Спорт • 01 Наурыз, 2022

Түркияда тоғыз жүлде алдық

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлерінен өткен Яшар Доғу, Вэхби Эмре және Ха­мит Капланның мемориалын жер­лестеріміз 9 жүлдемен қоры­тындылады.

Түркияда тоғыз жүлде алдық

Суретте: Жәмила Бақбергенова

Еліміздің грек-рим күресі ше­берлері 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді олжалағаны жайында біз бұған дейін жаздық. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Бұл жарыста жергілікті балуандардың қарқыны өте күшті болды. Түркия ба­луан­дары жеңіс тұғырының ең биік сатысына бес рет көтерілді. Екін­ші орындағы Өзбекстанда үш алтын бар. Үздік үштікті Әзербайжан қоры­тындылады.

Грек-рим күресінен өткен жа­рыстың жеңімпаздары

55 кило – Адем Бурак Узун (Түр­кия), 60 кило – Ернар Фидахметов (Қазақстан), 63 кило – Исломжон Бахрамов (Өзбекстан), 67 кило – Махмуд Бахшилоев (Өзбекстан), 72 кило – Селжук Кан (Түркия), 77 кило – Юнус Эмре Башар (Түркия), 82 кило – Бурхан Акбодак (Түркия), 87 кило – Ислам Аббасов (Әзер­байжан), 97 кило – Руслан Ассақалов (Өзбекстан) және 130 кило – Ислам Йылдырым (Түркия).

Әйелдер күресінен өткен жарыс­та 72 кило салмақтағы Жәмила Бақ­бер­генованың жарқын жеңісіне куә болдық. Былтыр Ослода әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған қазақ қызы Түр­киядағы турнирде Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Дануте Домикайте (Литва), жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының жүл­дегері Гок Вахиде Нур (Түркия), Яры­гин Гран-приінің жеңім­пазы Ксения Буракова (Ресей) және әлем мен құрлық чем­пионаттарының жүлдегері Анна Шелл (Германия) сынды кіл мық­тыларды жеңіп, алтыннан алқа тақты.

78 кило салмақта күрескен Гүл­марал Еркебаева да қола медальді иеленді. Жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионатының жүлдегері Мартина Кюнцтан ұтылған ол үшінші орын үшін бәсекеде америкалық Виктория Крис­тина Фрэнсистен айласын асырды.

Әйелдер күресінен өткен жарыстың жеңімпаздары

50 кило – Полина Лукина (Ресей),

53 кило – Болотуя Бат Очир (Моңғолия), 55 кило – Джакара Винчестер (АҚШ), 57 кило – Эвелина Николова (Болгария), 59 кило – Анастасия Нишита (Молдова), 62 кило – Церен­чимед Сухее (Моңғолия), 65 кило – Фер­рест Молинари (АҚШ), 68 кило – Блес­синг Обородуду (Нигерия),

72 кило – Жәмила Бақбергенова (Қазақ­­стан) және 76 кило – Айпери Медет­қызы (Қырғызстан).

Еркін күрестен өткен турнирде алыптармен айқасқан үш балуанымыздың арасынан тек Юсуп Батырмурзаев қана ел сенімін ақтады. Шешуші тұста ре­сейлік Ацамаз Теблоевты тізе бүк­тірген отандасымыз қола медальді иеленсе, Олег Болтин мен Әлішер Ерғали қалың топтың арасында қалып қойды. 97 кило салмақтағы Мамед Ибрагимов та сол межеден көрінді. Үшінші орын үшін тартыста ол жергілікті спортшы Мустафа Сессизден басым түсті. Өкінішке қарай, өзге балуандарымыз тегістей ұтылды.

Еркін күрестен өткен жарыстың жеңімпаздары

57 кило – Алмас Сманбеков (Қыр­ғызстан), 61 кило – Рави Кумар (Үн­дістан), 65 кило – Шамил Мамедов (Ресей), 70 кило – Амир Мухаммед Яздани (Иран), 74 кило – Сонер Демитрас (Түркия), 79 кило – Джордан Борроуз (АҚШ), 86 кило – Осман Гечен (Түркия), 92 кило97 кило Мухаммадхоссейн Мухаммадиан (Иран), Ахмед Юсуп Базригале (Иран) және 125 кило – Таха Акгюл (Түркия).