атырау және Жамбыл облыс­тарында дербес күйінде сақта­лып, орыстілді азаматтардың үлес сал­мағы басым, мемлекеттік тіл­дің қолда­нылу аясы тар Солтүстік Қазақ­стан және Павлодар облыстарын­да Мәдениет басқармаларына қосыл­ға­ны қаншалықты негізді?!

Кезінде Тілдер жөніндегі комитет­ті басқарған белгілі қаламгер Ербол Шаймерденұлы бір сөзінде: «Шынын айтсам, Тілдер жөніндегі комитетті Мәдениет министрлігінің құрамы­нан алып, Білім министрлігіне бермейін­ше, қазақ тілінің көсегесі көгереді деп айта алмаймын...», деген болатын. Бүгін­де арамызда жоқ қайраткер аға­мыз­дың сол аманаты орындалғандай болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Тіл саясаты комитеті былтыр Мә­де­ниет және спорт министрлігінің құ­рамынан шығарылып, Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берілді. Алайда Тілдерді дамыту бас­қармалары оңтайландырылған өңірлердегі Тілдерді дамыту және Оно­мастикалық жұмыс бөлімдері Ішкі саясат және Мәдениет басқар­маларының құрамында қалып отыр. Мұнда қандай қисын бар?

Біздіңше, қазір дербес қал­пын­да сақталған Тілдерді дамыту бас­қармаларын Білім және ғы­лым ми­нистрлігінің Тіл саясаты коми­те­тіне бағындырып, әртүрлі өңір­лік бас­қармалардың құрамындағы Тіл­дерді дамыту бөлімдерін Білім бас­қар­маларының қарауына берген жөн. Сонда мемлекеттік тілімізді көп­этносты халқымызға балабақшадан бас­тап үйретуге барынша қолдау жа­саумен қатар, оның тиімділігін бақы­лау да күшейе түсер еді. Себебі, жекелеген өңірлерде бір кезде қолға алынған талай игі бастамалар аяқсыз қалып, күткендегідей нәтиже бермеді. Мәселен, елдің шетіндегі, желдің өтін­дегі Солтүстік Қазақстан облысында 2004-2007 жылдары барлық балабақшада қазақ тілін үйрету батыл қолға алынып, қазақ топтары да көбейтілген еді. Қызылжар өңіріндегі мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің үздік мұғалімдеріне үстем­ақы да төлене бастаған болатын. Бұған қоса, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бо­йынша оқуға түсуге тілек білдірген ұлты қазақ емес түлектерге облыс әкімінің гранттары тапсырылып, мемлекеттік тіліміздің мерейін асыратын басқа да іс-шаралар көпшіліктің көңілінен шығып жататын. Өкінішке қарай, облыс басшылығы ауыстырылғаннан кейін сол жақсы істер одан әрі жалға­сын таппай, тіпті бүгінде ұмытылуға айналды. Өңірлік Тілдерді дамыту басқармалары Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті­нің басшылығымен жұмыс істесе, Тіл­дерді дамыту бөлімдері өңірлік Білім басқармаларының құрамында болса, ел болашағы – жас ұрпақтың мемлекет­тік тілді меңгеріп өсуіне ықпалы тие­тін тың бастамаларды қолдап, олар­дың өрісін ел көлемінде кеңейтуге оңтай­лы мүмкіндік туар еді.

Ал Тәуелсіздіктің отыз жылында елді мекендер мен көшелердің атауларын толық қазақыландырып бітіре алмаған Ономастикалық жұмыс бөлімдерінің штат санын қысқар­тып, оларды ұстауға кететін шығындар­дың денін «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» РҚБ филиалдары­на мемлекеттік тапсырыс ретінде бөл­ген жөн сияқты. Бұл, әсіресе, солтүстік өңірлерде соңғы жылдары сылбырап кеткен ономастикалық жұмысқа соны серпін берері шүбәсіз. Әрине, еліміздегі азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік қолдау күшейтіліп отырған қазіргі кезде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын үкіметтік емес ұйым ретінде қаржыландырудың басқа да көздерін қарастыру қажет. Сонда бұл қазір аты бар да, заты жоқ болып қалған ұйымның бұрын­ғы белсенділігін қалпына келтіріп, тіл саласында қордаланып қалған өзек­ті мәселелерді шешуге оңтайлы мүм­кіндік туары даусыз.