Онда бірқатар зиялы қауым өкілінің Жамбыл облысы басшылығына Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай Тараз қаласында ескерткішін орнату туралы ұсыныс-хат жолдағаны жазылған болатын. Ұсыныс-хатты облыс басшылығы да қолдап, тиісті мекемелер осы бағыттағы жұмыстарын бастап кеткен еді.
Осыдан кейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Д.А.Қонаевтың монументалды ескерткішіне байқау жарияланып, оған Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Жезқазған қалалары мен Қарағанды және Жамбыл облыстарынан барлығы 23 өнер туындысы бақ сынаған-тын. Мүсін қоладан құйылады, биіктігі – 4 метр, құны 49 млн теңге, астындағы тұғырының биіктігі де 4 метр, құны 25 млн теңге деп белгіленген еді. Сондай-ақ ескерткішті жеткізу, айналасын абаттандыру, т.б. жұмыстарға 10-15 млн теңге кетеді деп жоспарланған болатын.
Қаржы жинауға қордың Жамбыл облыстық бөлімшесі бастамашы болды. Қордың құрметті мүшесі, 94 жастағы абыз ақсақал Баттал Жаңабаев кәсіпкер азаматтарға үндеу жолдап, зейнетақысынан бірінші болып қаржы салды. Енді осы орынды бастама аяқсыз қалмаса екен, оның түпкілікті жүзеге асуына еліміздің азаматтары көп болып көмек қолын созса екен деген тілегіміз бар. «Көп түкірсе – көл» деп бекер айтылмаса керек. Бүгінде бар мәселе қаржыға тіреліп тұр.
Б.ҚОШМАҒАНБЕТОВ,
Тараз қаласының тұрғыны
Жамбыл облысы