Партия басшылығының ауысып, заман талабына сай өзгере бастағаны соның айғағы. Онсыз орын алған қасіреттің алдағы уақытта қайталануына жол бермей, әділ де гүлденген қоғамға қол жеткізу мүмкін емес. Тиісінше «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы халық игілігі тұрғысындағы нақты істермен ғана баянды болмақ.
Алайда аталған міндет кейбір шолақ белсенділердің айтуынша, қолда барды түгелімен ысырып қойып жоқтан бастаумен немесе құр айқайшылдықпен шешілмейді. Қайта елді жікке бөліп әлсірету қазіргі кезеңнің іштегі де, сырттағы сын-қатерлеріне төтеп беруге кедергі келтіреді. Бұл тығырыққа тірейтін жол екенін Алаштың кешегісі мен Ресейдің бүгіні көрсетті.
Олай болса еншіміздегі мирасты талан-таражға салмай сақтап, керек болса кемшін тұстарын түзетіп, келер ұрпаққа тапсыру керек. Партияның жаңаша AMANAT деп аталуы мен осы абыройлы міңдеттің, сондай-ақ сайлаушылардың аманатын орындау арасында айқын үндестік байқалады. Партияның қайта құру бағдарламасына тоқталар болсақ, ол нақты әрі жан-жақты, сонымен қатар кез келген қатардағы мүше мен азамат бақылай алатын шаруалар жоспары болып табылады.
Ашықтық, әділдік, мемлекетшілдік қағидаттары AMANAT партиясының ең төменгі бірлестіктерінен бастап Мәжілістегі фракция деңгейіне дейін бұлжытпай сақталынбақ. Өз кезегінде бұдан былай партияның Президент не Төраға емес, ұлттық мүдденің, атап айтқанда Жаңа Қазақстан идеясының айналасында топтасуы қажет. Себебі 30 жылдық тарихында Қазақ мемлекетіндегі партия атаулылар негізінен жекелеген көшбасшылардың райына қарай құрылып, елден гөрі солардың сөзін сөйлеп келді. Мейлі билікте болсын иә, оппозиция қанатында болсын.
Ал енді осындай ойын ережелеріне икемделген ортада нағыз саяси бәсекелестік пен демократияның орнауы екіталай. Олай болса қазақтың қоғамдық алаңында орын тепкен саяси күштер ескі алыс-жұлысты, бір-бірін қаралауды қойып, жаңашылдық талабына сай бой түзегені абзал. Көктемнің алғашқы күні бастау алып жатқан оң үрдісті жақсылыққа жориық.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы