Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өлең жолдарын тұңғыш түсіріп отырған жаны пәк, ақылы арайлы періште жүрек иесі сол жерде өзін ақын деп ойлауы да, ойламауы да мүмкін ғой. Мейлі тақпақ жазып қойсын. Бұл – оның алғаш қалам ұстап жазған дүниесі, қаны мен жанынан жаралған туындысы. Қандай сезімде болды екен бала шайыр?
Кез келген шығармашылық иесі, егер ол шын ақын болса, тұңғыш тебіреніп жазған жырларына, ондағы тазалық пен шынайылыққа басын иіп өтуі бек мүмкін. Бәлкім кейін сағынады өзін. Ол туралы аса бір қимастықпен, аса бір ізгілікпен ақтарылмай сөйлеген ақын кемде-кем. Жазып кеткендері қаншама. Бір әттеген-айы, біз сөз еткелі отырған бала Сәкен алғаш өлеңді қай жерде, қалай, не үшін жазғанын көрсетіпті де, қандай әсерде болғанына тоқталмапты. Мүмкін сол әсерді сіз бен бізге қалдырды ма екен?
Сәкен алғашқы өлеңін қайда жазғаны тұрмақ, ақынның туған жері туралы талас көп. Біреулері Жаңаарқадағы Сәкен ауылына жақын Аққұдықта туған десе, біреулері Ор, Аба тауларындағы әкесі Сейфолланың қыстауы Қарашілікте дүниеге келген деседі. Екеуінің арасы тым алыс та емес. Атпен төтелетіп тартса екі көштік жер шығар. Сондықтан біз таласпаймыз. Ақын жайлау маңында күзеуде туып, бірер айдан соң қыстауы Қарашілікке барғаны күмән тудыра қоймас. Алты ай жаз қыстақта, алты ай жаз жайлауда. Өзі тіріліп келсе де, екеуін бөліп-жармасы анық. Бұл жерде жалғыз-ақ шындықты айтар едік. Ақын анасынан сәби болып бір туса, тұңғыш өлең жазғанда екінші рет мәңгілікке қайта тумай ма? Ақын өмірінің құны мен өлшемі де сонда, қаншалықты көркем дүние тудыра алғанында. Сондықтан да болар, шайыр кейіннен өмірінің ең әсерлі, ең дәмді тұсы білім алған жері Нілді ауылындағы оқушы кезіне жеке тоқталады. Бірнеше шығармаларына арқау етеді. «Орысша Успенский Рудник зауытын жергілікті қазақтар «Нілді зауыты» дейді. Алғаш өлең жазуды мен бала күнімде сол Нілді зауытында бастадым. Нілді зауыты біздің ауылдан отыз шақырымдай жерде» депті Сәкен 1930 жылғы «Мен қалай жаздым» жазбасында.
Белгілі сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлы ескіше хат таныған Сәкен орыс-қазақ оқуына аттанған шақты қар түскен уақытпен, ел қыстауға отырған шақпен байланыстырады. Соған қарағанда ақынның «біздің ауыл» деп отырғаны – әкесінің қыстауы Қарашілік болса керек. Бұл туралы 1936 жылы туған жаңаарқалық ақын Хамит Жамановтың «Қарашілік» өлеңін білуші едік.
«Қызықты бала ойыны
қалып артта,
Ұмтылып жарық жұлдыз
зор мұратқа.
Аттанған Сәкен алғаш оқу іздеп,
Мінгесіп осы арадан жалғыз атқа» деп келетін.
Сәкен осы Қарашіліктен барған ауылы Нілді ел аузында Өспен аталып кеткен. Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты осы ауылда шығармашылыққа жаңа-жаңа бет алған оқушы Сәкен өміріне куәгер ғимараттар әлі күнге бар. Куәгер жандар дүние салғанымен, ұрпақтары тұрады. 1847 жылы ағылшындар келіп мыс өндіре бастаған бұл топыраққа Сәкен табаны тигенде кәдімгідей зауыт болғаны тарихтан да, өзінің жазғанынан да белгілі. Нілді зауыт ғимараттарының көбі қираса да, азғантай бөлігі әлі күнге аман. Жер астына түсетін тас үңгірлер мен алып темірлер оқшырайып-оқшырайып ескі заманның елесіне жетелейді. Тағы да басқа зауыт темірлерінің жұрнақтары, тотыққан мыс тастары, ең асылы – көзге көрінбегенімен, бала Сәкеннің басқан іздері, балалармен ойнаған жерлері, топ баладан бөлініп қап, қиялға шомғаны, ұста дүкенінде өткізген уақыты, шыққан төбесі, сүйенген немесе сипаған зауыт қирандылары, оны айтасыз, оқыған мектебі, отырған сыныбы – бәрі-бәрінде албырт ақынның рухы тұнып тұрғандай сезіледі. «Тұлпар аунаған жерде түк қалады» деп тегін айтпайды қазақ.
