Қоғам • 01 Наурыз, 2022

Жүз жасаған кейуананың батасы

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әлі де індеттен толық арылған жоқ. Дегенмен күн сайын індетке шалдыққан­дар қатары азайып келеді. Мегаполис­те пандемияны ауыздықтауда ақ халатты мамандардың еңбегі ерен екендігін мойындау керек. Екі жыл бұрын елімізде індет басталғанда айлап, апталап үйінің бетін, бала-шағасын көрмей еңбек еткен де инфекциялық дәрігерлер.

Жүз жасаған кейуананың батасы

Жуырда Алматы қаласындағы И.Же­кенов атындағы клиникалық жұқпа­лы ауру­лар ауруханасында Дәмеш Қара­таева жүз­ге толғанын да атап өтіп, індеттен де айы­ғып, дәрігерлерге алғы­сын жаудырып, үйі­не қайтты. Ғасыр жасаған кейіпкеріміз 5 ақ­пан күні ауру­ханаға ауыр халде түс­кен болатын. Дәрігер­лердің айтуынша, әл­сіз науқас бірден инт­енсивті терапия бө­лім­шесінде ем ала бас­тағаннан кейін беті бері қараған.

«Мені емдеп, қолдау білдірген барлық ақ халатты абзал жандарға рахметімді айтамын, айналайындар! Өмір жастарың ұзақ болсын! Менің жасымды берсін, әумин! Еліміз тыныш болып, көркейе берсін», деп батасын берді үйіне қайтып бара жатқан 100 жастағы кейуана Дәмеш Қаратаева.

«Науқасқа коронавирустық инфекция диаг­нозы қойылып, өкпесі зақымданған кез­де ауруханаға түсті. Ауруды жеңудегі бас­­ты жайт – әжейдің өмірге деген құш­тар­лы­ғы болды», дейді И.Жекенов атын­дағы клини­калық жұқпалы аурулар ауру­ха­н­асы­ның 1-санатты дәрігері Дания Насырбекова.

«Әжеміз бір апта бойы жөтеліп қоймаған соң, уайымдап, КТ аппаратына түсірдік. Өкпесі 25% зақымданған. Өзім дәрі­гер болған соң басқа дәрігерлермен кеңе­сіп, жедел түрде ауруханаға жатқыз­дық. Телефонмен сөйлескен кезде жағ­дайының жақсарғанын байқадым. Әже­міздің қаншама немересі, шөбере, шөп­­ше­гі бар, бәрі де ақ халатты жандар­ға ал­ғыс­тарын айтып жатыр», деді Дәмеш Қара­тае­ва­ның немересі Нұрбол Жұмабеков.

Айтқандай, Дәмеш әже өзінің 100-ге келген туған күнінде ауруханадан шығып отыр. Қос қуанышы қатар келген кейуананы аурухана мамандары гүл шоқтары мен сыйлықтарын беріп, шығарып салды. Ал асыл әжелерінің шаңырақтарына аман-есен оралғаны үшін жақындары аурухана әкімшілігіне зор алғыстарын айтады.

 

АЛМАТЫ