М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалының директоры, профессор, Университеттердің еуразиялық ассоциациялары атқарушы комитетінің төрағасы Александр СИДОРОВИЧПЕН әңгіме.
– 2001 жылы Астанада М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылды. Еліміз үшін бұл филиалдың қаншалықты маңызы бар?
– Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының ашылуы – осы оқу ордасының тарихындағы және қос елдің қарым-қатынасындағы маңызды оқиға. Менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлының Мәскеу мемлекеттік университетінің 250 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде бұл филиалға жаңа белестің белгісі ретінде қарауы тегін емес. Бұл оқиға жаңа заман ырғағына сәйкес, елді дамыту, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жай ғана жоғары білікті мамандар емес, XXI ғасырдағы жағдайға бейімделген, соған сәйкес, әлемдік деңгейдегі базалық білімді иеленген мамандар қажет екенін көрсетіп берді. Міне, Мәскеу мемлекеттік университеті әлемнің ең озық университеттерінің арасында осындай қағидаттарды ұстануымен беделді. Қазіргі таңда дүниежүзінде оның түлектерін осы үшін де бағалайды. Филиал елдің қажеттіліктеріне бағытталған және оның стандарттарына толықтай жауап беретін әлемдік деңгейдегі білімге қолдау көрсетудің бір элементі болды. Бұл жерде мынаны еске түсірген жөн. Қазақстан сонау 1990-жылдардың өзінде жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университетіне осы оқу ордасының есебінен ең үздік студенттерді жіберіп, сол арқылы Қазақстан мен ММУ арасындағы ғылыми байланыстарға қолдау көрсетіп отырды. Бұл ретте, біз филиалдың Мемлекет басшысының сенім үдесінен шығып келе жатқанына қуаныштымыз.
2014 жылы филиал қабырғасынан Мәскеу университетінің ең үздік деген түлектерімен иық тірестіре алатын, озық деңгейлі біліммен қаруланған 1000-нан астам түлек түлеп шығады. Олардың барлығы қазірдің өзінде жас мемлекет – Қазақстанның нығаюына белгілі бір мөлшерде үлес қосуда. Филиалдың бір ерекшелігі – онда негізгі және іргелі университеттік жүйе құрылған, онда еуразиялық және жоғары сапалы білім қағидаттары біріктірілген. Басқаша айтқанда, Қазақстанда кіші «Мәскеу университеті» құрылған деп те айтуға болады.
– Филиалдағы оқыту жүйесінің артықшылығы неде? Қандай бағыттар бойынша дайындықтар жүргізіледі?
– Бүгінде қазақстандық филиалдың ұжымы Мәскеу мемлекеттік университетінің факультеттерімен тығыз байланыс орнатқан мүдделестер мен пікірлестердің ұжымына айналды десек те болады. Соның арқасында ол жоғары кәсіби білікті кадрларды дайындау туралы мәселенің шешімін ойдағыдай тауып келеді. Қазіргі таңда филиалда шамамен 600-ге тарта студент пен магистрант 5 бағытта білім алуда. Олар: механика-математикалық, есептеу математикасы және кибернетика, экология және табиғатты пайдалану, экономика, сондай-ақ, филология. Филиалды дамытудың болашақтағы бір бағыты – магистратура. Бүгінде филиалдағы магистратура белсенді түрде дамып келеді.
Қазіргі таңда магистратурада ММУ-дің ғана түлектері емес, қазақстандық университеттердің үздік түлектері де білім алуда. Барлық студенттер мен магистранттар тегін, яғни Қазақстанның білім гранттары есебінен білім алады. Конкурсқа қабылдау жүйесі арнайы сынақтар негізінде жүзеге асырылады, оқыту үдерісіне университеттің 150-ден астам оқытушысы қатысады, ал дипломдық жұмыстардың Мәскеуде қорғалуы – студенттердің білім деңгейінің нәтижелерін әділ және шынайы бағалау мен мойындауға мүмкіндік береді.
Оқыту жүйесінің тағы бір ерекшелігі мынада: филиалдың түлектері бір жылдан кем емес мерзім бойы Мәскеуде білім алуы керек. Бұл олардың ойлау жүйесін едәуір кеңейтеді және бұл мерзімде оқу жүйесіне еуразиялық сипат беріледі. Біз, сондай-ақ, мемлекеттік тілді оқытуға айрықша мән беріп келеміз. Мұндай қадам және мәселеге бұлай келу өзін өзі ақтайды. Себебі, біз кадрларды Қазақстан үшін дайындап отырмыз емес пе? Бұған қоса, барлық студенттер міндетті түрде Қазақстанның тарихына, еуразиялық мәдениетке қатысты мәселелерді оқып, зерттейді.