Нілді зауытының орны, балталасаң бұзылмайтын ғимараттарының дәл іргесінде ақын білім алған орыс-қазақ бастауыш мектебі тұр. Қар алмайтын, су шаймайтын қырдың бетінде. Бала Сәкен мұнда оқыды дегенге бастапқыда сене қоймаушы едік. Өйткені біз көргенде ғимарат заманауи үлгіде салынған, шатырлы, бертінгі құрылысқа тән еді. Іші де, сырты да солай, баспалдағы биік, еңселі. Кейіннен білсек, бұл ғимарат 1890 жылдары бой көтерген көрінеді. Содан бері тұр екен. Бертінде, Кеңес заманында заманауи үлгіде қаптаған. «Ескі ғимараттың қабырғасы саман кірпіштен салынған, бір метрге жуық-тын» деседі үлкендер. Және ол сол қалпында тұрғанда, сыртынан қапталған. Баспалдағы, төбесі жатаған болғанымен, қалпына келтіру жұмыстары жасалғанда еңсесін биіктеткен. 2007 жылы Нілді ауылының 160 жылдық тойы қарсаңында оған дейін кітапхана болып келген мектеп Сәкен мұражайы болып ашылды. Онда тағы бір мәрте қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп, жаңғыртылды. Бірақ – түпнұсқа қаз-қалпында, қаптамалардың астында қалғанын ескеру керек. Мұнда Сәкен оқыған сынып әлі күнге сақтаулы. Музейдің іші айналдырған үш-ақ бөлме. Соның қайсысында отырды екен ақын? Ойланып сабақ айтқаны, сөз-сөйлемдерді тізілдіріп жазғаны, ежіктеп оқығаны, сабақта отырып ата-анасын аңсап сағынғаны, сабақтан шыға сала ұста дүкеніндегі Ыбырай ұстаға баратынын ойлағаны, бір сөзбен айтқанда қаптаманың астындағы саман қабырғаларда Сәкен рухы тұнып тұр ғой. Себебі саман қоспасыз, жер қабатындағы кәдімгі саз-балшықтан құйылады, түрлі қасиеттерді өткізгіш топырақтан айырмашылығы жоқ. Киелі кітаптарда адамзатты топырақтан жаратты дейтін, бүкіл дүниенің асылы да сол. Ендеше, оның қабырғасы Сәкен рухын сіңірген өз топырағына пара-пар болып шықпай ма? Бұл әңгіме өткенде сол музейдің меңгерушісінің сөзінен туып кетті. Музейдің меңгерушісі Әділет Сембеков іргесіндегі бір жерінің қаптамасы ашылып, борыған саманның үгінділері көрініп қалғанын айтады. «Музейдің әлгі тұсын мұқият қарап, тексеріп, қайта құйып, сыртын темірмен қоршадық» дейді ол. Бұған дейін ескі мектеп қабырғасы барына күмәнданып келген біз сонда бір-ақ сендік.
Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздың Сәкен туралы еңбектерінде ақын Ағашаяқ деген ауыл молдасынан ескіше хат танығаны туралы дерек келтіріледі. Сәкен өзі болса, Нілдіде үш қыстағанын жазады да, мектептен гөрі ұста дүкенін, ондағы өмірді көбірек қаузайды. «Бір күні, қыстың бас кезінде, көршілес ауылдан біздің ауылға Төлепберген ұстаның баласы Әкілдік деген жігіт келді. Әкілдік жалшылықта жүретін еді. Әкілдіктің мінгені – түйе, Нілді зауытына барады екен.
Әкей маған: «Әкілдікпен бірге Нілдіге бар. Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен!» – деді. Мен: «Жарайды!» – дедім.
Әкілдікпен сөйлесіп, мені Әкілдіктің түйесінің артына мінгестіріп жіберді. Араға бір қонып, Нілді зауытына келдік. Әкілдік Лаврентий деген орыстікімен сөйлесіп, мені сонда орналастырды. Лаврентийдің кемпірі бар, асырап алған бір кішкентай ерке қызы бар. Сауатын сиыры бар.
