Елбасының интеграциялық бастамаларының баяндылығы хақында экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҰҒА академигі Сағындық САТЫБАЛДИНМЕН әңгіме
– Ұлт ұстазы Абайдың даналығына таңғалумен келеміз. Не деген көреген еді десеңізші, – деп бастады өз әңгімесін академик ағамыз. – Уақыт озған сайын Абай өсиеттерінің өміршеңдігі өзін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Айталық, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің елімізді жаңа арнаға салу, дамыту жолындағы барлық істерін осы Абай көрсеткен нұсқада атқарды десе де болғандай. Есіңізде ме, ұлт ұстазы былай деп еді ғой: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Міне, Қазақстан Республикасының шаңырағын көтерген Нұрсұлтан Назарбаев ұлт ұстазының дәл осынау өсиетін өз қызметінің бастауында-ақ орындауға кірісті деуге болады. Қазақстанның Тәуелсіздігін әлемнің бірқатар мемлекеттері мен Біріккен Ұлттар Ұйымы таныған кезден қолға алынған алғашқы халықаралық маңызды құжат Ресей Федерациясымен арадағы Мәңгілік достық туралы декларацияға қол қою болғаны даусыз. Бұл өзіміздің басты қажеттігімізді шешіп берген аса маңызды құжат еді. Осы декларация арқылы біз өз ішіміздегі өзге ағайындарға бірдей қарайтынымызды айқын паш еттік. – Біздің әңгіме Елбасымыздың интеграциялық бастамалары туралы болғандықтан, сол тақырыпқа төте тартсақ қайтеді? – Интеграцияның негізі де сол «Адамзаттың бәрін сүй...» деген қағидадан басталады. Осындай қасиетті бойыңа сіңіру арқылы ғана басқаның жақсы көруіне ие боласың. Ал мына капиталистік қоғамда интеграция тек қана сенім арқылы, сенімділер арасында орнайды. Демек, ең алдымен өзің өзге туралы жақсы ойлайтыныңа жұртты сендіре білуің керек. Сол кезеңнің жағдайынан хабардар адамдар 1991 жылға дейінгі Н.Ә.Назарбаевтың әртүрлі мінберлерде сөйлеген сөздеріне назар аударса, онда бір ақиқатқа тап болар еді, ол – Кеңестер Одағындағы жіпсіз байланған экономикалық интеграцияны қайткен күнде де сақтап қалу деген идеяға сайды. Айталық, Қазақстанда негізінен металдар мен минералдар өндірісі индустриямыздың басты буыны болды ғой. Бізден миллиондаған тонна руда, шикізаттар берісі Қырғызстан мен Ресейге, әрісі Украинаға дейін тасымалданатын. Ол жақта олар өңделіп, нағыз қажетті металл прокаттары құйылатын. Содан соң сол металдардан қажетті бұйымдар жасау үшін енді басқа республикаларға жөнелтілетін. Сонан соң ғана тракторлар мен басқа да техникалар пайда болатын. Тіпті, техниканы құрастыру зауыттары мүлде басқа республикада орналасқан болушы еді. Яғни, республикалар бір-бірімен ажырағысыздай байланыстырылған экономикалық интеграция жағдайында өмір сүрген Кеңестер Одағының ыдырау зардабы күшті тауқымет екенін Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездің өзінде әріптестеріне дәлелдеп айтып жүрді. Одақ ыдыраған соң, 90-шы жылдардың басында біз бастан кешкен құқайды енші алып шаңырақ құрған барлық жаңа жас мемлекеттер көрді десек, қателеспеспіз. Міне, осындай қиыншылықтардың алдын алып, күні бұрын соларды болдырмауға негіз қалаған жалғыз басшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол «Беловежье тоғайында» үш славян мемлекетінің басшылары Одақтан шыққандықтарын мәлімдегеннен кейін Ашғабад пен Алматыда посткеңестік аумақтағы жаңа мемлекеттер басшыларының басын қосып, ақыр аяғында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы деп аталатын халықаралық жаңа құрылымның өмірге келуіне себепкер болды. Осы кезде интеграциялық ойдың аумақтағы қолдаушы, қорғаушысы Н.Ә.Назарбаев Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы Мемлекеттік университетінде Ресей астанасындағы ықпалды топ өкілдерімен және ғылыми ортаның ғұлама тұлғаларымен кездесіп, дәріс оқыды. Сол кезде мен Мәскеуде іссапарда жүрген едім. Президентіміздің бұл айтулы оқу орнында оқитын дәрісі жайлы естіген соң, сонда арнайы бардым. Н.Ә.Назарбаевтың өзіне тән сұңғыла шешендікпен өрілген және әрбір сөзін дәлел-дәйектермен бекіте негіздеген, теориялық тұрғыдан әбден тиянақталған лекциясын жиналған жұрт ризашылықпен қабылдағанын көзбен көрген санаулылардың бірімін. Бұл 1994 жыл болатын. Дәріс оқи сала кетіп қалған жоқ, жиналған оқымысты қауыммен біраз уақыт емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Жасыратын несі бар, Қазақстан басшысы ұсынған Еуразиялық интеграциялық одақ туралы өміршең ойды сол кезде толыққанды түсінгендер аз болды. Президент Назарбаев ұсынған интеграциялық одақтың көмегінсіз бас-басына отау тігу арқылы еш елдің экономикасы ілгері баспайтынын, дамудың орнына рецессияға ұшырайтынын уақыттың өзі айқын айғақтап отырды. – Интеграциялық одақтың артықшылықтарын таратыңқырап айтыңызшы? – Ешқашан ешкімнің ұмытуға құқы жоқ бір ақиқат бар, ол – әрқашанда әркімге және әр мемлекетке рыноктың басты қажеттілік болатындығы. Егер Еуроодақ тарихына көз жүгіртсек, онда оның бір кездегі атауы «Ортақ рынок» деген болатын. Осыдан-ақ еуропалықтардың бірігуінде саясат емес, рынок іздеушілік шешуші рөл атқарғанын түсінуге болады. Біздің жағдайда бір-бірімізден қанша жерден кетсек те, бұрынғы Кеңестер Одағына біріккен 15 республика бір-бірінің рыногы болды ғой. Міне, кетісемін деп мемлекет басшылары сол рыноктардан айырылды. Айталық, Кеңестер Одағының барлық республикаларын Балтық жағалауындағы шағын мемлекеттер фармацевтика өнімдерінің біраз бөлігімен қамтамасыз етіп тұрды. Ал Белоруссия бізге ауыл шаруашылығы және кеніш шаруашылығы техникаларын беретін. Біздің уран рудасын өңдейтін зауыт Қырғызстанда болғанын көпшілік біле бермейді. Ал Қазақстанның Петропавл қаласында орналасқан бес бірдей жасырын-жабық зауыт Мәскеудегі КСРО орта машина жасау министрлігіне тікелей бағынып, тек әскери кешен өнімдерін өндіретін. Міне, осындай ақиқаттар көзге көрініп тұрған шақта уақыт озған сайын 1994 жылы Мәскеу университетінде Н.Ә.Назарбаев ұсынған идеяның өміршеңдігі айқындала бастады. ТМД ішіндегі бұл идеяның мағына-мәнісін түсінген мемлекет басшылары енді Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа бірігу туралы шартты өмірге әкелді. ЕурАзЭҚ жемісті жұмыс істеп келеді. Оған біріккен мемлекеттерде ішкі рецессия тежелуге бет бұрды. Мемлекеттердің экспорты өзара тауар алмасу есебінен ұлғая түсті. Ал экспорттың ұлғаюы мемлекеттерде енетін валюталық қаражат емес пе. Қазір ТМД аумағында, әсіресе, ЕурАзЭҚ ішінде Ресей рублі мен Қазақстанның теңгесі өтімді валюта-тауар қызметін атқарып жүр. Іргедегі қырғыз ағайындарға өз сомдарынан гөрі теңге құндырақ. Мінеки, ЕурАзЭҚ не берді деген сұраққа осының өзі-ақ жауап болып тұрған жоқ па?! Мұндай пайдалы бастаманы өмірге әкелгені үшін біздің Президентімізге осы құрылымға біріккен барлық елдердің басшылары мен қалың бұқарасы алғыстарын айтуға тиіс. Жалпы алғанда, интеграцияның қалайтыны – ашық есік саясаты. Мұндайда оның берері көп. Еуразиялық интеграциялық қоғамдастық жағдайында да Н.Ә.Назарбаев мемлекеттер әлі де болса ішкі мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай тұрғанын байқады. Сөйтіп, интеграцияны одан әрі дамытуға білек сыбанып кірісті. Үштіктің Кеден одағы тікелей Н.Ә.Назарбаевтың ұзақ жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің, түсінік жұмыстарының жемісі екені даусыз. Ал қазір оның игілігін Ресей мен Белоруссия мемлекеттері де көріп отыр. Кеден одағы өмірге келгеннен бергі уақыт ішінде бұл мемлекеттердің бір-біріне экспорты шамамен 20 пайызға артқан екен. Демек, натуралды экономикадағы өндіріс көлемі әр мемлекетте осынша өсті деген сөз. Ал бұл сол мемлекеттерде біршама мөлшерде жұмыс орны ашылды дегенді білдіреді. Ол өз кезегінде бір қауым елдің күнкөрістік жұмыс орнын тапқанын көрсетеді. Қысқасы, интеграциялық одақтар әрқашанда бір-бірін қолдау арқылы дамитын салалас және сабақтас кәсіпорындарды өмірге әкелу арқылы берерін молайта түседі. Қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істейтін, Ресейдегі және Белоруссиядағы әріптестерімен бірлескен кәсіпорындар жетерлік. Олардың көбісі Кеден одағы құрылғаннан кейін өмірге келді, демек, бұл – интеграцияның жемісі. Мұның басты себебі, Қазақстан кәсіпкерлік қызмет жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған және жасай береді. Біздің қолайлылығымыздың басты сипаты салықтық жеңілдіктерден көрініс тапқан. Айталық, Ресей Федерациясында табыс салығы 13 пайызды құрайды екен. Ал бізде ол 10 пайызбен шектелген. Сондай-ақ, басқа да салықтар бойынша кәсіпкердің өз өндірісін Қазақстанда ұйымдастырғанда ұтатыны шамамен 10 пайыздай кіріс. Бұл кәсіпкер үшін аз жеңілдік емес. Дәл осылайша Ресей Федерациясы мен Белоруссия да ұтысқа шығады деуге болады. Өйткені, ондағы өндірушілер Қазақстанның металы мен минералын баж салығынсыз импорттайды ғой. Сөйтіп, үш мемлекет бір-бірінің қажетін өтеу арқылы ең алдымен өздерінің алаңсыз және қарқынды дамуына жол ашып алды. Осыны байқап отырған басқа мемлекеттер де Кеден одағына мүшелікке өту дайындығына кіріскен. Пайымдауымызша, Армения, Қырғызстан мен Тәжікстан биылғы жылы Кеден одағына мүше болып қалар. Бұдан біздің де өрісіміз кеңейеді. Олар да өз тауарларын өрісі кең рынокқа шығару мүмкіндігіне ие болады. Осылайша Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінің көкжиегі кеңейе бермек. – Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық одақ туралы идеясының жария етілгеніне 20 жыл өтіпті. Бүгінгі күн биігінен осы өткен уақытқа қандай баға берер едіңіз? – Идеяны қолдаушылардың оны терең түсінуіне біраз уақыт керек болды. Ал егер Абайша ойласақ, онда қуануымызға болады. Ұлт ұстазы «істің нәтижесі оның қалай басталғанынан білінеді» деп еді ғой. Мінеки, осы қағидаға сүйенсек, онда біз жақсы іс істедік. Еуроодақтың бүгінгідей ұлан-ғайыр қуатты күшке ие болуы үшін екінші дүниежүзілік соғыстың соңынан бүгінге дейінгі уақыт қажет болды. Ал біз осы идеяны жүзеге асыру ісімен бар болғаны 20 жыл ғана айналыстық. Қазіргі таңда Кеден одағы халықаралық деңгейде толық мойындалған құрылымға айналды. Түптің түбінде оның берері тіптен мол болатынына шүбәсіз сенемін. Ең бастысы, бұл одақ қарапайым қалың бұқараның өмір сүру деңгейінің жоғарылауына жол ашады. – Осы «ортақ валюта» болады деген әңгімеге қатысты не айтар едіңіз? – Жалпыэкономикалық заңдылық бойынша, Кеден одағының өзара тауар алмасу көлемі ұлғая бермек. Мұндай жағдайда мемлекеттер ортақ валюта жайлы әңгімені қозғауы мүмкін. Еуро осындай алыс-берісті оңайлату үшін өмірге келген ғой. Мұндай ортақ валюта болмыс ақиқатына айналып жатса, оған түсіністікпен қарауға тиіспіз. Тек ол бір мемлекеттің құзырына бағынатын доллар секілді «дүние» болмайтынына алғышарттар жасау керек. Меніңше, Ресей басшылығы доллардың бүгінгі жағдайын көре отырып, рубльді доллар батқан батпаққа батыруға бармас. Жалпы алғанда, жер бетінде қазір аймақтық валюталар көбейіп барады. Бұл түптің түбінде «доллар диктатурасын» жоятын бір алғышарт ретінде қарастырылады. Қалай болғанда да, ортақ валюта туралы ой шошынарлық «құбыжық» емес. – Кеден Одағына қарсылар да жоқ емес сияқты ғой. Олардың уәжіне қатысты не айтар едіңіз? – Кез келген одақ оған біріккен мүше мемлекеттердің мүддесін сыртқы экспансиядан қорғау үшін өмірге келеді. