Республикалық «Ленин-Курчатов» тас жолында жүйткіп, Көктөбе ауылының тұсынан өте бергенде көлігім жолдан ұшып кетті. Құдай сақтады. Ешқандай жарақат алмадым. Көлігіме де зақым келмеді. Жалғыз болғаныма іштей қуандым. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, жолаушылармен келе жатып үлкен апатқа ұшырасам... Осы мәндегі түрлі ойлар маза бермеді. Қараңғы қапаста ақылдасатын ешкімнің болмауы да санамды сан-саққа жүгіртті. Біраз уақыттан соң есімді жинап, 102 нөміріне хабарластым. Оқиға орнына әп-сәтте 2 патрульдік көлік тоқтай қалды. Май ауданының полиция қызметкерлері Нұрлан Әубәкіров, Мирхат Мурзалинов, Бахтияр Нығмет және Алмаз Рахметов алғашқы медициналық көмек көрсетіп, сымарқан арқылы жолдан шыққан көлігімді тартып алды.
Мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырмын. «Періште қақты» деген осы шығар. Ұзақ уақыт есеңгіреп жүрдім. Негізі көлік жылдамдығын арттырмай, жол ережелеріне мұқият қарайтын жүргізушілердің бірі едім. Бұл жолы жаңа жылдық көңіл күймен жақындарыма асығып, рульге ие бола алмай қалдым. Үлкен сабақ алдым. Оқиға орнына тез жеткен полиция қызметкерлеріне рахметімді айтамын. Сақшылар жан-жақты екен. Дәрігердің де, психологтың да қызметін атқарып, барынша қолұшын созды. «Жанар-жағармайың жете ме?» деп сұрағанның өзі полиция қызметкерлерінің адамгершілігі мол екенін аңғартқандай. Өз мамандығының майталманы деген осындайда айтылса керек. Тұрғындардың амандығы үшін күні-түні бір тынбай, демалыс күндері де шапқылап жүретін азаматтар кез келген марапатқа лайық. Тәртіп сақшыларының жұмысына табыс, отбасыларына амандық тілеймін!
Нұрсұлтан ЕРНАЗАРОВ
Павлодар облысы