Маған орысша жазуды, тілді сол Лаврентийдің кемпірі оқытатын болды. Мені сиырын күтуге, пешке жағатын тас көмірді үйге кіргізуге, су қотарып алуға, ондай-мұндайға жұмсайтын болды. Жататын орным Тұңғышбай деген пошта таситын бір қазақтікі болды.
Бір қыс солай жүріп кемпірден «оқыдым». Қыстың аяқ кезінде жұмыскерлердің забастовкесін көрдім», депті ақын.
Мектеп туралы көп айтпайтыны – орысша оқығаны деп топшыладық. Бірақ Тұрсынбек ата мектеп сыныбында кімдермен қатар отырып оқығанына дейін жазады. Сәкен өміріне бұл кісінің еңбектерінсіз аттап басу жоқ. Оның үстіне жазушы Өмір Кәріпұлының мына бір сөздері еске түседі. «Қайбір жылдары (жас кезінде) Сәкен туралы көркем дүние жазуға оқталып, оны көргендерден сұрап, зерттей бастадым. Ол кезде Сәкен тұрмақ, Сейфолла қарттың көзін көрген кәрі тарихтың куәгерлері бар еді және олардың есте сақтау қабілеті қандай берік?! Қарашіліктегі Сейфолланың қыстағын, үй-қорасын рет-ретімен түгел көрсетіп, қай бөлмеде кім жатқанына дейін айтып, нақтылап берген қариялар болды».
Жазушы Өмір Кәріпұлының «Саятшы» әңгімесінде ақынның сұңқар Сәкен аталуының сыры ашыла түседі. Үй-қорасында қырандарымен ұғыса алатын Сейфолланың құсбегілік қыры ашылып, шығарманың иірімі тылсымдарға жетелейді. Сәкен бала күнінде әкесі Сейфолла қырандарын баптайтын қорамен іргелес бөлмеде жатып ұйықтайтыны емеурін етіледі және оқырманды сендіреді. Бұл жерде мысалға Өмір ақсақалды тарту себебіміз, «ол кезде Сәкен тұрмақ, Сейфолла қарттың тұрғыластары бар, әңгімені солардан білдім» деген жалғыз ауыз сөзі. Тап солай Тұрсынбек Кәкішұлы да Сәкен түгілі, Сейфолла бабамыздың көзін көргендермен жүздеспеді, Сәкеннің кімдермен сыныптас болғанын естімеді деу – ақылға сыймайтын сияқты.
«Қыстың аяқ кезінде жұмыскерлердің забастовкесін көрдім» дегенде ақын Нілдідегі Өспен кенішінде 1905 жылы бұрқ еткен орыс-қазақ жұмысшыларының ереуілін айтқаны. Кезінде біз облыстық газетке жергілікті өлкетанушылардың айтуымен «1906 жылы оқыған» деп қате жазып жіберіппіз. Ақынның өз қолжазбасы көзімізге түскенде, бармағымызды шайнап, іш удай ашыды.
Нілдіге Сәкен оқуға барған 1905 жылы «кеніште 334 жұмысшы (оның 269-ы қазақ) еңбек етті» деген ресми дерек тарихтан белгілі. Ауыр еңбек пен азғантай жалақыға төзбеген жұмысшыларды бастап шыққан Байшағырдың Әлісі мен Петр Топорнин, тағы басқа белсенді ереуілшілер екен. Нілді тауының батыстағы бітеберісі әлі күнге дейін «Әлінің жалы» аталады. Ұрпақтары ауылда қоныс тепкен.
«Орысша жазу сабағын кемпірден оқысам да, менің екінші түрлі оқуым Нілді зауытының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды. Машина жанындағы ұсталар дүкенінің бір қатарында ұшпур таптайтын ұсталар дүкені бар. Ол дүкендерде Ыбырай, Асан, Үсен, Арын деген төрт қазақ ұстасы ұзақты күнге гүрсілдетіп, жарқыратып, ұшпур таптайды. Ыбырай ұста – ақын, өлеңші және хат та біледі. Ыбырайдың Нұрғали деген баласы бар (қазір Нұрғали Нілді зауытында мастер). Әуелі Нұрғалимен бірге ұсталардың дүкеніне келіп жүрдік. Көрік басып шаршаған балалардың көріктерін басып жүрдік. Ыбырай ұста қара мұртты, ашаң, қара сұр кісі. Гуілдеген көріктің демімен өрт болып қайнаған тас көмір қорығында қып-қызыл шоқпен бірге шыжыған көк найза темірді құрыш балға гүрсілдетіп соғып, Ыбырай өлең айтады.
Өлеңі көріктің өлшеуі мен гуілдеген үніне, құрыш балғаның өлшеуімен соғылған гүрсіліне, құрыш темірдің шыңылдаған даусына қосылып, ұсталардың дүкен күйін жандандыратын еді.
Гуілдеген көрікті дүкенде ұсталардың сыпылдаған күшті, сіңірлі қолдарының көк темірді жаныштап илеген істеріне көз суарылып, дүкенінің күйі, Ыбырайдың үні құлаққа сіңіп жүрді. Ыбырай ұстаның бір өлеңінде:
...Сыртың сұлу, мылтықтың
сымындайсың,
Алқаракөк құрыштың шыңындайсың.
Түсіне алмас аңқау жан, сөзің кесте,
Шапқы соққан күмістің
жымындайсың...»
дейді Сәкен Сейфуллин. Осы Ыбырай ұстаның баласы Нұрғали 1894 жылы туған Сәкеннің құрдасы болған көрінеді. Ыбырайдан – Нұрғали, Нәзір, Нұрғалидан – Байзыкен, Байзыкеннен – Ноян, Аян атты екі ұл туады екен. Нояны Қарағанды облысында Жәйрем кентінде қоныстанған. Аян Ыбырай қазір Нілдіде тұрады. Ол кісінің айтуынша, 1937 жылдары аталары Нұрғалиды Сәкеннің жақыны деп НКВД-ның адамдары ұстап әкетіпті. Қамауда отырғанында «кім тас қалап, үй сала алады» деп сұраса керек. Сәкен мастер деп көрсеткеніндей, Нұрғали құрылысшы маман (прораб) екенін айтыпты. Содан Ескі Балқаштың мұнараларын қалағандықтан аман-есен босап шыққан. Ыбырай ұстаның өзі тұтынған көрігі бертінге дейін ауылда болыпты. 1994 жылы, Сәкеннің 100 жылдығы аясында ауылдағылар қазіргі Нұр-Сұлтан, бұрынғы Ақмоладан келген Сейфуллин музейінің өкілдеріне тапсырып жіберіпті. Бала Сәкен басуы да мүмкін, баспаса да көп қызықтап, әсерленіп хатқа түсірген бұл көрік музейде жоқ. Естуімізше қорда тұр деседі. Кейінірек жеке тоқталатын тақырып.
Ыбырай ұстаның екінші баласы Нәзір де шебер болғаны айтылады. Мүйізден жасаған тарақ, тағы басқа заттарын ауылдастары бертінге дейін қолданыпты. Бұл кісіден туған Айнагүл әже Жаңаарқада, балалары бар, өсіп-өнген.
«Біздің өзіміздің ауылда да, от басында да әңгіме, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді. Әсіресе, күздің, қыстың ұзақ кештерінде, тау араларынан ұйтқи соққан желді түнді жамылған ауылдың отбасы әңгімесіз, ертексіз, домбырасыз болмайды, өлең де айтылады.
Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам, кешке отбасында отырғанда, әңгімеші, ертекші болады... Кейде елде ойындар жасалып, өлең, айтыстар болады...
