Елімізде 1 наурыз – «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. Мен де осы күннің қарсаңында өткенге ой жіберіп, жеке азамат ретінде өзімнің алғысымды үшке бөліп айтқым келеді.
Ең алдымен, биылғы қаңтар айының басы халқымызға қиын болды. Ел басына қатер төндірген сындарлы сәтте, ел тәуелсіздігі сынға түскен шақта табандылық танытқан, тұрақтылықты сақтап қалған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқым келеді. Біз бұл күндердің қаншалықты күрделі болғанын әлі түсінбеуіміз мүмкін. Соған қарамастан, қаңтардың қанды жарасы жазылып келеді, ел тұрмысы қалыпты ырғағына түсті. Әлемдегі, жақын көршілілеріміздегі соңғы оқиғаларды көре отырып, ел тыныштығы ең басты байлық екеніне көзіміз жете түсті.
Екіншіден, мен өзімді дүниеге әкелген, тәрбие берген, білім берген ата-анама алғыс айтамын. Олар бізді – қарындасым екеумізді қатарымыздан қалдырмау үшін бірнеше қызметті қоса атқарып, тынымсыз еңбек етті. Мен жоғары заңгерлік білім алдым, қарындасым үш мамандықты игерді. Менің тәрбиеме өзімнің әжем, атақты партизан қазақ қызы Нұрғаным Байсейітова ерекше әсер еткенін айта кетейін. Кішкентайымнан әжем мені мейірімділікке, табандылыққа, имандылыққа тәрбиеледі. Оларға алғысым шексіз!
Үшіншіден, халқыма рахмет! Бұл – құр пафос сөз емес. Соңғы алты жыл ішінде қайырымдылықпен, еріктілік ісімен тұрақты шұғылданып келеміз. Біз атқарған игілікті істер Батыс Қазақстан облысының ішінде ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі. Қандай да бір мәселе көтеріп, мұқтаж жандарға акция жариялаған кезде халық жан-жақтан қаумалап, көмек қолын соза кетеді. Күні кеше ғана Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында бір отбасына, апамызға көмектестік. Ол үйде ауыз су болмаған еді. Осы жағдай жарияланған сәтте қайырымды жандардың бірі тұрба берді, бірі техникамен көмектесті. Сөйтіп, апайдың ауласынан құдық қазып бердік. Жиналған артық ақшаға қолжуғыш, азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді керек-жарағын алдық. Бір кәсіпкер ол үйдің кілемін тегін жуып берді.
Жақында, 22 ақпанда вайнах халқының депортациясы күніне орай Орал қаласында тұратын шешен халқының өкілдері 40 отбасына азық-түлік көмегін көрсетті. Біз облыстық мешітпен бірлесіп, аз қамтылған отбасыларына үлестірдік.
Айта кетейік, мұндай қайырымдылық істеріне мемлекеттік құрылымдар үнемі көмектеседі. Біздің жұмысымыз әрдайым көппен бітетін істер ғой. Қандай бастама болмасын, мемлекеттік құрылымдар, әкімдіктер үнемі жәрдем береді, алдымыздан шығады. Мысалы, жақында аз қамтылған бір отбасына су құбырын жеткізуге Батыс су арнасы мекемесі көмектесті. Мұндай мыңдаған мысалды айтып бере аламын.
Жетімді жылатпау, мұқтажға көмектесу – адамзат баласының барлығына ортақ асыл қасиет. Ізгі істер де, шынайы алғыс та жомарт жүректен шығады, жылы жүректен таралады. Өзгенің қасіретін өз жүрегінен өткізетін жандар айналамызда көп болсын! Қасиетті Қазақстанымыз, ортақ Отанымыз аман болсын!
Талғат ЧУДОБАЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық ҚХА еріктілер орталығының жетекшісі
Батыс Қазақстан облысы