Аймақтар • 02 Наурыз, 2022

Қызылордада азық-түлік неге қымбат?

675 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл өзі дүркін-дүркін көтеріліп жүрген ділгір мәселе еді. Әсіресе соңғы уақытта базарлар мен сауда орындары сөресіндегі азық-түліктің қай түрінің де құны көтеріліп, баға шіркін жалына қол тигізбей аспандап-ақ тұр. Көпшілік кешегі қаңтардан кейін газ бен жанар-жағармай бағасының тұрақталғаны базар нарқына да әсер етеді деп күткен. Бірақ үміт ақталмады, керісінше кейбір тауарлардың бағасы еселене түсті.

Қызылордада азық-түлік неге қымбат?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мамандардың айтуынша, мұның жал­ғыз себебі – облыста азық-түлік та­уар­ларын өндіретін кәсіпорындардың жоқтығы. Қазір әлеуметтік маңызы бар делініп жүрген 19 түрлі өнімнің барлығы дерлік сырттан келеді. Ал «кісідегінің кілті аспанда» болатыны қашаннан да бел­гілі емес пе?! Мысалы, жаңағы азық-түлік түрлері арасында жергілікті жерден өндірілетіні күріш пен тұз ғана. Ауыз­ды қу шөппен сүрткендей болмайық, іші­нара осы санаттағы тауарларды өндіріп жат­қан­дар бар. Бірақ шағын цехтарда, аз көлемде ғана шығарып жатқан олардың үлесі теңіз­ге тамған тамшыдай да болмайды.

Ішіп-жемімізді сырттан тасудың аза­бын осыдан 2 жыл бұрын, пандемия бас­талғанда тартып едік. Аймақтар арасын­да барыс-келіске тыйым салынған тұс­та жұрт алаңдап-ақ қалған. Аймақтар де­мекші, қазір Қызылорданы асырап отыр­ған көрші Түркістан облысы. Осы сала­дағы кәсіпкердің көбі алысқа бармай-ақ керегін сол жақтан тасып жатыр.

Баға тұрақтылығымен былтырға дейін «Алтын қамба» ЖШС айналысып келген. Серіктестік шығынға батып, жұмысын тоқтатқандықтан, бұл істі бүгінде «Бай­қоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жалғастырып отыр. Басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметовтің айтуынша, жыл басында қорды толтыруға облыс бюджетінен 800 млн, айналым схемасы үшін 500 млн теңге қаржы бөлінген. Арнайы құрылған комиссия шешімімен 9 ақпанда сәбіз, қарақұмық, өсімдік майы мен қырыққа­бат сатып алынды. Қорда былтырдан да қалған күріш, пияз, өсімдік майы мен сәбіз бар. Осының барлығы 36 әлеуметтік дүкен арқылы базар бағасынан 15 пайыз төмендетіп сатылады. Одан бөлек, арзан тауар ірі сауда үйлеріндегі 14 әлеуметтік бұрышқа қойылады.

– Нарықта күрт қымбаттап кеткен өнімді арзандатылған бағада сатып жа­тыр­мыз. Жақында осы әдіспен сауда сөре­леріне картоп, сәбіз, жуа мен қырыққа­бат шығардық. Ірі сауда үйлерінде қы­рыққабат бағасы 293 теңге, базарда картоп – 180-220 теңге аралығында. «Аль-Асад» сауда үйімен жасаған келісімшарт бойынша ондағы әлеуметтік бұрыштар­да картоп – 151, сәбіз – 80, қырыққабат 139 теңгеден сатылып жатыр, – дейді Жеңісбек Алпамысұлы.

«Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ға аудан әкім­дері әлеуметтік дүкен ашу жөнінде ұсы­ныс берген екен. Бірақ тауар облыс орта­лығынан тасылатындықтан ол тиімсіз бол­­ды. Сондықтан да аудандардағы 5 ірі сауда үйіне 20 млн теңгеден займ бе­ріл­ді. Осы арқылы олар арнайы орында әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік түрлерін арзандатып саудалайды.