Бала күннен, ес кіргеннен бері қарай-ақ, сол ойын үстінде айтылатын айтыс өлеңдер және әлгі отбасынан алынған «сабақтар», құлаққа сіңген, көңілге тоқылған әңгіме, ертек, өлең суреттері менің қиялымда тізбектеле беретін еді», деп жазады Сәкен. Ақынның «кейде елде ойындар жасалып, өлең, айтыстар болады» деген сөзіне байланысты Әліп Жайлыбай жазып қалдырған мынандай қызық дерек бар. «Қыпшақ даласына серілік пен сал өнерін таратуда Жошы ханның үлкен орны болған. Ол өзі керемет өнер иесі болған. Қасына әнші, күйші, сал-серілерді ертіп, халыққа өнер көрсетіп қуаныш сыйлаған. Ел басқарушылары олардың еңбегін бағалай, сый-сияпат жасап отырған. Балқаш төңірегіндегі Құлан-Ойнақ даласына аң аулауға келгенде Жошыға әкесі қыпшақ елінің «сыйы» деп он мың боз ат, он мың қара ат тарту еткен (Рашидеддин). Жошы жас кезінен аң аулауды, саят құруды, сауық қою өнерін ерекше сүйген. Жошының аңда жүріп көп шыққан жері Ортаудың сұңқар ұя салатын бір биік басы. Осы жерді ерекше қадірлеген. Сұңқардың да ең тәуірін осы арадан ұстаған. Ол биік шыңды қазақтар кейінге дейін өнердің бір киесі ретінде құрметтеген. Оның таңғажайып әфсаналары XIX ғасырдың аяғында «Дала уалаяты» газетінің үш нөміріне басылған (Дала уалаяты, 1897. №13,14,18). Сол шыңның етегінде жыл сайын ел жайлауға көшерде өнер сайысы өткен. Ең соңғы мұндай шара Бақмағанбет пен Сейфолланың арасында болған. Сейфолла Сәкеннің әкесі, Бақмағанбеттің баласы Сарыбас Сәкеннің құрдасы. Қазақ радиосының алтын қорына жаздырған күйлері сақталған. Көріп отырсыздар, Сәкен өскен орта – өнердің тұнып тұрған жері болған. Сәкен туардан 20 шақты жыл бұрын өмірден өткен Өтебай сал ел аузында аңыз болған өнерпаз. Көптеген әдеби шығармада ол кісінің ерекше киінгенін ғана айтады. Қорыспайдың асы туралы жазғанда, басына 17000 жылқы біткен Сапақтың қызының сәукелесінен қымбат сәукеле кигенін, өзінің түрін көріп отыру үшін кісі бойындай айнаны өзімен ала жүргені ғана айтылады». Қарап отырсақ, Сәкен елден ұзап кеткенше, тіпті мектепте оқыған кездерінің өзінде Ыбырай ұстаның жанында өлең-жырдың буы бір үзілмеген. Ақындықпен қатар, ән-күй шығарушылық қасиеттер туған топырағы мен өскен ортасынан дарып, сүйегіне сіңгенін аңғару қиын емес. Өзі де жазбасында жоғарыдағы құбылыстарды атай келе, соңында алғаш өлең жазғанын былай еске алады:
«Зауыт жастары анда-санда ойын ұйымдастырады. Ойындарына қыз-келіншектерді жинап, ойнайды. Арын мен Үсен ұста екеуі ойындарына мені де ертіп алып барады. Олар ән салысып, ойнап жатады. Біз, балалар, ойындарын көріп, өлеңдерін тыңдап қарап отырамыз...
Үсен ұста мен және Күбіден деген байдың (сол Нілді зауытындағы) сауда дүкенінде қызмет қылатын бір ноғай жігіт зауыт байының алдында «тілмаш жігіт» болып тұрған бір Әмір деген жігітпен бақас болды. Үсен ұста туралы бір қызға «тілмаш жігіт»: «Күйелі қол құралы болармыз!» – депті.
Әмірді келемеж қылып өлең жазбақ болды. Үсен айтып отырып, ноғай жігіт жазып отырып, екеуі олай жазып, бұлай жазып, өлеңді шығара алмады.
– Мен жазайын! – дедім.
– Жаза аласың ба? Жазшы, жаза алсаң! Мынасын айт, былай де, былай де!.. – деп маған тілмаш жігіттің келемеж болатын жақтарын айтты.
Кешке мен байдың тілмаш жігітін келемеждеп өлең жазып шығардым.
Ішінде мынадай сөздер бар еді:
...Мақтанасың қолыңның олағына,
Амал бар ма ақылдың шолағына.
Күйелі қол айырбас болмас, мырза,
Байдың қолын жалаған шолағына!..
Менің ең алғашқы жазған өлеңім
осы шығар...
10.05.1931. Алматы»
Алғашқы жазған өлеңінің алдына ақын ауылдағы өлеңшілерді, жыршы-термешілер мен айтыстар тыңдағанын, үйде ертек, әңгіме, күйді көп естігенін, Ыбырай ұстаның өлеңдеріне сусындап өскенін тегін келтіріп отырған жоқ. Ел ішіндегі осындай ұлы мектептің, көшпелілер өркениетінің өкілі екендігін аңғартады. Әйтпесе, Сәкен бола ма?!