– Филиалға оқуға түсудің қандай ерекшеліктері бар және абитуриенттерге қандай талаптар қойылады?
– Филиалға түсу Мәскеу университетіне оқуға қабылдайтын ережелер негізінде жүргізіледі. Яғни, филиалға оқуға түсу үшін арнайы емтихандарды тапсыру қажет. Филиалдың ерекшелігіне сәйкес, біз Мәскеу мемлекеттік университетінің өзге елдің аумағындағы құрылымдық бөлімшесіміз, сол себепті де біз Бірыңғай ұлттық тестілеудің нәтижелерін ескере алмаймыз. Ал оқуға түсетін емтихандар тізімі филиалдың сайтында (www.msu.kz) орналасқан және филиалдың өзінен талапкерлерді қызықтыратын кез келген сауалдарға жауап алуға болады.
– Қазір бәсекелестік заманы. Осындай қиын да күрделі заманда Мәскеу университеті және оның филиалы «бәсекелестік көшінен» қалмас үшін сапалы оқу-білімнің қандай озық жүйесін басшылыққа алып келеді?
– Филиалдағы сапалы жоғары білімді Мәскеу университетінің әлемдік деңгейдегі өз орнын сақтап қалуымен де байланыстыруға болады. Біріншіден, университетте ғылыми мектептер сақталған және олар дамып келеді. Екіншіден, соңғы онжылдық мерзім бедерінде Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, академик В. А. Садовничийдің басшылығымен университет алға үлкен секіріс жасады. Университеттің жаңа аумағы игерілді, ғылыми-зерттеу құралдары жаңғыртылды, оқу-білім мен ғылымда жаңа бағыттар пайда болды. Үшіншіден, Мәскеу университетінің түлектері әлемде жоғары бағаланады, яғни оларға барлық континентте сұраныс көп. Жоғары оқу орындарына жүргізілетін рейтингтердің ерекшелігіне қарамастан, бұл университет барлық рейтинг түрлері бойынша әлемнің жетекші саналатын университеттерінің құрамына кірген.
Бұл ретте, мынаны айту керек. Бүгінде университет белгілі бір бағыттар бойынша әлемде жетекші орында тұр. Олар: алып қуатты есептеулер, спутниктік жүйелер және т.б. Наноматериалдар, физикалық зерттеулер саласындағы жаңа жетістіктер де күн санап кең таралуда. Ал түлектерді оқыту мен дайындаудың сапасының жоғары екеніне филиалда оқыған үздік студенттердің пайыздық өлшемінің ММУ-дің факультеттеріндегі үздіктердің пайыздық өлшемімен деңгейлес келетінінен анық аңғаруға болады. Мен студенттердің Ресей және Мәскеудегі өзге елдер студенттерімен бірге өз дипломдарын қорғайтынын және мемлекеттік емтихандарды тапсыратынын атап өткім келеді. Біздің студенттердің 90 пайыздан астамы университетті бітіргеннен кейін Қазақстанда жұмыс істейді және жоғары лауазымдық сатыға көтеріліп жатады. Сол себепті де, біз өзіміздің жеткен нәтижелерімізбен мақтанамыз және филиалды жүзеге асқан жоба деп толықтай айта аламыз.
– Қазақстан мен Мәскеу мемлекеттік университеті арасындағы оқу-білім байланыстары қалай дамуда? Әріптестіктің бұл бағытын өрістетудегі филиалдың үлесі қандай?
– Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстанның жоғары оқу орындарымен жақсы байланыс орнатқан. Бұл байланыстар Қазақстанның барлық өңірлерін қамтиды. Екіжақты байланыстар ынтымақтастық жөніндегі келісімшарттар негізінде жүзеге асады, олар бірлескен конференцияларды өткізуді, білім саласында ынтымақтастық орнатуды, сондай-ақ, нақты ғылыми және оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруды басшылыққа алады.
Мәскеу университеті Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл оқу ордасы Қазақстанда ұйымдастырылатын ірі халықаралық форумдарға үнемі қатысып келеді. Мысал ретінде мен 2012 жылы өткізілген «Тұңғыш Назарбаев оқуларын» айтар едім. Сондай-ақ, университет 2010 жылы «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» деген тақырыппен өткен конференцияға және әріптестіктің белгілі бір бағыттары бойынша ұйымдастырылған елеулі іс-шараларға қатысты.