Баға тұрақтылығына байланыс­ты өткен брифингте «Ел намысы» мони­торингтік тобының мүшесі Наталья Ми­шукова азық-түлік бағасы әлеуметтік дүкен­дерде ғана тұрақты болып отыр­ғанын атап өтті. Ал қалған сауда үйле­ріндегі тауар құнында 10-40 пайыз ара­лығында өсім байқалады. Мысалы, былтыр нан бағасы 60 теңге болса, биыл 85 теңгеге жетіп отыр. Қарақұмық құны 50 пайызға дейін өскен. Тіпті өзімізден шығатын күріш өткен жылы орта есеппен 248 теңгеден сатылса, биыл 300 теңгеге шыққан. Тұтынушылар бір жыл бұрын 180 теңгелік қырыққабатты енді 300 тең­геге алып жүр.

Әйтеуір, арзан ас жоқ. Өткен жылы тауық етінің килосы 710 теңге еді, биылғы баға – 870 теңге. Сүт, сүт өнімдері мен күнбағыс майы бағасы да былтырғыдан әлдеқайда қымбат. Сары майдың бағасына кемі 150 теңге қосылған. Басқасын былай қойғанда осы өңірден өндірілетін тұз бағасының өзі екі еседен астам өсіп кеткеніне кімді кінәлаймыз?

Сауда сөрелерін араласаңыз, шынымен де баға шіркіннің бетімен кеткені­не көзіңіз жетеді. Әсіресе сатып алушылары көп ірі сауда үйлері қойып отыр­ған құнның қисынсыз қымбаттығын біле тұра сатып алуға мәжбүрсіз. Олардың қасында елеусіздеу жерде орналасқан кей­бір шағын дүкендердің бағасы иманта­разылау болып тұр.

Әлеуметтік желіде де азық-түліктің күн сайын қымбаттап келе жатқанын жа­зып жатқандар көп. Әсіресе сүт және сүт өнімдері құны қырық құбылып тұр. Мысалы, Петропавлдан шығатын «Пет­ропавловское» сүтімен өзіміздің Қаза­лы­да өндірілетін «Дәмдінің» бағасы­ның бірдей болуын түсінбейді көбі. «Оу, қияндағы Қызылжармен салыстырғанда Қазалыңыз көлікпен тартқанда 3 сағаттық жол емес пе?» дейтіндер көп. Дәл осы мәселені тиісті орындардан сұрай қалсаң, біріне бірі сілтеп, бітпейтін бір шиырға салып жібереді.

Брифингте «Байқоңыр» ӘКК» АҚ өкілінен бізде шығарылмайтын азық-түлік өндірісін қолға алмаққа талап қыл­ған кәсіпкерлер жайын сұрадық. Басқарма төрағасының орынбасары ондай ниетті іскерлер табылып жатса, қолдау болатынын айтады. Одан бөлек, Түркістан облысындағы бір шаруашылықпен мамыр айының басында пісетін қырыққабаттан килосын 125 теңгеден 200 тонна алу келісілді. Өзіміздің Сырдария ауданында бақша егетіндерді қаржыландырып, күзде картоп алу жөнінде келісім жасалып жатыр.

«Ел намысы» мониторингтік тобының мүшесі Ләззат Бақтыбаеваның айтуынша, қаланың шет аудандарының өзінде әлеуметтік дүкендер тұрақты жұмыс істеп тұрған жоқ. Бір аптадан кейін есі­гіне құлып салынып, қайта ашылмаған дү­кендер де анықталған.

–  Сырттан 800 бас сиыр әкеліп, сүт өндірісін қолға алғысы келетін кәсіп­керлер бар. Бірақ тиісті орындар мал жая­тын жайылымның жоқтығын желеу етіп, олар­дың жобасын қаржыландырмай отыр. Неше жылдан бері айтылып келе жатса да, бұл салада жаңа өндіріс жоқтың қасы, – дейді топ мүшесі.

Бұған не айтуға болады? Жасыратыны жоқ, осыдан кейін «Қызылордаға ішіп-жемнің сырттан тасылып, алып­сатар­лардың қалтасын қампайтуға мүдделілер бар ма?» деген күдікті ой қылаң береді. Тағы бір ой «қой, бұл сол баяғы айта бере­тін етекбасты енжарлық шығар» де­генді айтады. Қайсысы болғанда да жақ­сы емес. Мына түрімен тұтынушыны титық­татқан баға туралы әңгімеміз әзір біте қоймайды-ау.

 

Қызылорда облысы