Қазақстан • 02 Наурыз, 2022

Әскери дайындық мәселесі сөз болды

724 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Азаматтық жоғары оқу орындарында әскери дайындық қалай жүргізіледі? Әскери кафедралардың даму бағыты мен болашағы қандай? Запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлауда мұндай орталықтардың маңыздылығы неде? Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осындай сұрақтар талқыға түсті.

Әскери дайындық мәселесі сөз болды

«Қазіргі кезеңдегі азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери дайындық» деп аталатын халықаралық жиынға университет ректоры Ерлан Сыдықов, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, запастағы генерал-лейтенант, Ұлттық қорғаныс университеті Бас штабы академиясы факультетінің басшысы Абай Тасболатов, «Застава тарландары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, запастағы генерал-майор Тұрсын Уажанов, «ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектеп» РМКМ бас директоры, запастағы генерал-лейтенант Болат Дәрбеков, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің басшысы, полковник Талғат Қалишев бастаған бір топ әскерилер және оқытушы құрам мен студенттер қатысты. Сондай-ақ конференцияда Ресей және Беларусь елдерінен онлайн режімде қосылған әскери сарапшылар сөз алып, әскери кафедралардың запастағы офицерлер тапшылығын толтырудағы рөлін атап өтті. Ғылыми-тәжіри­белік конференцияның басты мақсаты – әскери дайындықты дамытуға байланысты педаго­гикалық мәселелерді ашық тал­қыға салу, әскери кафедраларда қатардағы жауынгерлерді дайындау бағдарламасын түзу, оқу-әдістемелік жұмысын ұйым­дастыру, студент жастарды әскери ғылымға тарту, әскери маман­дық­тарды салаландыру, пайдалы ықпалдастық, нақты ұсыныстар дайындау. Басқосу барысында осы саладағы кәсіби мамандар ЖОО-дағы әскери дайындықты жетілдіру мәселелеріне қатысты пікірлерін ортаға салды.

Әскери кафедраның 20 жыл­ды­ғына арналған ғылыми конфе­ренцияның маңыздылығын атап өткен Е.Сыдықов бұл басқосудың Жаңа Қазақстанның дамуына өзіндік әсері боларын да алға тартты. «Бұл ретте кешегі қаңтар қасіретін де естен шығармауымыз қажет. Отаншылдық пен жауапкершіліктің бірлігі ел тұтастығына бастайды. Соңғы кезде қоғамда «ЖОО-да әскери кафедра қажет пе деген?» сұрақ жиі қойылып жүр. Мұндай сұрақтарға тұшымды жауап беру үшін ғылыми тұрғыдан талдау жасап, тәжірибеден тексерілген ұсыныстарды дайындауымыз қа­жет», деген университет басшысы еліміздің қауіпсіздігі, оның әскери әлеуетіне қатысты асығыс шешім қабылдауға болмайтынын да еске салып өтті.

ЕҰУ әскери кафедрасының басшысы, запастағы генерал-майор Еділ Оразов тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін құрудың ең қиын кезеңінде әскери кафедралардың қажеттілігі туралы түрлі пікірлерге қарамастан азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларды сақтап қала алғанын атап өтті. «Бүгінде әскери кафедралар жанындағы запастағы офицерлер мен сержанттар әскери даярлығын іс жүзінде дәлелдеп берді. Бұл құрам мемлекеттің жұмылдыру әлеуетін қалыптастырудың маңыз­ды көзі болып саналады. Эконо­микалық тұрғыдан алғанда да бұл ең қолайлы жол», деді генерал-майор.

Конференцияға қатысушылар іс-шара барысында азаматтық жоғары оқу орындарының студент­теріне әскери дайындық пәндерін оқыту әдістемесі және азаматтық жоғары оқу орындарында әскери даярлықты ұйымдастырудың заманауи үрдістері мен ерекшеліктері туралы пікір алмасты.