Біздің ынтымақтастығымызды дамытудың маңызды белесі Университеттердің еуразиялық ассоциациясының XI съезін өткізу болды. Қос мемлекет жастары «Ломоносов» халықаралық ғылыми форумының аясында белсенді ынтымақтастық орнатқан. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Қарағанды университетімен және басқа да жоғары оқу орындарымен де әріптестік байланыс бар. Еуразиялық экономикалық одақ құру аясында біздің ынтымақтастық жаңаша сипат алуда. Олар интеграциялық үдерістердің негізі бола отырып, еуразиялық оқу-білімді іс жүзінде жүзеге асыру туралы Н.Назарбаев міндеттеген маңызды тапсырмаларды шешуге үндейді. Филиал Президенттің осы идеясы тәжірибе жүзінде іске асырылатын ұйымдастырушылық құрылым болып есептеледі. Еуразиялық экономикалық одақ құру аясында білім және ғылым саласында, елдеріміздің жетекші ғалымдары арасында тығыз байланыстың өрістеуіне жол ашылар еді. Мен бұл орайда, жаңа буын кадрлары және оқу орындары арасындағы жаңа, тұрақты байланыстар жөнінде айтып отырмын. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен тұрақты өзара байланыстар Мәскеу университетіне Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ғылым саласындағы кооперациялық байланыстарды белсенді дамытуға мүмкіндік береді. 2013 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің филиалға арнайы келуі де қызметімізге елеулі әсер еткенін айтуға болады.
– Сіз Мәскеу мемлекеттік университетінің және оның филиалы түлектерінің Қазақстанның дамуына қосқан үлесін қалай бағалар едіңіз?
– Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық студенттерді оқыту тарихына көз жүгіртер болсақ, оның мықты кадрларды дайындап шығарғанын, ал түлектердің мемлекеттің дамуы мен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқанын көруге болады. Мәселен, Мәскеу университетінің түлектері ғылымның барлық бағыттары бойынша ғылыми мектептер ашты. Қазақстанның білім жүйесі осы оқу ордасының үлкен көмегі негізінде қалыптасты. Бір мысал келтірейін. Қазақстанның министрліктерін 1990 жылдан бастап қазіргі күнге дейін осы университеттің 20-дан астам түлегі басқарыпты. Демек, біз филиал түлектерінің өздерінің алдындағы аға буынның жетістіктерін еселеп жатқанына қуанамыз. Олардың басым көпшілігі қызметтік сатыда табыспен көтеріліп, өз салалары бойынша көшбасшылық орындарды иеленді.
– Осы наурыз айында Н.Назарбаевтың Мәскеу университетінде оқыған дәрісіне 20 жыл толып отыр. Қазіргі заманда және елдер арасындағы қарым-қатынас мәселесінде еуразиялық идея қаншалықты рөл атқарады деп ойлайсыз?
– Елбасы Мәскеу университетінің қабырғасында оқыған дәрісі аясында еуразиялық үдерістің жаңа кезеңдегі дамуының алғышартын жасады. Мемлекетаралық қарым-қатынасқа қажетті еуразиялық үдерістің тәжірибелі кезеңін ашып берді. Қазақстанның бұл басымдығына қандай да бір сенімсіздіктен қарауға, я болмаса келіспеуге болмас. Ол баяндаманың тағы бір маңызды қырын да айтуымыз керек: мәселен, онда елдер арасындағы қарым-қатынастың өзара түсіністік, құрметтеу және тек құқылық секілді тетіктер негізіндегі жаңа қағидаттарын айқындау мәселесі мазмұндалған болатын.
Еуразиялық идеяның шынайы біріктіруші рөлі, әсіресе, қазіргідей жаһандану заманында және халықаралық қарым-қатынастың жаңа негізін іздеуде айрықша маңызды болып тұр. Тең құқылық қағидаттар негізіндегі еуразиялық интеграция мейлі олар, өңірлік, я болмаса жаһандық аспектілер аясында болсын, біздің елдеріміз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық шекараларының кеңеюі арқылы табысқа кенелу, бір-бірінің нарығына кіру, саяси тәуелсіздік қағидаттары негізінде бір-біріне қолдау көрсету біздің елдеріміздің экономикасының жаңа өндірістік күшін қалыптастырады. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы интеграцияны тереңдетуге қажетті іс-шаралардың қарқынын және тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».