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мемлекеттерді ашық есік жағдайында жұмыс істеуге «итермелесе» де, әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі одақтарға бірігіп жатқандарды көреміз. Айталық, Канада – АҚШ – Мексика одағы өмірде бар. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының ұйытқысы болған АҚШ мемлекетіндегі ішкі саясаттың бір «жемісі». Бұл осындай одақ құру арқылы ашық есік жағдайында жұмыс істейтін және одан көп пайда тауып отырған Жапонияның электронды-тұрмыстық тауарларынан АҚШ рыногын қорғау мақсатында өмірге келген. Демек, протекционизмге қарсы әрекет еткен АҚШ сол протекционизмді өз рыногында жасап алды. Еуроодақ жайлы да осылай деуге болады. Тынық мұхит және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің одағы мен мұнай экспорттаушы ислам әлемінің одақтары да осы мақсатта құрылған. Қысқасы, әрбір одақ протекционистік мақсатта құрылады. Иә, Кеден одағы да өз мүддесін, өз пайдасын көздейді. Мұндай жағдайда оның белсенді қызметіне наразылардың болуы заңды құбылыс. Меніңше, сыртқы пікір соның көрінісі. Ал сырт солай дейді екен деп біз өз қадамымыздан бас тартсақ, өкініш сонда болады. Жасыратын несі бар, қазіргі таңда Қазақстан түгілі, Ресей өндіретін натуралды өнімдер кейбір дамыған елдердің рыногында бәсекеге барынша қабілетті деп айта аламыз ба? Керісінше, дамыған елдердің тауарлы өнімдері біздің рыноктарымызда өтімді. Тіпті, кейбір кездерде мемлекеттердегі табиғи жағдай да бір жақтың тауарын өтімді, келесі жақтың тауарын өтімсіз етеді. Мысалы, Аргентина мен Бразилияда еттің өзіндік құны мейлінше төмен екенін айтқан жөн. Тропикалық ормандарда орналасқан бұл мемлекеттерде сойылатын мал үшін қора дайындалмайды, жем-шөп әзірленбейді. Далада еркін жүріп жайылады. Ал біздің Қазақстанда қыстайтын мал қорасының жылы болуы шарт. Қысқы кезеңге барлық малға пішен, сүрлем, тағы басқа азық түрлері дайындалады. Шөптің құнарлылығы төмен. Ал Аргентина мен Бразилияның малы жыл ұзағына көк балаусамен азықтанады ғой. Осыдан-ақ, бізде мал етінің өзіндік құны қымбат, ал ана жақта арзан екенін байқауға болады. Бұған қоса, аталған мемлекеттер өнімдерін бірден ең арзан су жолы арқылы шығарады. Ал біздегі арзанымыз – теміржол тасымалы. Оның өзі су жолы тасымалынан екі есе қымбат. Мұндай жағдайда Қазақстан да, Ресей де өз рыногын шетелдік экспансиядан қорғауға тиіс болып шықпай ма?! Сондай-ақ біздің металдарымыз бен минералдарымыздың барлығы дерлік тұтынушысына теміржол арқылы жеткізіледі. Бұл да өзіндік құнның жоғары болуын айқындайтын фактор. Мінеки, біз өз ішімізде рыногымызды қорғау үшін Кеден одағы басты қажеттілік екенін осындай мысалдар нақты дәлелдейді. – Протекционизм және интеграция бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар емес пе? – Иә, бұл екі ұғым әрқашан да бір-бірімен «мүйіздесетін» күштер. Сол екеуін бір-бірін зақымдамайтындай деңгейде пайдаланғандар ғана ұтады. Міне, осыны естен шығармайық. Біз онсыз да көп тарапты экономикалық саясат арқылы ашық есік жағдайына көшкен елміз. Бірақ солай бола тұрса да, өз рыногымызды шетелдік экспансиядан қорғауға тиістіміз. Өйткені, біздің өнімдеріміз біздің халқымыздың күнкөріс көзі. Міне, осынау ақиқаттарды тең дәрежеде және тұтастықта, бір кеңістікте ұстаған мемлекет қана мұратына жетеді. Олай болса, мұратымыз саяси ұстанымымызға сай деп батыл айтайық және сол мұрат бойынша жұмыс істейік. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше
«Кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Медицина • Кеше
Елорданың «Байқоңыр» ауданында ауқымды мұз айдыны ашылды
Елорда • Кеше