Қоғам • 02 Наурыз, 2022

Алғыс – барлық ізгі істің бастауы

594 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алғыс айту – бұл қоғам мүшелерінің Алладан, адамдардан, табиғаттан алған жақсылықтарына оң жауап беру мүмкіндігін беретін игі амал. Көптеген зерттеуде алғыс айту адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі ретінде айқындалған. Алғыс айту психологиялық, тұлғааралық, жеке және физикалық тұрғыда пайда әкелетіні дәлелденген. Ежелгі Римнің саяси қайраткері Цицерон алғыс айтуды барлық ізгі істің бастаушысы, негізін салушысы деп түсінген. Ғасырлар бойы философтар мен жазушылар Цицерон пікірімен келіскен секілді, олар алғыс білдіруді ізгілік ретінде қарастырып, жақсылықты бағаламауды, рахметі жоқтықты моральдық кемшілік ретінде қарастырды.

Алғыс – барлық ізгі істің бастауы

Алғыс айтуды философиялық тұ­жы­рым­дама ретінде зерттеу де маңызды. Мәселен, Аристотелден Кантқа дейінгі философтардың алғыс айту туралы ойлары мен идеяларының философиядағы рөлін білгеніміз дұрыс секілді. Философиялық тұрғыдан алғыс айтудың үш негізгі әді­сін атауға болады: сыйлыққа немесе жақ­сылыққа жауап ретінде берілетін сезім, ризашылығымызды білдіру үшін жа­сайтын әрекет, өмір сүріп отырған дү­ние­ге берілетін алғыс, ризашылық. Сү­йіс­пеншілік пен сенім секілді алғыс айту бұл біздің өміріміздегі өзге адамдарға олардың мейірімділігі, тартымдылығы мен сенімділігі үшін жауап беру тәсілі. Алғыс айту адамдардың өзгелерді сезінуінен туын­дайтын әрекетке ұқсайды. Бұл – қарым-қатынас барысындағы өзімізді көр­се­тудің негізгі амалы.

Алғыс айту – этикетті сақтаудың, әдеп­­­­ті­лік­тің белгісі. Жақсылық жасау жо­­­­­лындағы қайырымдылық азамат­тық қоғамды ны­ғай­ту үшін маңызды. Жаңа дәуірдің еуро­палық ойшылдары ри­­за­шылық ауырт­па­лығынан боса­тыл­ған саяси экономия туралы пікірлер біл­ді­ре­ді. Бүгінде психологтер алғыс айту та­қы­ры­бына қызығушылық танытып отыр және ол позитивті пси­хо­логияның да­муына байланысты деген пікір басым. Де­генмен бұл пікір дұрыс емес, дамып келе жатқан құбылыс ретінде алғыс айтуға деген қызығушылық жақында пайда болған жоқ және осы тақырыптағы алғашқы жұмыстардың өзін танымал психолог Ф.Баумгартен-Трамер 1938-жылдары жүргізді. Швейцарлық психолог Ж.Пиаженің пайымдауынша, алғыс айту арқылы ризашылық білдіру балалық шақта пайда болады және моральдық дамудың маңызды аспектісі саналады. Адам да­муы­ның позитивті аспектілерін зерттеу ұзақ уақыт бойы даму психологиясы­ мен моральдық психологияның қайнар көзі болды. Позитивті психологияның әсерінен ризашылық жағымды сыйлықтан бас­тап адамда бар нәрсені бағалауға де­йін­гі көптеген ахуалдан кейін туын­дай­тын жа­ғымды эмоция ретінде қарас­ты­рылуы мүмкін.

Кішкентай баладан алған сыйы үшін «рахмет» айтуды сұраймыз және ол оны орындайды. Жасөспірім өз киімдерінің достарына қарағанда қымбат екенін бағалайды және арзан киімдер кимейтіні үшін ата-анасына ризашылығын білдіреді. Жалпы, күнделікті үй жұмыстары ата-аналар мен олардың балалары арасындағы эмоционалды отбасылық қарым-қаты­нас­тағы шешуші рөлді атқарады және балалардың ризашылығын дамытудың маңызды құралы болып табылады. Сирек көретін туысы студентке өзінің ар­ман­да­ған оқу орнына түсуге мүмкіндік бе­ре­ді және ол мүмкіндігінше көп оқуға, кейін осы жақсылығын қайтаруға уәде береді. Жа­қында ғана көмектескен адамға реті келсе кез келген уақытта көмектесуге дайын боламыз. Жалғыз тұратын кез келген адам өз денсаулығының жақсы екендігіне ризашылық білдіреді. Демек алғыс айту эмоция, ізгілік, моральдық сезім, шеберлік пен қатынастар ретінде тұжырымдалады. Негізі кез келген іс-әрекетке бейімделуде диспозициялық алғыс айту үлкен рөл атқарады.

Алғыс айту барысында парыз, міндет және моральдық талаптар ұғымдарын пайдаланған дұрыс секілді. Парыз адамның ішкі қабылданған ерікті міндеттемесі, адамның ар-ожданымен ұштасқан міндеті. Бұл – этикадағы негізгі ұғымдардың бірі. Мұнда адамның іс-әрекеті моральдық тұрғыдан негізделген қысым немесе негіздеме бойынша жасалады. Міндет болса, мінез-құлықтың субъективті қағи­да­сы ретінде моральдық қажеттілік не­гі­зінде бекітіледі. Философияда міндет моральдың императивті түрі болып саналады. Біреу белгілі бір әрекет жасауға міндетті немесе жасаудан бас тартуына болады. Әрекетті моральдық тұрғыдан жасауға міндеттілік немесе жасаудан бас тартушылық адамның адамгершілік тарапынан туындайтын қимылы деуімізге болады. Жалпы, моральдық талаптар – барлық қоғам мүшелерінің басқаларға қа­тысты міндеттемелері.

Жалпы, алғыс айту жақсы өмір сүру­дің маңызды компоненттерін иеленген. Көптеген корреляциялық және экс­пе­рименттік зерттеулер алғыс айтудың ден­сау­лықты жақсартады деген теориясын растап отыр. Сондықтан қоршаған ортаға жағымды факторлар және өзімізге бақыт пен денсаулық сыйлау үшін үнемі алғыс айтып жүрейік!

 

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдар кандидаты,

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры