Аймақтар • 01 Наурыз, 2022

Жомарт жандарға ырзалығы шексіз

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ойын баласы дерсіз. Жасына қарап. Иә, егер төрт құбыласы тең дерлік отбасында болса уақытының көбін ойынға бөлер ме еді, кім білсін. Біз әңгімелегелі отырған Оразымбеттің ойлағаны ойын емес, бүкіл отбасының қамы еді. Тоғыз жасында адамдардың бір-біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастыратынына, достастыратынына анық көз жеткізді.

Жомарт жандарға ырзалығы шексіз

Жақсылық жасау – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі екенін білді. Жақсы адам қол ұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұратынын өз басынан өткерді. Ересектерден ерекше үлгі алды, өзі де ертеңгі күні жақсылық жасауға жақын тұратын болады. Ал бүгінде Оразымбеттің жомарт жандарға айтар алғысы шексіз.

«Баспана болса ғой, өскенде бер­ген­деріңді қайтарып берем, шын айтам» деп арманын айтқан 9 жастағы Ора­зымбеттің сөзі көпшілікті тебі­ренткені, ойландырғаны анық. Жүрегі нәзік, аса сезімтал баланы мұңды еткен ахуалға тереңдемей-ақ қоялық. Көпшілікті жылатқан Оразымбет қарт әжесімен, зағип анасымен, екі мүгедек ағасымен бірге тұрады. Отбасы қабырғалары бүлінген, сылағы түскен үйді жалға алып отырған. Төртінші сыныпта оқитын Оразымбеттің анасы Бақытгүл – бірінші топ мүгедегі, көзі көрмейді. Жасы кіші болса да, ерте есейген бала мектептен ерте шығып, анасына, екі ағасына көмектесетінін айтады. Қарны ашқан күндері сыныптастарынан қарыз сұрайтынын да жасырмайды. Көпшілікке жария болған көрсетілімде ол өзінің бір-ақ арманы бар екенін жеткізді. «Менің бір-ақ арманым бар, оны орындасаңыздар, өзім де қайтарып берем. Тек бір ғана баспана алып берсеңіздер, жетеді. Анам да, мен де қиналдым. Анамның көзі көрмейді, ағам да ауырады, екінші ағам да кемтар. Әжем де қартайып келеді, жасы келіп. Өтініш, көмектесіңіздерші. Бір баспана болса да жетеді. Өскен кезімде қайтарып беремін. Шынымды айтам», деді ол. «Харекет» қайырымдылық қорының белсенді мүшесі, актер Мадияр Серікбаевтың айтуынша, оған түнделетіп видео-хабарлама келген. Актер бейнетүсірілімді көріп, бейжай отыра алмағанын айтады.

Қазақ елінде қайырымды жан көп. Солардың басын қосып, мұқтаж жан­дарға қол ұшын беріп жүрген «Харекет» қайырымдылық қоры Оразымбетке Шымкент қаласынан 5 бөлмелі үй сыйлады. Одан бөлек баланың анасы Бақытгүлдің көзін тегін емдетуге сертификат табыс етілді. Сондай-ақ Оразымбеттің өзіне су жаңа компьютер мен 5 миллион теңгеге сертификат берілді. Бұл қаражатты бала 18 жасқа толғаннан кейін қажетіне қарай жарата алады. Осындай жұрт сүйсінерлік игілікті іс жария болған «Түнгі хабар» бағдарламасында есімі елге мәлім әнші Сәкен Майғазиев Оразымбеттің ересек азаматтардың сөзін айтқанын жеткізді. «Әлеуметтік желі арқылы өздеріңіз көрдіңіздер, бәріміз тебірендік. Бала арманы орындалсын. Бір-ақ нәрсе айтқым келеді, Алланың қалауымен сол армандарың орындалып жатса да, ел-жұрт болып жұмылып, жылу жинап, өз ағайындарың, бауырларың өзекке теппей, көмектесіп жатқан жағдайда да, ол сыйлық болады. Ал енді соны қайтарамын деген райыңнан қайт, айналайын. Күллі қазақ саған сол дүниені қайтарып беру үшін емес, Алланың разылығы үшін өзіміздің ағайын-туысқандар беріп жатыр деп қабылда», деді Сәкен Майғазиев.

Армандарының орындалғанына сене алмаған Оразымбет көз жасын жа­сы­­ра алмады. Бала көңіл толқып, айт­­қысы келген жүрек сөзін толық жет­кізе ал­мады. «Баршаларыңызға рах­мет! Алла­дан қайтсын», деумен бол­ды. Ал Ора­зым­беттің нағашы әжесі: «Жетімді жебе­геннің алдынан жеті пейіштің есігі ашы­лады. Тілек­терің қабыл болсын!», деп аналық батасын беріп, алғысын білдірді.

Оразымбет зағип анасының қолы­нан жетектеп, жаңа үйдегі барлық бөл­­ме­лерді таныстырған. Үйдің сыр­тындағы кең аулаға қияр, қызанақ пен басқа да көкөністер және гүл екпек. Ертеңгі күніне сенімді баланың іске асырғысы келетін жоспары көп.

 

ШЫМКЕНТ