Әлем • 01 Наурыз, 2022

Украинадағы жағдай ушығып барады

1261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украинадағы ахуал күннен-күнге нашарлау үстінде. Ұрыс барысы да өзгеріске ұшырады. Бұған дейін Ресей әскері ауыр техникалармен қалаларды басып алуға тырысқан. Алайда бұл жоспар жүзеге аспағаннан кейін Украинаның ірі қалаларын зымырандармен атқылап жатыр. 

Украинадағы жағдай ушығып барады

Ресей президентінің бас­па­сөз хатшысы Дмитрий Песков әуе соққылары қарапайым тұр­ғын­дарға бағытталғаны туралы ақпарат өтірік деп айтты. Деген­мен, әлеуметтік желілер­дегі видео­ларда Украина қалалары­на рұқ­сат етілмеген вакумдық және кассеталық бомбалармен, қа­нат­ты зымырандармен атқы­лап жатқаны байқалады. Мәселен, видеолардың бірін­де Харьковтың дәл ортасына түс­кен зымыранның көп дүниені бүлдіргені анық көрінеді. Сондай-ақ қарапайым тұрғындардың үйінің қиран­ды­лары да жиі жарияланып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның адам құқықтары жөніндегі кең­сесінің (OHCHR) мәліметіне сүйенсек, өткен аптада Ресей  әскері Украинаға басып кіргеннен бері кемінде 136 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Соның ішінде 13 бала бар. Шамамен 400-ге жуық адам жараланды.

OHCHR баспасөз хатшысы Лиз Тросселл қаза тапқандардың көпшілігі Украинаның шығы­сындағы Донецк және Луганск облыстарының тұрғындары екенін жеткізді. Алайда шығын бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Ұлыбритания барлау қыз­меті таратқан деректерге сүйенсек, бас­қыншы әскердің Киевке қарай жылжуы баяулап қалған. Сондықтан ел астанасын артиллериямен атқылап жатыр. Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласының мэрі шаһарды ресей­лік сарбаздар қоршап ал­ғанын хабарлады.

НАТО басшысы Йенс Стол­тенберг Ресейді Украина­дағы со­ғысты тоқтатып, барлық күш­терін шығаруға шақырды. Со­нымен қатар альянс Киевті қолдау мақсатында әскер немесе әскери ұшақ жібермейтінін жеткізді.

«НАТО – қорғанысқа ар­нал­ған одақ. Біз Ресеймен қақ­­ты­ғысқымыз келмейді. Ресей­ден дереу соғысты тоқта­тып, Ук­раи­надан барлық күш­терін шығарып, мәселені дип­ло­матиялық жолмен шешуге шақырамыз», деді Йенс Столтенберг.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон «Еуро­па құрлығы апатқа тап болды» деп мәлімдеді. Варшаваға бар­ған сапарында ол Польша үкі­меті мен халқы гуманитарлық дағ­дарысты шешуге мол үлес қосып жатқанына тоқталды.

Осы орайда Ұлыбританияда консерваторлар мен оппози­ция­лық депутаттар Үкіметті қысым­ға алып, украин босқындарын қа­был­­дауға кірісуді талап етті. Премьер-министр сондай-ақ Ук­раи­на пре­зиденті Володимир Зелен­­ский­дің «көшбасшылығы мен ер­лігіне» құрмет көрсететінін атап өтті.

Еуропалық парламентте Ук­раинадағы ахуалға байланысты тыңдалым өтіп, аталған елдің президенті Володимир Зелен­ский бейне-режімде қатысты. Депутаттар басқыншылар­­мен күресте ерік-жігер көрсетіп жат­қан Зеленскийге бір минут бойы тік тұрып, қол шапалақтап құрмет көрсетті. «Бүгін сіздерге қайырлы таң, қайырлы күн немесе қайырлы кеш деп айта алмаймын. Себебі кей адамдар үшін әр күн қайырлы болып жатқан жоқ. Кейбірі үшін бұл күн ақырғы күнге айналды», деді ол.

Сондай-ақ Зеленский Ресейдің тек әскери нысандарға шабуыл жасаймыз деген мәлімдемесін жоққа шығарды. «16 баланы өлтірдің. Қай әскери базада балалар бар? Қай бала танк айдап жүр екен?», деді ол.

Дүйсенбі күні Украина бас­шылығы Еуропалық одаққа ену туралы өтініш жасады. Ұйым атал­ған елді құрамына ен­гізу про­цесі жедел жүретінін, қазір­гі таң­да оны қарастырып жат­қанын атап өтті. ЕО-ға мүше бір­қатар мем­­лекет бұл ұсынысты қол­дай­ты­нын мәлімдеді.

Сонымен қатар Еуропалық парламент ұйымның Ресейдің мұ­найы мен газын импорттауды шек­теу­ге шақырды. Депутаттар Кремль­дің басқыншы қадамына қар­сы жауап ретінде қатаң санкция­лар енгізуді талап етіп отыр. Құ­жат­та Еуропалық одақтың порттары­на Ресейге баратын кемелерді кіргізу­ден бас тарту жөнінде айтылған.

Maxar компаниясы спутниктен түсірілген суреттерге сүйене отырып, Киевке солтүстік-батыс бағытта шамамен 64 шақырымға созылған Ресейдің әскери колоннасы келе жатқанын хабарлады.

Ресейге санкция салғандар саны күннен-күнге артып барады. Тіпті саясатқа қатысы жоқ компаниялар да ауылын алыс қондыруды жөн санады. Мәселен, Disney компаниясы Batman фильмін Ресейде көрсетуден бас тартты. Mastercard компания­сы елдегі бірқатар қаржы инс­титутының жұмысына тыйым салынғанын хабарлады.