Қоғам • 02 Наурыз, 2022

Атаулы әлеуметтік көмек жаңа әдіспен тағайындалады

1664 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде заң бұзу фактілерін болдырмау үшін бүкіл процесс орталықтандырылған форматқа ауыстырылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атаулы әлеуметтік көмек жаңа әдіспен тағайындалады

Серік Шәпкеновтің мәліметі бойынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 198,4 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 7,4% жоғары.

«Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан 517,2 мың балаға кепілдік берілген әлеуметтік топтама берілді. Оның ішінде 259,4 мың мектеп жасына дейінгі бала, 257,8 мың мектеп жасындағы бала бар. Кепілдік берілген әлеуметтік топтама төлеуге 20,5 млрд теңге қарастырылған. АӘК алушылар санының өсуіне байланысты 2021 жылы министрлік қызметкерлері АӘК тағайындауға көшпелі мониторинг жүргізді. Оның қорытындысы бойынша жекелеген өңірлерде заң бұзу фактілер анықталды. Бұл көмек алушылардың өсуіне әкелді. Мысалы, Шымкентте 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар санының өсуі 28,5% болды», деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, мұндай фактілер қайталанбауы керек.

«Ол үшін биыл төлемдерді АӘК тетігінің ашықтығын қамтамасыз ететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы орталықтандыру жұмыстары басталды», деді министр.