Саяси алаңның бүгінгі күнгі ең басты критерийі бұл – заман талабына сай қоғам талаптарын ескеру. Әрбір саяси институт, әсіресе халық мүддесін негізге алатын саяси партиялар өзгерістерге бейім болуы керек.
Саяси партия теориясына сәйкес партияның сыртқы және ішкі қызметтері бар. Ішкі қызметтері партияның құрылымы мен қаржыландырылуына қатысты. Ал сыртқы қызметі халықпен қарым-қатынас орнатып, ол мүдделерді негізге ала отырып, билікке ұмтылуға бағытталған. Сондықтан кез келген саяси партияның басты күші – халық. Партияның бар болуы да халыққа байланысты. Халықтың мұң-мұқтажын жеткізу – партияның басты мақсаты.
Партия ұсынған модернизация жоспарына сай, халық үнін естуге және оны билік институттарына жеткізу қызметін бірінші кезекке қойып отыр. Атап айтар болсақ, кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру, шет аймақтарға партиялық қабылдау алаңдарының шығуы, қоғамдағы ахуалды бағалау үшін құрылған «Әлеумет» жобасы, азаматтардың ұсыныстарының онлайн форматта бақылай алуын енгізу қолға алынбақ.
Партияның аудиториясы кең, мүшелері көп, электораты бар. Партия осы аудиторияның ой-пікірін жинап, мәселелерді саралап, өкілетті каналдары арқылы шешуге бағытталған жұмысты тұрақты негізге қоятын болса, қоғамдағы «ыстық нүктелерді» азайта алады.
Индира РЫСТИНА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері