14 Мамыр, 2010

ЭЛЕКТР ҚУАТЫ МЕН СУДЫ ҚАЛАЙ ҮНЕМДЕЙ АЛАМЫЗ?..

1298 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Осы сұрақтың төңірегінен жауап іздеген Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов облысқа жұмыс сапарымен келіп кетті. Тіпті, осы тақырыптағы туындаған мәселенің мәнісіне көз жеткізу үшін Екібастұздағы ГРЭС-1 электр стансасына да арнайы барды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жетілдіру, оның пайдалану шығындарын төмендету және қор үнемдеуші технологияларды  енгізу туралы мәселелер жайлы Елбасы Жолдауында айтылып, осыған сай тапсырмалар жүктелгені белгілі. Облыс тұрғындары электр қуатының тарифтері өскен сайын “мұржалары сорайған стансалар дәл қасымызда  бола тұра, тұтыну құны қымбаттай беретіні қа­лай?” дегенді таң­даныспен сұрап жата­ды. Ал, бұған жауап ретінде мо­нополия­ларды реттеу  агенттігінің  жер­гілікті жердегі маман­дары да қарап қалмайды, олар  “өнді­ру­шілердің де  жағдайымен сана­сыңыз­дар” дейді. Стансалардағы құрал-жабдықтардың ескір­ген­дерін, оларды жаңа заман техно­логиясына көшірудің қаншама қаражат керек ететін­дігін алға тартып келді. Жылу бағасының өсуі жөнінде сөз болғанда, биылғы қақаған қыстың алдағы жылдарға сабақ болары тағы  бар. Қайта, аязды қыстан қысылмай әйтеуір аман-есен шықтық. Стансалар ешбір апатқа қалмай қалыпты жұмыс істеді. Ал, қазақ айтқан­дай, судың да сұрауы бар деген сөзге де мән беретін уақыт келді. Үнемдеу, тұтыну бағасы, тұты­нушы, өндіруші, бағаны бақы­лау, жариялылық деген ұғымдар бір бүгін ғана аспаннан салбырап түсе қалған ұғымдар емес. Бұрын бәрі тегін секілді көрінгенімен біз оны тапшылық пен қымбатшы­лық келген кезде, монополист қо­жайындар билік жасай бастаған кезде ғана ұғынғандай болдық. Бұл күндері электр энергетикасы туралы заңға байла­нысты электр қуатын өндіретін стансалар ба­ғаны Үкімет белгілеген мөл­шерден асырмауы қажет делінеді. Яғни, электр қуатын өндіруші стансалар Үкімет бекіт­кен тарифтерге сай алдағы жеті жыл бойы бағаны үздіксіз көтеріп отыру құқығын  алды. Сөйтіп, елімізде ұзақ мерзімді тарифтік саясат жүзеге асырыла бастады. Әр кәсіпорын электр қуатына бағаны енді өздері тағайындауға құқылы.  Тарифтің жаңа түрлері өмірге енді. Мемлекет осы жаңа тәсілді ендіру арқылы  станса­ларды жабдықтау мен жаң­ғыртуды үстеме та­рифтерден түскен пайда арқылы инвестициялық жоба­ларға жұмсауға міндеттеп отыр. Алайда аталған кәсіпорындар бөлінген қаражатты қаншалықты тиімді, мақсатты жұмсауда?.. Ақша қайда кетіп жатыр?... Осыдан кеп түрлі сұрақтардың туын­дайтыны сөзсіз. Екібастұзда болған  агенттік басшысы Нұрлан Алдабергенов пен облыс әкімі Ба­қытжан Сағынтаев  жиын­ға қатыс­қан кәсіпорын басшылары­нан қарапайым халық үшін осын­дай  түсі­ніксіз сұрақтар  туын­дамас үшін ашықтық, жа­риялылық жолымен жұмыс жасауларын талап етті. Тариф бағалары биліктің бақы­лауында тұрғанын, қарапайым халық­тың  талап-тілегімен де санасу керек­тігін ескертті. Жалпы бекітілген шарт бойынша барлық стансалар 13 топқа жіктелді, осыған сәйкес әрқайсысының жеке тарифтері белгіленді. Бірінші топқа енген Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС-інің тарифтері өткен жылы-3,6 теңге кВт/сағ мөлшерінде болса, биыл оның көлемі 4,66 теңге кВт./ сағатты құрап отыр. Ал, үшінші топқа енген облыс орталығындағы  №2, №3 жылу электр стансалары үшін тарифтер сағатына 4,3 және 4,94 теңге болып бекітілді.  Кәсіп­орын­дардың инвестициялық жобала­рының ішінде  мысалы, “Павло­дар­энерго” АҚ өткен жылы 3,257 млрд. теңгеге инвес­тициялық келісім жасады. Ре­сейден құрал-жабдықтар, генера­тор алынады. Биыл Екібастұз ГРЭС-1 станса­сының №5-ші энергоблогында  қалдықты жылы­на 14 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік беретін электр сүзгісін орнату жоспар­лануда. Одан кейін қолданысқа №8 блок беріледі. Осы кезде стансаның электр энергиясын өндіру қуат­тылығы 500 Мвт-ға артады. Бұл жұмыс­тардың барлығы да шекті тарифтер жүйесі негізінде жүзеге асырылады. Агенттіктің жүргізіп отырған саясатының бірі энер­гияны үнемдеу, осы мақсатпен елімізде  электр энергиясына тәулік кезеңдері бойынша және тұты­нушылардың тұтыну шама­сына қарай белгіленген тарифтер енгізілген болатын. Диффе­рен­циалды тарифке көшу жайында  тағы да нақты ай­тыл­ды  Моно­полияға қарсы  агенттік жүр­гіз­ген мони­торинг нәтижесінде  тұр­ғын­дар осы тарифке көшудің  қа­жеттігін өздері айқындап беріпті. Жаңа диффе­ренциалды тарифтің  енгізілуіне орай еліміздің  ірі қалаларында былтыр 1 млрд. теңгеден астам қаржы үнемделген көріне­ді. Тиім­ді­лігі бар екені байқалды. Әлемдік  тәжіри­беде де бұл жүйені ірі орталықтарда  қолдану көзделеді. Ал, біздің облыс болса, алғашқы­лардың бірі болып, дифферен­циалды тариф­тің болуын қолдап, қолдануға көшті. Бұрын  барлық  тұтынушы бірдей деген түсінік болды. Қазіргі қолданысқа еніп отырған жаңа тарифтің ерекшелігі – пайдаланған энергияны жыл мезгіліне және тәулік мерзіміне байла­нысты есептейді. Яғни, жазда, қыста түнде және күндіз төлемақы әртүрлі болады. Ең арзаны түнде пайдаланатын қуат көзі. Бұл бір. Екіншіден, диф­ференциалды тарифті пайдалану барлық тұты­нушыларға бірдей міндетті емес. Ал, жоғарыдағы айтылған кәсіп­орындар үшін бұл – талап. Үшін-шіден, жаңа тариф қара­пайым адамдарға тиімді болуы мүмкін. Бұл үшін көп арналы есептегіш құ­ралдарын тұтынушы өз қаражатына орнатуы қажет. Сонымен диффе­ренциалды тариф дегеніміз Үкі­мет­тің энергия үнемдеуге бағы­т­та­ған шарала­рының бірі. Әдетте кеш­кілік уа­қытта бәріміз энергияны көп пайдаланамыз, ал, жаңа тариф бойынша кешқұрым пайдала­нылған қуат көзінің ақысы да жоғары. Одан кейінгісі – кәдімгі қара суды үнемдеу мәселесі. Су мамандары елімізде су қоры азаюда деп дабыл қағуда. Шүмектен ағып тұратын су бізде арзан тұрады, құны жоқ. Ағыл-тегіл пайдалана­тындар әлі де бар. Дегенмен де, біздер осыдан  бес-алты жыл бұрын барлық көр­шілер пәтерлерімізге есептегіш құралдар орнаттық. Тиімді ме, тиімді. Бір айда мысалы біз ыстық су мен суық суың бар   320 теңге төлейміз, кейде төмен, кейде жоғары бес-он тиын қосылып келеді. Су бағасы арзан дегеннен шығады.  Есептегіш құралдар тұрған соң, суды үнемдеуге, беталды пайдаланбауға үйрендік. Келген қонақтар да  “есептегіш құралдарың бар ма еді?” деп артық-ауыс пайдаланбауды ес­керіп жатады. Электр қуатын есептейтін мезгілдік және тәуліктік электронды есептегіштер орнаттық. Тиімді ме, тиімді. Бұл жаңалықтың мәнісін, қыр-сырын түсінбей жүрген  пәтер иелері әлі де аз емес. Жаңалыққа үрке қарайды. Бұрын бәрі де тып-тыныш еді ғой дейді. Есептегіш құралдарды өздері келіп неге орнатып бермейді деген ескі көзқарас басым. Агенттік төрағасы Нұрлан Алда­бергеновтің айтуынша, Еуропа елдерінде керісінше су бағасы қымбат, солардың тәжірибесіне сүйеніп, суға деген тарифті күрт өсіретін болсақ, сонда ғана, халық түсініп, үнемшілдікке барады. Ал, екіншісі,  тұтыну мөлшеріне  қа­рай сараланған тариф енгізу болып табылады. Біз осы екінші тә­сілді  таңдап отырмыз. Жа­қында бұл әдіске де дайындық жұмыстары  басталады. Ал, жыл соңына қарай табиғи монополияларды реттеу саласы бойынша заңнама талаптарына  енгізілген өзгерістерге сай еліміз­дегі барлық табиғи монополия субьектілері инвестициялық тарифке көш­пекші. Бұл электр  қуатын тұтыну­шылар үшін тарифтің тұрақтылығын сақтап қалуға, активтерді дер кезінде модерни­за­циялауға, инвес­тиция­лар тартудың есе­бінен қызметтің сапасын арттыруға  жол аша­ды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.